Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

20°C

, Сәрсенбі, 11 маусым, 02:37

Өрт салғырттықты кешірмейді

10.06.2025

19

0

Жаз – өрт қаупінің күшейетін мезгілі. Өрт әсіресе ормандар мен дала алқаптарында жиі болады. Мұның себебі негізінен азаматтардың жаз мезгілінде тілсіз жаудан келетін қауіпті елемей, немқұрайлы қарауынан болуда. Айтуға қиын, апта басында тілсіз жау елімізге үлген қайғы әкелді. Батыс Қазақстан облысы Сырым ауданында жеке үй өртеніп, бес бала қайтыс болды. Оқиға түстен кейін сағат үштерде Жымпиты ауылында болған. Жер үйдің 30 шаршы метр ауданында өрт шығып, жиһаз бен тұрмыстық бұйымдар өртенген. Құтқарушылар 5 минут ішінде жетіп, үйден ес-түссіз жатқан бес баланы алып шықты. Шыны керек, елде соңғы жылдары азаматтардың өрт қауіпсіздігін сақтамауының салдарынан қайғылы оқиғалар жиі орын алуда.

Жылу маусымында 4041 өрт тіркелген

Азаматтар тұрмыстық газды пай­да­лануда қауіпсіздік ережелеріне салғырттық танытып жатады. Сал­дарынан газдан улану, ескі пештің ақауынан өрттің пайда болуы секілді жайттар орын алуда. Жалпы өрттің 45 пайызы тұрғын үйлерде, 41,5 пайызы шаруашылық құрылыстарда, 13 пайызы көппәтерлі үйлерде бол­ған. Негізгі себептері – электр құ­рылғыларын және пешті жылытуды пай­далану кезіндегі бұзушылықтар, отты абайсыз пайдалану, өртеу, мас күйінде темекі шегу және балалардың отпен ойнауы.
ТЖМ деректері бойынша 2024-2025 жылдардағы жылу маусымы кезінде 4041 өрт тіркелген. Осы орай­да министрлік тарапынан әлемнің не­ғұрлым дамыған елдерінде өрт қауіп­сіздігін қамтамасыз етудің халық­­аралық тәжірибесін зер­делеп, әлемдік өрт статистикасы тал­данған. Ғы­лыми зерттеулер көрсет­кендей, өрт бас­тал­ғаннан 5-6 минуттан кейін адам өлімі орын алады. Егер Қа­зақ­стан Рес­публикасында адам өлімі әр­­бір 36-өртте тіркелсе, АҚШ-та бұл көр­­сеткіш 10 есе аз – 360 өртте 1 адам өлімі, Ұлыбританияда 14 есе, Фран­цияда 27 есе аз.
Жүйелі жұмыстардың нәтижесіне өртті ерте анықтауға, адамдарды құ­лақ­тандыруға және тиісінше олардың қауіпті аймақтардан уақы­тылы шы­ға­рылуына арналған халықты «пас­сивті» қорғау жүйелерін енгізген. Қан­ша қабатты екеніне қара­мастан бар­­лық көппәтерлі тұрғын үйлерді өрт автоматикасымен жабдықтаудың мін­деттілігі, жылу және түтін ха­бар­лағыштарын қолдану орындарын бел­­­гілеу, сондай-ақ барлық газ­дан­ды­рылған үй-жайларды газ талда­ғыш­тармен жарақтандыру тұрғысынан сәу­лет және қала құрылысы сала­сындағы норма­тивтерге тиісті толық­тырулар әзір­­ленді. Былтыр аталған өзгерістер Құры­лыс және ТКШ істері комитетінің бұйрық­та­рымен бекітілген.

Тілсіз жау 187 адамның өмірін алды

Елде барлығы 400-ге жуық өрт сөндіру бекеті жыл бойы жұмыс істейді. Министрлік жергілікті атқарушы ор­гандарға бекеттер желісін кеңейту үшін 185 өрт сөндіру техникасын беруге дайын. Күн сайын ТЖМ бө­лімшелері 100-ден 150-ге дейін әр түрлі сипаттағы төтенше жағдайларды жоюға, оның басым бөлігі өрттерді сөндіруге шығады. Абырой болғанда өрт сөндірушілердің көмегімен 416 адам құтқарылған. 187 адам қайтыс болды, 162 адамды әртүрлі дәрежедегі күйік шалып, уланды.
Осы ретте алдын алудың басым бағыттарының бірі жеке тұрғын үйлерді иісті газ датчиктерімен жарақтандыру болып табылады. Нақтырақ тоқталсақ, халықтың әлеуметтік осал топтарының үйлерінде 36 мыңнан астам датчик орнатылған. Бұл жұмыстың тікелей нәтижесінде 66 датчик іске қосылып, 281 адам аман қалған. Оның ішінде өткен жылу маусымы кезінде 13 датчик іске қосылып, 36 адам құтқарылды.

900-ден астам азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды

Өрттің басты себебінің бірі адам­дардың немқұрайлы қарауынан туын­дап жатады. Нақтырақ айтқанда, қоқыстарды өртеу кезінде бақылаусыз қалдыруынан, ақаулы тұрмыстық электр жабдықтарын қолдануынан, автокөліктерге уақытылы күтім жаса­мауынан, тұрмыстық газ қондыр­ғыларының және газ баллондардың ақауынан, балалардың отпен ойнауы себептерінен пайда болуда. Осы себепті жауапты мамандар халық ара­сында күнделікті профилактикалық шаралар мен әртүрлі акциялар, рейд­тер мен түсіндірме жұмыстарын жүр­гізуде. Одан бөлек өрттің алдын алу және жою алгоритмдері мен іс-қи­мыл жоспарлары бойынша жұмыстар атқарылуда. Мәселен, мобильді топ­тардың күнделікті рейдтерінің нәтиже­сінде өрт қауіпсіздігі ережелерін бұз­ғаны үшін 900-ден астам аза­мат құқық бұзушылық әкімшілік жауап­кершілікке тартылды.
Иә, өрт кезінде балалардың өлімі, көбінесе олардың қараусыз қалуына байланысты ерекше алаңдаушылық туды­рады. Жауапты мамандар ата-аналарды мұқият болуға және тұр­мыстық өрттің алдын алуға қатысуға шақырады. Мамандар газбен жылы­тылатын үйлердің иелерін қоса ал­ғанда, халықпен жүйелі түрде түсін­діру жұмыстарын үздіксіз жүргізуде. Алайда тілсіз жаудың алдын алуда жауапкершілікті әрбір азамат өзіне артқан дұрыс. Әрине, жауапты маман­ның кеңестерін тыңдап, орындау да маңызды. Жалпы тұрғын үйді тек­серу және ұсыныстар беру тұрғын үй иелерінің келісімімен ғана жүзеге асы­рылады. Сондай-ақ азаматтарға жылу жабдықтарын дайындау және өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету мә­селелері бойынша ТЖМ аумақтық бөлімшелеріне жүгінуге болады.

35 тұлғаға 1 553 410 теңге айыппұл салынған

Азаматтарға тұрмыста өрт қауіп­сіздігі талаптарын жеткізудің ең қол­жетімді тәсілі кең ауқымды үгіт-түсіндіру жұмыстарын жүргізу болып қала бермек. Мәселен, өрттің алдын алу мақсатында «Әр үйге қауіпсіздік!», «Улы газдан сақтан», «Қауіпсіз жаз» секілді тақырыптық шаралар жүзеге асады.
Жыл басынан бері аймақта мобильді топтармен 134 рет рейдтік шара жүргізілген. Шара барысында әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 336, 367, 410-баптарына сәйкес 35 тұл­ғаға 1 553 410 теңге айыппұл салынған.
Қазақстан Республикасының Әкім­шілік құқық бұзушылық туралы Ко­дексінің бабына сәйкес өнеркәсіптік және тұрмыстық қалдықтарды жи­нап қою қағидаларын бұзған тұлғалар заң алдында жауапты болады. Қалдық­тарды жағу арқылы атмос­фералық ауаны, қоршаған ортаны ластағанда және өрт қауіпсіздігі жөніндегі талап­тарды сақтамағанда ескерту жасалады немесе 120 айлық есептiк көрсеткiш мөл­ше­рiнде айыппұл салынады.
От жағудың өз ережелері бар. Егер оны сақтамаған жағдайда демалыс азапқа айналуы әбден мүмкін. Отты 0,5 метрден кем емес минералдық жолақпен қорғалған орында жағу керек. Ол қылқанжапырақты ағаштардан, ағаш бұтақтарынан, құрғақ шөптерден қашық болу керек.
Сондай-ақ демалған орыннан қай­­тар кезде отты міндетті түрде сөн­діріп кету қажет. Егер жақын жерде су болмаса, оны топырақпен көму қажет. От шоқтары әбден сөніп бол­ғанша оның қасынан кетпей, қада­ға­лаған жөн. Орман немесе далалық аумақтар күн сәулесі түсетін ашық алаң­дарға тасталған шыны бөтелке­сінен немесе соның сынығынан да тұ­тануы мүмкін. Өйткені ондай зат­тарға түскен сәуле шоғырланып, тұтан­ды­рушы линза сынды әсер ете алады. Сондықтан банкалар мен шөлмектерді серуендеушілер өздерімен бірге алып кетуі немесе жердің астына көміп кетуі керек.

3 адам қаза тапқан

Статистикаға сүйенсек, облыста 200 өрт оқиғасы тіркелсе, салдарынан 3 адам қаза тапқан. Ал 9 адам жарақат алды. Өрттің басым бөлігі тұрғын үй секторында (118 өрт), автокөлікте (47), нысандарда (19), орман қоры аумағында (10) тіркелген.
Мұнан бөлек орман қорында 251,12 гектарды құрайтын 10 өрт оқиғасы орын алған. Орман алқаптарында барлығы 10 428 шақырымға минералды жо­лақтарын жүргізу жоспарланған, қазіргі таңда 7 625 шақырымына төселді.

11 өрт уақытылы ауыздықталған

Аудандық төтенше жағдайлар бөлі­мінің мәліметінше, жыл басынан бері ауданда 11 өрт оқиғасы тіркелген. Абырой болғанда тілсіз жау уақытылы ауыздықталған.
Өрттің алдын алу, адам­дардың қаза болуын және жарақат алу қауіп-қатерін азайту мақсатында аудандық төтенше жағдайлар бөлімі, аудандық №11 өрт сөндіру бөлімі, ау­дандық полиция қызметкерлері, ерік­тілер және жергілікті атқарушы орган­дар­мен бірлесіп, халық арасында тұр­мыс­тағы электр және жылыту қон­дыр­ғыларын, жылыту пештерін қол­дану, балаларды қараусыз қалдырмау, пеш мұржаларын тазарту, қоражайды тазартқанда қадағалаусыз қоқысты өртемеу жөнінде үнпарақтар тара­тып, үгіттеу-түсіндіру жұмыстары жүр­гізілуде. Жалпы жыл басынан бері орман шаруашылығы ау­мағындағы өрттердің алдын алу және шұғыл ден қою мақсатында бірнеше рет өрт-тактикалық оқу-жаттығуы өткізілген. Жылу беру маусымы қарсаңында үгіт-насихат жұмыстары кезінде 9 141 тұр­ғынға түсіндірме жұмыстары жүр­гізіліп, 2500 жадынама таратылған.
Сондай-ақ аудандық «Жалағаш жаршысы» га­зетіне өрт қауіп­сіздігі бо­йынша мақалалар жарияланған. Об­лыстық ТЖД-ның әлеуметтік же­лісіне және ау­данның «Facebook», «Instagram» па­рақ­шаларында ескертулер жарық көр­ген.
Тұрғын үйлердегі өрт және көмір­қышқыл газынан улану жағ­дай­ла­ры­ның алдын алу мақсатында ау­дан әкімдігіне ұсыныс беріліп, 160 кө­мір­қышқыл газын анықтайтын дат­чик алынып, 116 әлеуметтік тұрмысы төмен отбасына орнатылған. Мұ­нан бөлек ауданда 707, оның ішінде кентте 163 өрт гид­ранты орналасқан. Барлығы жа­рамды және сала мамандарының то­лық бақылауында.
Аудан көлемінде мемлекеттік ор­ман қоры 769 482 гектарды құ­райды. Жалпы аудандық орман және жа­нуарлар дү­ниесін қорғау жөніндегі мем­лекеттік мекемесі 2023 жылы 660 шақырым ескі минералды жолақтарды толық жаңартқан. Сондай-ақ аудандық орман және жануарлар дүниесін қор­ғау мемлекеттік мекемесіне 1 АЦ-5-40 Урал маркалы өрт сөн­діру автокөлігі алынған. Орман қоры аумағында жер­гілікті атқарушы орган­дар мен ау­дан­дық полиция бөлімінің учаске­лік ин­с­пекторлары бірлесіп, күн­делікті рейдтік іс-шаралар жүргізуде. Соны­мен қа­тар Қаракеткен, Бұқарбай батыр ауылдық округінде өрт сөндіру бекеттері бар.
– Соңғы уақытта әлемде ор­ман өрті өршіп тұр. Сол себепті өрт қаупі бар аумақтарды қатаң бақылауға алып, қураған ағаштар мен был­тырғы шөп­терді, тағы басқа осы секілді дүниелерді жою қажет екенін еске саламыз. Соны­мен қатар біз орман шаруашылығы маман­дарымен де белсенді түрде бірге жұмыс істейміз. Жазда егіс алқаптарында өрт қаупі төніп жа­тады. Мұндай күтпеген жағдайларды алдын ала болжап, дер кезінде ауыздықтап, тез арада жоюы­мыз керек. Қорыта айтқанда, біздің жұмысымыз жылдың төрт мезгілінде де қызу қайнап жатады. Біз аудандағы барлық әлеу­меттік маңызы бар нысандармен, оның ішінде білім беру, медициналық, балабақша, халыққа қызмет көрсету ме­ке­ме­лерімен тығыз байланыста бола­мыз. Бұл мә­селе аталған мекемелерді тексеру ке­зінде талқыланады. Өрт ке­зінде түрлі қызметкерлер өзін қалай ұстауы керек, яғни жұмысты тоқтату, өздерінің қауіп­сіздігін қам­тамасыз ету және шұғыл түрде іс-әрекеттерді орын­дау, мұның бәрі жат­тығулар ке­зінде алдын ала пы­сықталады. Білім беру орын­да­рына келсек, балабақшалар мен мек­теп­ мұға­лімдеріне және балаларға қауіп төнген жағдайда қалай әрекет ету керектігі нұсқауда көрсетілген. Жаз­да апаттық баспалдақты қалай пайдалану және түтін болған кезде балаларды кө­шеге шығару сынды жұ­мыстарды көрсетеміз. Біз кли­мат­ты ескере отырып, қыста ба­лалар қалай эвакуацияланатынын да зерделейміз. Осының барлығын тө­тенше жағдайлар кезінде алдын ала үйретеміз, ол үшін жылдың кез келген мезгіліне қарамастан қыз­меткерлермен кездесулер, тәжі­ри­­белік жаттығулар ұйым­­дасты­рылады. Сондықтан қызмет­керлерді үй-жайдан шұғыл эвакуациялау үшін әрқашан үйретіп отыру керек, – дейді аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы Еркін Назарқұлов.
Түйін: Тек жа­уапты мамандар ғана емес, әрбір аза­мат сақтық ша­раларын күшейтіп, өрт, иістен уланудың алдын алу ережелерін қатаң сақтағаны жөн. Жаман айтпай, жақсы жоқ, әйтпесе айдың-күннің аманында «әттеген-ай!» деп қапы қалуымыз әбден мүмкін. Сон­дықтан тиісті мамандардың кеңе­сіне салғырт қарамау керек. Қауіп­сіз­дік қа­перде болсын.

Ж.АРЫН

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: