Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

-5°C

, Сенбі, 21 желтоқсан, 20:57

Пиротехника: қауіпсіздік ережелерін ескеріңіз

19.12.2024

146

0

Жаңа жыл десе, көпшіліктің көз алдына түрлі-түсті жарқылдаған салют пен фейерверктер елестейді. Алайда, пиротехниканы дұрыс қолданбау салдарынан туындайтын қауіп-қатерді де қаперден шығармауымыз қажет. Осыған орай Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында тиісті сала мамандары тұрғындарға пиротехникалық бұйымдарды пайдалану кезінде сақталуы тиіс қауіпсіздік ережелерін түсіндірді.

– Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері жыл сайын жаңа жыл мерекесі қарсаңында адам өмірі мен денсаулығын, мүлікті және қоршаған ортаны өрттен, әртүрлі төтенше жағдайлардан қорғау бойынша іс-шаралар атқарады. Соның бірі мереке қарсаңында пиротехникалық бұйымдарды қолдану кезіндегі өрт оқиғаларын болдырмау және жарақат алу жағдайларының алдын алу. Қазіргі таңда облыс бойынша жаңа жылдық мерекелік іс-шаралар өтетін 523 объектінің тізімі нақтыланды. Департамент қызметкерлері барлық іс-шара өтетін орындардың өрт қауіпсіздігі жағдайына тексеру жүргізіп, нәтижесінде 119 өрт қауіпсіздігінің бұзушылығы анықталып, жою үшін нұсқама берілді. Қажеттілігіне қарай кей объектілерде кезекшілік жұмыстары ұйымдастырылады. Одан бөлек, облыс бойынша жаңа жылдық кештер ұйымдастырылуы мүмкін кафелер мен мейрамханалар тізімі жасалып, кәсіпкерлерге өрт қауіпсіздігін сақтау бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізілуде. Тағы бір айта кететін жайт, пиротехникалық бұйымдарды қолдану барысында нұсқаулықты мұқият оқып, фитильді қол созым арақашықтықта тұтандырып, қауіпті аймақтан кемінде 20 метр қашықтықта орналасу қажет. Сонымен қатар, тұтандырылған пиротехникалық бұйымдарды қолда ұстауға, оларды бөлме ішінде пайдалануға қатаң тыйым салынады,- деді обылстық ТЖД мемлекеттік өрт бақылау басқармасының басшысы Асхат Оразбеков.

 Елімізде 5 желтоқсан мен 3 қаңтар аралығында «Пиротехника» жедел профилактикалық іс-шарасы өткізілуде. 

– Шараның басты мақсаты – заңды және жеке тұлғалардың пиротехникалық өнімдерді сақтау, сатып алу және тасымалдау тәртібінің сақталуын тексеру. Сондай-ақ, сертификатталмаған өнімді жеткізушілер мен осы өнімдердің салдарынан болатын төтенше жағдайлардың алдын алу да дәл осы профилактика кезінде анықталады. Осы іс-шара барысында облыс көлеміндегі базарлар мен ірі сауда орталықтарында облыстық полиция департаментінің Әкімшілік полиция басқармасы мен ТЖД қызметкерлерімен бірге рейд жұмыстары жүруде. Іс-шара барысында барлығы 12 әкімшілік құқық бұзушылық анықталып, 254 дана пиротехникалық бұйым тәркіленді. Бұл бағыттағы жұмыстар өз жалғасын табатын болады,-деді облыстық Полиция департаментінің Әкімшілік полиция басқармасы бастығының орынбасары Нұркен Бақтияров.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: