Күн сайын өзімізге есеп бермесек те, жыл соңында 365 күннің есебін бір-ақ беретін уақыт келеді. Жыл қалай өтті? Несімен есте қалды? Қандай жетістіктерге жеттік? Осындай сұрақтарға жауап іздейміз. Оқушылар да дәл солай, үздік оқып, мектептің белсенді өміріне араласып, білім, спорт, өнерде жетістікке жеткен оқушылар жыл соңында алғысқа бөленіп, ынталандырылады. Балалардың жыл сайын асыға күтетін мерекелерінің бірі – Жаңа жыл. Өйткені Жаңа жылда ойыншықтармен безендірілген шырша, ертегі кейіпкерлері, Аяз ата мен Ақшақар оқушыларға тамаша көңіл-күй сыйлап, армандарына жан бітіріп, түрлі сыйлықтар үлестіреді.
Осы орайда жаңа жыл қарсаңында мерекені асыға күтетін оқушыларға арналған Президент шыршасын ұйымдастыру дәстүрге айналған. Жексенбіде өткен «Қош келдің, Жаңа жыл» атты Президент шыршасына аудандардан 200 бала шақырылды. Мерекелік іс-шарада облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Мемлекет басшысының бүлдіршіндерге арналған жаңажылдық құттықтауын жеткізді.
– Бүгін республикамыздың барлық аймағында Президент шыршасы өтуде. Мемлекет басшысы өз сөзінде «Мен өскелең ұрпақтың болашағына баса мән беремін. Жастарға зор үміт артамын. Олардың арасында көзі ашық, көкірегі ояу, ойы ұшқыр азаматтар аз емес. Жастарымыз атқарылып жатқан ауқымды жұмыстың, реформалардың игілігін міндетті түрде көреді. Біз өскелең ұрпаққа жол ашу үшін барлық жағдай жасауымыз керек. 31 жыл бұрын бастау алған ҚР Президентінің шыршасына осы уақытқа дейін біздің өңірден 4 мыңға жуық бала қатысты. Еліміздің басты шырша тойын мерекелеу үшін сіздер де облысымыздың әр ауылынан келдіңіздер. Бұл салтанатты шара – Президентіміздің өздеріңдей өскелең ұрпаққа көрсеткен құрметі, – деді аймақ басшысы.
Шыршаға келген аймағымыздың оқушылары өнерге бай, жан-жақты екен. Оқушылар әртүрлі қызықты ойын ойнап, ән шырқады, театрландырылған қойылым тамашалады және естелік сыйлық алды. Сондай-ақ қонақтарға арнайы фотосессия ұйымдастырылды.
Айта кетейік, ауданнан Президент шыршасына 9-13 жас аралығындағы 9 оқушы барып, мерекелік концертті көріп қайтты. Әрине мерекелік шыршаға бару оңай емес. Жыл бойы үздік оқыған, тәрбиесі оңды, сондай-ақ көпбалалы отбасында тәрбиеленетін, қорғаншылық және қамқоршылықтағы балалар жолдама алған.
– Президент шыршасы қызықты өтіп жатыр, қатысқаныма қуаныштымын. 1 күнде көптеген дос таптым. Барлығы да өнерлі екен. Осындай мүмкіндік беріп, білім үйреткен мұғалімдеріме алғыс айтамын.
Шырша, шырша,
Шамдарыңды жарқырат.
Би билейміз, айнала,
Балаларды таңырқат.
Тілеймін мен бар әлемге,
Дос көп болсын, Жаңа жыл.
Ата-әже, әке-шеше,
Құтты болсын, Жаңа жыл, – деп аудандағы Әл-Фараби атындағы №201 мектеп-лицейінің 6 сынып оқушысы Ербатыр Мергенбайұлы мерекелік өлеңімен көңіл-күйін жеткізді.
Облыста 280 мыңға жуық бала бар. Олар 680 балабақша және 325 мектепте білім мен тәрбие алады. Оқушылардың мектепке қатынауына жақын, ыңғайлы болу үшін биыл қаладағы 4 мектеп жанынан қосымша ғимараттар салынды, 2 жаңа мектеп іске қосылды. Ел Президентінің бастамасымен қолға алынған «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында облыста 21 мектеп салынады.
Дарынды балалардың талабын шыңдауға баса мән беріліп келеді. Биыл Қызылорда қаласы мен Қармақшы ауданында мамандандырылған мектеп-лицей, интернаттар жұмысын бастады. Сол жағалаудан 300 орындық жатақханасы бар 400 орындық физика-математика мектеп-интернатының құрылысы жүргізілуде. «ҚазГерМұнай» компаниясының демеушілігімен 350 орындық заманауи үлгідегі Оқушылар сарайының іргетасы қаланды. Алдағы жылы Жаңақорған және Шиелі аудандарында 200 орындық Оқушылар үйі мен 50 орындық Өнер мектебінің құрылысы басталады.
Соңғы екі жылда үздік нәтиже көрсеткен оқушыларды олимпиадалар мен ғылыми жобаларға дайындау мақсатында «Сыр дарыны» оқу-жаттығу жиыны ұйымдастырылуда. Лагерьде облыстың 1000-ға жуық дарынды оқушысы кәсіби мамандардың көмегімен білімін жетілдірді.
Биыл 102 сырбойылық өрен халықаралық, республикалық дәрежедегі ғылыми жобалар мен олимпиадалардың жеңімпазы атанды. Облыстың пәндік олимпиадалық командасы жаратылыстану-математика бағыты бойынша командалық есепте республикада ІІ орынды, қоғамдық-гуманитарлық бағытта ІІІ орынды иеленді.
Балаларды әлеуметтік қолдау және қауіпсіз орта қалыптастыру да басты назарда. Аймақта бастауыш сынып оқушылары ыстық тамақпен толық қамтылған. Көмекке мұқтаж отбасыларға қаржылай қолдау көрсету мақсатында 37087 балаға 41 мың теңгеден, барлығы 1,3 млрд теңгеге бір реттік қаражат берілді. Балаларды қауіпсіз, жайлы көлікпен тасымалдау үшін жаңа үлгідегі 30 автобус алынды.
Жандос ЖАЗКЕН
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!