Бала қуанса, әлем қуанады. Олардың қуаныштан бал-бұл жанған жүздерін көру үшін қандай еңбектің де артықтығы жоқ. Өйткені бала бауыр етің, жүрегіңнің бөлшегі, көңілдің нұры, көздің қуанышы, өміріңнің жалғасы деп білетін қазақпыз. Жүзі басқа жүрегі бір, мынау дүниені тек жақсылықтан тұратын кішкене жүрек көзімен көретін бүлдіршіндер өмірдің мәні. Осы жаннан артық, балдан тәтті перзентімізді салиқалы ұрпақ етіп тәрбиелеу ата-ананың міндеті.
Биыл – балалар жылы. Жыл аяғына таяды, жыл басынан бері қанша жүйелі жұмыс жасалды бұл тұрғыда. Бала – бәріміз үшін өмірімізді жалғайтын ұрпағымыз, тіпті елдің даму көшін бастайтын ертеңгі текті тұлғаларымыз. Осы бүгінгі буын халықтың тектілігінен ажырап қалмауында қазіргі қоғамның сіңіретін еңбегі зор. «Балалар жылы» басталғалы жас өрендерге қуаныш сыйлайтын жарқын жобалар мен игі шаралар көптеп қолға алынуда. Соның ізімен жуырда ғана ауданға қарасты екі елді мекенде жаңа ойын алаңдары ашылып, балалардың қуанышын еселеді.
Жалпы биыл «Балалар жылы» аясында өңірде 5 спорт ойын алаңы пайдалануға берілді. Ал жуырда аудан әкімінің орынбасары Жасұлан Еспенбеттің қатысуымен Бұқарбай батыр, Аламесек ауылдық округтерінде жаңадан бой көтерген спорт ойын алаңдарының ашылу салтанаты өтті. Қуанышты сәтте қосауылдық ағайынмен бірге болған аудан әкімінің орынбасары Жасұлан Ерданұлы ыстық лебізін де аямады.
– Сыр елінде ұлттық мереке Республика күні қарсаңында «Балалар жылына» тарту ретінде облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың бастамасымен қала, аудандарда демеушілердің қолдауымен құны 1,6 млрд теңгені құрайтын бір мезетте 80 спорт ойын алаңы ел игілігіне берілуде. Соның ішінде Жалағаш ауданы бойынша биыл құны 58 млн теңгеден асатын 7 ойын алаңын салу жоспарланды. Бүгінде 5 ойын алаңының құрылыс жұмыстары аяқталып, ұлттық мереке қарсаңында аудан тұрғындарына пайдалануға беріліп отыр, – деген Ж.Еспенбет ашылған ойын алаңдарының жас ұрпақ үшін пайдасы мол екенін де ерекше атап өтті.
Иә, бұл шағын спорт алаңдары балалардың бос уақытын тиімді өткізіп, тұрғындардың салауатты өмір салтын ұстанып, спортпен шұғылдануына мол мүмкіндік береді. Балалар жылына орай пайдалануға берілген нысандардың ашылу салтанатында тұрғындар да игілікті іске қолдау көрсетіп, себепкер болған азаматтарға алғысын білдірді. Ал біз осы жерден болашақ спортшылар мен ел абыройын асқақтататын дарабоздар шығатынына сенеміз.
Айта кетейік, бүгінде ақсап тұрған тәрбиенің бір өзекті тұсы осы – балалардың кітап оқуға деген қызығушылығының төмендігі екенін айтуға болады. Оның да себебін тағы заманға әкеп телиміз ғой. Бірақ шындығы сол, айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызатын сымсыз құрылғы пайда болғалы рухани азық беретін алтын кен – кітап бетін парақтайтын жастардың қатары сиреді. Кітапханаларға барып, ізденіп, оны парақтап, сан тарауын талдағаннан, көз майын тауысып оқып шыққаннан гөрі қолындағы смартфоннан лезде оқи салғанды оңайырақ көреді. Кітап оқығаннан көз майын тауысамыз дейтін сол жасөспірімдер қалта телефоннан бөлінетін сәулелерден көз жанары солып қана қоймай, адам ағзасының басқа да мүшелері зақымданып жатқанын сезбейді. Смартфон тек көз жанарын ғана алмайды, ол мидың жұмысын да кешеуілдететіні дәлелденген. Өйткені смартфонда бәрі көз алдыңда тұрғандықтан, ми ойлау, қорыту сынды функцияларын атқармайды. Мұнан кейін мидың осы қабілеттері біртіндеп жұмысын тоқтатып, дамуы кешеуілдей бастайды. Бала шаршаңқы, агрессивті, тұйық бола бастайды.
Жалпы баланың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру үшін өте жоғары деңгейде жұмыс істемесеңіз, нәтижеге жету қиынырақ. Балаға ұрысып, телефонын тартып алып, кітапханаға кіргізіп жібергеннен түк шықпайды. Бала өз еркімен ізденетіндей тәсілдерді қолдану қажет. Мектептегі жаңаша әдіс-тәсілдер, ойындар, интеллектуалды сайыстар сабақ оқуға деген ынтаны оятады, баланы жігерлендіреді. Шытырман оқиғаға толы немесе оқиғасы қызықты кітаптарды толықтай оқып, сыныпта талдаудың да берері көп. Ең бастысы бала оқуы керек деп қолына кез келген кітапты бере салмау керек. Оқыған кітабын бірге отырып талдау, не түсінгенін сұрап бөлісу де оң нәтижеге жеткізеді.
Ал балалар игілігі үшін ашылған ойын алаңдарының жөні бір бөлек. Үйде телефонға үңіліп бұйығы өскен баладан, таза ауада емін-еркін ойнап өскен баланың артықшылығы көп. Сондықтан да балалар жылындағы бүлдіршіндерге жасалған тартудың барлық жағынан тиімді деп есептейміз. Бастысы балалар қуанышты, ата-ананың көңілі тоқ.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!