2023 жыл түркі әлемінде Темірбек Жүргенов жылы болып жарияланды. Жыл басынан бері қазақтың мәдениет, әдебиет және өнер саласына айтарлықтай үлес қосқан тұлғаның 125 жылдығы бауырлас елдерде кең көлемде тойланып жатыр. Осы ретте қиын-қыстау шақтағы еңбегімен, ерлігімен бауырлас елдердің назарын аударған тұлғаның өмір жолын өскелең ұрпаққа өсиет етуге тиіспіз деп ойлаймын.
Осыдан 5 жыл бұрын Қазақстанның білім мен мәдениетінің, экономикасының өрлеп өсуіне өлшеусіз үлес қосқан Т.Жүргеновтың туғанына 120 жылдық мерейтойы елімізде кең көлемде аталып өтті. Бұл мерейтой өзінің кіндік қаны тамған Сыр бойының Жалағаш ауданында ерекше үлкен дайындықпен «Алтын күз» мерекесінің аясында тойланды. Аудан орталығында ұлы тұлғаларды ұлықтайтын «Тағзым» алаңы ашылып, онда «Темір наркомның» мрамордан мүсіні қойылып, халқымен қайта қауышты.
Мерейтойға еліміздің түкпір-түкпірінен келген арнайы қонақтар, өнер, білім, мемлекет, қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері, аудан жұртшылығы қатысты. Түрлі мәдени, спорттық шаралар өткізілді. Біз соның куәсі болдық.
Дуалы ауыз азаматтардың айтуынша, бұл осыдан бірнеше жыл бұрын өткен Бұқарбай батырдың 200 жылдық мерейтойынан кейінгі мағыналы да мазмұнды той болған. Атам қазақ айтқандай, «Елдің атын ер шығарады, ердің атын ел шығарады» деген осы екен-ау деген ойда қалдық.
Еліміз егемендік алғаннан кейін тарихымыздағы ақтаңдақтардың беті ашылып, қуғын-сүргін жылдарындағы алаштың арыстары халқына қайта қауышты. Оларға жабылған жазықсыз жаланың негізсіз, қасақана жасалғаны жайлы, ақиқат-шындықтарын ақтау жайлы еңбектер жазылып, естелік кітаптар жарық көруде. Осы тұрғыда әріні айтпағанда, Темірбектің қалам тартып жүрген жерлестері марқұм, тарихшы, журналшы, жазушы Ахмет Тілеулиев Темірбектің әкесі Қара және оның туыстары жайлы өзінің «Қарақұм» кітабында көптеген мәлеметтерді берген болатын.
Жазушы, этнограф, ғалым Тынышбек Дайрабай, мәдениеттік журналист Болатбек Нұржанов, «Т.Жүргенов» қорының төрағасы Сәпен Аңсат, еліміздің белгілі ақыны, журналист, жазушы Махмұтбай Әміреұлы және осы жолдардың авторы, тағы басқалар түрлі ақпарат беттерінде Темкең жайлы көлемді мақалалар жарияласа, жас ғалым Бауыржан Иманғалиевтың «Темірбек Жүргенов» атты монографиялық еңбегі жарық көрді.
Бұл – заңды құбылыс. Себебі Темірбектің өмірі, балалық және жастық шағы т.б деректерді туған жерінің жұрты жақсы білетіндігіне күмән келтіруге болмайды.
Өткен ғасырдың 50-60 жылдары аудан мектептерінде Темірбек Жүргеновтың інісі, Қараның баласы Қосжаннан туған Қайназар деген ағай біздерге қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ берді. КАЗГУ-ды бітірген білімді ұстаз еді. Ол кездері біз әңгіме қозғап отырған тақырып жабық болатын. Темірбектің бауыры болғандықтан сол заманның салқыны Қиназар ағайға да соғып өткен болуы керек. Ол кісі көп сөйлемейтін. Мінезі тұйық, тек қана өзінің жұмысын білетін кісі еді. Сол кісіден «жылымықтың лебі» ескеннен кейін Т.Жүргенов жайлы алғашқы мағұлмат естіген едік.
Ол кездері мектеп оқушылары оқу жылының алғашқы екі айында колхоздың егін жинау науқанына, күріш орағына қатысатын. Жыл сайын бізді осы жұмысқа Қайназар ағай басқарып, алып баратын. Біз сияқты тәуір оқитын, жазу-сызуға үйір оқушыларды Қайназар ағай өзіне жақын тартатын. Кейде ағай бізді өзімсініп, өмір жолынан да әңгіме айтатын. Ауылда бұйыға өскен біздер сол кісіден «халық жауы» деген жала, жалған қорқынышты сөздердің мағынасын естіген едік.
1958 жылы №31 мектептің жоғары сынып оқушылары қазіргі Мақпалкөл ауылының бұрынғы Ленин атындағы колхоздың күріш орағына бардық. Жетекшіміз – Қайназар ағай. Қыркүйектің орта кезі болатын. Күнделікті мөлшерде межемізді орындап, ағайдың жанына бардық. Ағайдың кеуілі бұзылып, жабырқаулы отыр екен. Ол кездері оқушылар ұстазды «пір» тұтатын еді.
Біз ыңғайсыз жағдайда қалдық. Ағай бізге «отырыңдар» деп ишарат білдірді. Біз ағайдың қасына жайғастық. Қайназар ағайдың сондағы айтқаны: – Менің туып өскен, балалық шағым өткен осы жер. Анау төбе – біздің атамыз Қараның қыстауы. 1937 жылы Алматыда үлкен қызметте болған Темірбек ағам ұсталып, «халық жауы» деген жаламен атылып кетті. Біздің әулет қуғын-сүргінге түсті, – дегенде, біз бұл сөздің себеп салдарын білмей, бойымызды қорқыныш билей бастады.
Ағай бұл ұғымды түсінбей отырған бізге, түсінікті тілмен «бізді бай деп қудалады» деп қысқаша түсінік жасады. Темірбек аға атылып, жеңгеміз ұсталып кеткеннен кейін Темкеңнің жанашыр азаматтары ағаның есі кіріп қалған баласын ауылға біздің қолымызға жеткізіп берді. Анау төбе – біздің қыстаудың орны. Басқа ортада орысша оқып тәрбиеленген баланың қазақ ортада өмір сүруі қиын да қайғылы болды. Бала таңертең ерте тұрып, келген жағы шығысқа қарап, папа, мама деп еңіреп жылайды. Біздің аза бойымыз тітіркенеді. Ол ауылда қазақ мектебіне де барып жүрді. Кейін жоғары жақтан бір кісілер келіп, баланы алып кеткені есімде, – деп ағай да көзіне жас алған еді.
«Кейін КАЗГУ-ге оқуға түстім. Дәмеш жеңгемнің үйіне де жатып оқыдым» деп ішіндегі шерін тарқатқандай болды.
Біз ол кезде жас едік. Ағаның Темірбек жайлы және өз өмірінен деректерді не мақсатта айтып отырғанын түсінбеген едік. Кейін ойлап қарасақ, Темірбек сияқты тұлғалар мен ұстазымыз өзінің өмірдеректерінен сендер де хабардар болыңдар дегені екен ғой.
Тақырып Т.Жүргенов жайлы болғандықтан ол кісімен ХХ ғасырдың басында аймақтағы бірден-бір оқу орны болған Аламесектегі екіжылдық орыс тузем мектебінен білім алып, бірге оқыған Темірбектің замандасы сол бір зұлмат заманда Қара әулетіне және олардың туыстары басын бәйгеге тігіп, қол ұшын беріп, сол үшін де «Т.Жүргеновтың құйыршығы» атанып, Т.Жүргеновтен соң «халық жауы» атанып, жиырма жыл Сібірге айдалған. Жазасын өтеп он сегіз жыл Сібірдің қақаған аязында ағаш кесіп, азапты жылдарды басынан өткізген. 1956 жылы елге оралып, бұрынғы қызметі қалпына келтіріліп, Тереңөзек, Жалағаш аудандарының құрметті ақсақалы болып өмірден өткен Сейіткерей Усабаев әкеміздің Темірбек Жүргенов жайлы айтқан естелігі еріксіз есіме түсті.
1984 жылдың маусым айы болатын. Ол кезде мен Аққұм кеңшары партия комитетінің хатшысы болатынмын. Жаздың жадыраған бір күні сәскеге таман кеңшар директоры Сейітнәби Мұқашев: – Реке, бүгін ауылға Сейіткерей Усабаев әкең қасында екі үш ақсақалы бар осында шақырылған тойға келе жатыр. Жұмысың қауырт болмаса, сол кісілерді күтіп алып, бірге болайық, – деді.
– Сен ол кісіні білесің бе? Өмірінен хабардарсың ба, – деп мені сынағандай сұрай бастады.
Мен де «білемін» деп жауап қайтардым.
Сейіткерей әкемді алғашқы көргенімді еске түсірдім. 1956 жылдың жазы болатын. Ол кезде біздің қазіргі Бұқарбай батырдан оралған бір топ бала суға түсіп жатыр едік. Ішіміздегі ересек бір бала: – Бүгін ауылға ұзақ жылдарға сотталып кеткен бір әкеміз түрмеден босап, елге сәлем беремін деп келе жатыр, – деді.
Оның сөзіне онша мән бермей үйге келсем, күн шықпай колхоздың жұмысына кететін әкем құтты тойға баратындай барын киіп, бір жаққа жүретіндей дайындалып жатыр екен. Менің өзіне оқыс таңқалғанымды сезіп: – Түрмеден босап, ағайынға сәлем беруге «халық жауы» атанып сотталған Сейіткерей әкең келе жатыр. Сол кісіні паромнан күтіп аламыз. Дүйсенбай әкеңнің үйінде қонақ болады, – деді.
Бұл әкеміз кезінде колхоздың төрағасы, ферма меңгерушісі т.б да ат үстінде жүріп қызмет атқарған әкемнің туған ағасы болатын. Сонымен үлкен кісілердің соңына еріп, паромға бардық. Арғы беттегі бір топ аттылы-жаяулы кісі паромға мініп, бергі жағаға өтті. Ішінде ұзын бойлы, ат жақты, алпысқа таяп қалған ақ кителі, ақ шалбарлы, ақ қалпақты сұлу кісі басқалардан өзгеше болып, ағайындармен құшақтасып, амандасып жатты. Қасында елдің құрметті ағалары Бекжан, Сәудан, Сейтен, Шоңбай, Абыт т.б бар. Содан Сәкенді алғаш көрген болатынмын. Кейін Сейіткерей әкеміз ауылдағы той-томалақ, өлім-жітімге келіп жүргенде бірге болғаным бар.
Біз қонақтарды күтіп алып, шақырған үйге бірге бардық. Дайындалған үйде Сейіткереймен бірге Тайман қари, Мұстаяпов Исахан т.б төрт-бес кісі болды. Отырыс көңілді басталып, билікті Сәкең Мұқашев ағамыз өз қолына алып, түрлі тақырыптардан әңгіме қозғады. Сәйтінбет аға өзі тарихшы және әңгімешіл болғандықтан әңгіменің төркіні Сейіткерейдің өмір жолы, сол жақтағы өмірінен деректерді білуіне бағытталған сұрақтар қойылып отырды.
Ол кісі маған қолпаштау мен мақтануды сүйе бермейтін, сөзге сараң, аз сөйлеп, сұраққа нақты жауап беретін тұйық мінезді, сабырлы адам болып көрінді. Ол жақтағы өмірі жабық күйде қалатынын ескертті. Мен «оған бұл ұстамдылық пен қасиетті өмірдің өзі үйреткен-ау» деген ойда болдым. Кенет Сейітнәби аға: – Сейіткерей аға, жас кездеріңізде өңірде екі адамның қолы жете бермейтін ескіше де, жаңаша да мектептерде оқып, білім алып, жауапты қызмет атқардыңыздар. Білуімше, сіз 1934-1935 жылдары Алматыдағы марксизм-ленинизм курсында оқып жүргеніңізде Т.Жүргенов пен сыйластықта болыпсыз. Ол кісі ұсталып кеткенде де Ырғыз ауданындағы Қараның әулеттері мен туыстарын елге, Сырға қашыруға жолбасшы дайындап, көмек беріпсіз. Ол туралы сол кісілердің ағайындары жақсы біледі. Сол жайлы өзіңізден естісек, – деп сұрақты төтесінен қойды.
Мұндай сұрақты күтпеген Сейіткерей ақсақал әлі де бұл тақырыптың жабық екенін ескерткендей, бойын тіктеп алып, «біліп отырсаң, несіне сұрайсың» дегендей сыңай танытты.
– «Сұрағыңа жауап» дегендей, ол кездері өзің айтып отырған оқуды ауқатты отбасының балалары оқыды. Біздің әкелеріміз елге танымал адамдар болды. Ал біздің сыйластығымыз ол ұсталып, мен айдалып кеткенше жалғасып тұрды. Біз зобалаң заманның құрбаны болдық. Халқының жарық жұлдызындай болған Темірбекті нақақтан-нақақ «халық жауы» деп атса, елдегі мына Тайман қариды «молдасың» деп қудалады. Мені сонау Ырғыз аудандық Кеңес атқару комитетінің төрағасы қызметінде жүргенімде «халық жауы» Т.Жүргеновтың әулетін, туған-туыстарына көмек беріп, Ырғыздан Сырға қашырды, Жүргеновтың құйыршығы» деп айыптап, жиырма жылға соттады. Сібірге айдады. Біздің ұрпақтың басынан не өтпеді десеңші. Тұз-дәм таусылмай елге оралды. Сол кезде атылып кетпей бүгін сіздердің орталарыңызда отырмын. Бұған тәубе деймін, жігіттер, – деді Сейіткерей ақсақал.
Т.Жүргеновпен Аламесекте бірге оқыған, саналы ғұмырын сыйластықпен өткізген Сейіткерей Усабаев кім еді? Ол қазіргі Жалағаш, бұрынғы Тереңөзек аудандарының шығыс бөлігіндегі елді мекендерді қамтыған Байзақ болысының комсомол, кейін болыстық атқару комитетінің жауапты хатшысы, Ақмешіт уездік комитетінің хатшысы, Қызылорда, Қармақшы, Шәуілдір, Ырғыз аудандарының атқару комитетінің төрағасы, аудандық, облыстық сайланбалы орындарға депутат, мемлекеттік, қоғамдық жұмыстарды белсенді атқарған осы ауданның тумасы болған азамат.
Тағы бір Жүргеновпен кездескен жерлесіміз, Темкеңнің шапағатын көрген кісілердің бірі, ауданымыздың белгілі азаматы, марқұм, еңбек, соғыс ардагері Байтөреев Мәдібай Баймаханұлы болатын. Өзінің естелігінде Мәкең былай деп еске алды.
– Отызыншы жылдардың екінші жартысында мектепті ойдағыдай бітіріп, Алматыдағы КАЗГУ-дың «Физика-математика» факультетіне оқуға түстім. Бұл кезде елде қуғын-сүргіннің аласапыраны басталып, ұлтымыздың зиялы қауым өкілдерінің басына қара бұлт үйіріліп жатқан кез болатын. Менің де артымнан атасы болыс болған деген арыз түсіп, оқудан шығарылдым. Сол кездері Темірбек Жүргенов Мәдениет және ағарту саласының халық комиссары еді. Комиссариаттың ғимараты университеттің жанында болатын. Біз ол кісіні жиі көріп тұратын едік. Енді неде болса сол кісінің алдына баруға бел будым. Комиссариаттың хатшылығына тізіліп, қабылдауында болдым. Темкең мені жақсы қабылдады. Өзімнің қай жақтан не үшін оқудан шығарылғанымды баяндап бердім. Ол кісі сабырмен, зер салып, мұқият тыңдап отырды.
Оқу еліміз үшін бүгінгі заманның ғылымы мен ағарту саласына қажетті мамандық екен. «Сен қазіргі қоғамда болып жатқан ағымдардан аулақ болып, оқуыңды университет жанындағы жаңадан ашылған педагогикалық жұмысшы жастар бөліміне ауысып, сонда жалғастыр. Мүмкін тегіңді өзгертерсің» деп ағалық кеңес берді. Мен солай жасадым, – деді Мәкең.
Жоғарыда баяндалған жайттар – Темірбек туралы екі-үш жерлесінің естеліктері. Ал халқының жарық жұлдызындай болып дүниеден өткен Темкең туралы әлі де бізге жетпеген өмірдеректерін зерттеп, оны оқырмандарға хабардар ету жерлестері, біздің іс болуы керек.
Рысбай КӘРІМОВ,
Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі,
Жалағаш ауданының
құрметті азаматы
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!