Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу бағытын одан әрі жетілдіру үшін Қызылорда облыстық полиция департаментінің жанынан Отбасына көмек көрсетудің бірыңғай орталығы ашылды.
Аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаевтың қолдауымен жергілікті бюджеттен қаржы бөлініп, жұмысын бастаған орталықтың салтанатты ашылу рәсіміне облыс әкімінің бірінші орынбасары Данияр Жаналинов қатысты.
«Облыстық полиция департаментінің жанынан Отбасына көмек көрсетудің бірыңғай орталығын ашып отырмыз. Бұған дейін де өңіріміздің барлық ауданында, Қызылорда, Байқоңыр қалаларында отбасын қолдау, отбасылық жанжалдарды шешу және балалы әйелдерге уақытша баспана ұсынуға арналған «Отбасы орталықтары» ашылып, қызмет көрсетуде. Қала және аудан әкімдіктерінің үйлестіруімен, білім беру, денсаулық сақтау, ішкі істер органдарының қатысумен қиын жағдайға ұшыраған адамдарды (отбасыларды) ерте анықтау және оларға қолдау көрсету жөніндегі мобильдік топтар жұмысы жолға қойылған.
Орталық қызметкерлері осы жылдың 1-тоқсанында 1257 азаматқа түрлі бағытта қолдау көрсетті. Алдағы уақытта да нәтижелі іс атқарылады деп сенім білдіреміз. Жаңа орталық жұмысына сәттілік тілейміз. Бұл отбасы игілігіне бағытталған маңызды қадам екені сөзсіз»,– деді Д.Жаналинов.
Айта кетейік, орталықта тергеу, ювеналды полиция, әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобы, сот орындаушылар, заң көмегін көрсетушілер, психолог, теолог, волонтер, медиатор және әлеуметтік қызметкерлерге арналған кабинеттер бар, қажетті құрал-жабдықтармен қамтылған.
Мақсаты – тұрмыстық құқық бұзушылықтар мен қылмысты азайту, отбасын сақтап қалу үшін психологиялық, әлеуметтік, құқықтық тұрғыдан тегін әрі кешенді көмек көрсету. Әйелдер мен балаларға қарсы жасалатын ауыр қылмысты болдырмау, жәбірленушілердің полицияға деген сенімін арттыру. Сонымен қатар, кез келген құқық бұзушылыққа заң аясында баға берілетінін, полиция қорғауға әрқашанда дайын екенін түсіндіру, халыққа жеткізу.
Орталықта алимент өндіруде, дінаралық қарама-қайшылықтардың шешімін табуда ұйымдастырушылық шаралар да атқарылады.
Фото: Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!