Кеше Жалағаш аудандық Қонысбек Қазантаев атындағы мәдениет үйінде Сыр елінің белгілі азаматы, қарымды қаламгер, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, Жалағаш ауданының Құрметті азаматы Бейбітбек Бүркітбайұлының 70 жас мерейтойына арналған «Жүрегім туған жерге ғашық әлі» атты шығармашылық кеш өтті.
Айта кетейік, Бейбітбек Бүркітбайұлының есімі аймаққа ғана емес, республика көлемінде де кеңінен танымал. Еңбек жолын аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінен бастаған ол бүгінге дейін республикалық «Заң», «Ана тілі», «Алтын орда», халықаралық «Қазақстан-Zaman» секілді беделді басылымдарда абыройлы қызмет атқарды. Кәсіби журналист ретінде қоғамдағы қайшылықтарды, әлеуметті толғандырған өзге де өзекті тақырыптарды көтеріп, айқын көзқарасымен танылды. Сол еңбегіне орай «Ақпарат саласының үздігі», «Қазақстанның құрметті журналисі», «Қазақ журналистикасының қайраткері» атақтарын иеленген.
Әсерлі кешті Жалағаш ауданы әкімі Асқарбек Есжанов ашып, жалағаш халқын бүгінгідей салтанатты өнер кешімен құттықтап, мерейтой иесі, белгілі қаламгер Бейбітбек Бүркітбайұлына өзінің ізгі лебізін білдірді.
– Абыздар мен аңыздарға мекен болған Жалағаш топырағы таланттардан қашанда кенде емес. Тарихқа көз жүгіртсек, XIX ғасырдан бері қарай осы киелі топырақта небір ақындар, жазушылар, қайраткерлер туып-өсіп, құрметке бөленді. Расында да адамның табиғаты жалпы мінез-құлқымен, ұстанымымен шырайлы үйлесім табады. Бейбітбек ағамыздың қаламы да қарымды, мінезі де қуатты, ұстамдылығы бөлек. Олай дейтініміз, өзінің еңбек жолын ауылда қарапайым жұмысшыдан бастап, табиғат берген талант оны қарымды қаламгер, белгілі журналистке айналдырды. Өмір жолында басшы да болды, қосшы да болды. Бірақ билік пен атақтың соңына ермеді. Туралықты ту қылды, сара жолды бағдаршам етті. Өзінің қарымды қаламы арқылы өткір сынап, қоғамның кереғар тұстарын сын тезіне салып, түзеуге ықпал етті. Замананың түзелуіне, елдің еңсе тіктеуіне, әлеуметтің әлеуеті көтерілуіне қарымды қаламын найза етіп, үлес қосты. Қазақта мынадай керемет сөз бар «Пенде алты жасқа дейін және алпыс жастан кейін бала болады» деген. Бізге емес, тұғырлы туған жердің алдына бала болып бас иіп келіп отыр. «Жүрегім туған жерге ғашық әлі» аталған кештің аты да осы сәйкестікті мойындап тұрғандай, қандай керемет! Әркімге туған жері – Мысыр шаһары. Аламан дәуірдің ішінде атыңыз оза берсін! Жазарыңыз, келешекте де елге береріңіз мол екеніне сенімдімін. Мерейтойыңыз құтты болсын, – деді аудан басшысы.
Шара барысында мерейтой иесіне сый-сияпат жасалып, Жалағаш жұрты атынан ардагер-журналистің арқасына шапан жабылып, ерекше құрмет көрсетілді.
Мұнан соң әсерлі кеште қаламгермен кезінде қызметтес болған замандасы Қожантай Құлмақанов, Қоғажай Ерғалиқызы әдемі естеліктерімен бөлісті.
Кештің шарықтау шегінде мерейтой иесі Бейбітбек Бүркітбайұлының «Зәнжілді зар», «Алаңжар» атты жаңа туындыларының тұсауы кесіліп, шығармалар қалың оқырманға жол тартты.
Кеште жергілікті өнерпаздардың орындауында әуелеген әсем ән де айтылды, мақамы сазды терме де елдің құлақ құрышын қандырды.
«Жүрегім туған жерге ғашық әлі» деген атауды иеленген бүгінгі жүздесу еркін үлгіде өтіп, оқырман мен шығармашылық өкілінің арасын асыл рухты алтын жыр арқауымен байланыстырып, өнердің биік шыңына шыққандай әсерге бөледі. Туған жерге деген бала махаббатын жетпіс жастың желкенін керген шақта бар болмысымен мойындап, дүйім елге тағзым еткен үлкен жүректі азаматтың ел алдында есеп беруі, тұғыры биік туған жерге тағзымы деп түсініп, сүйсіне қол соқты қалың жұртшылық. «Туған жердің алтындай сары құмы» деп өзі жырлағандай, сары ұлының алтындай сары құмына әлі берер ризықты дүниесі мол екеніне шүбә келтірмедік. Әрине Жаратқан қолдасын!
Гауһар ҚОЖАХМЕТОВА
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!