Соңғы жылдары жаңалықтардан елде орын алып жатқан қылмыстар жайында жиі еститін болдық. Мәселен, Талғарда болған жантүршігерлік оқиға қоғамның үрейін келтіріп, ел азаматтары өз қауіпсіздігіне күмәнмен қарай бастады. Дегенмен құқық қорғау саласындағы жауапты мамандар елімізде құқық тәртібі мен қауіпсіздік мәселесі ерекше назарда, яғни алаңдауға негіз жоқ екенін айтуда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша полиция азаматтармен тиімді өзара іс-қимыл жасауға бағытталған қызметтің сервистік үлгісіне көшкен. Сонымен қатар құқық қорғау органдарының материалдық-техникалық базасы нығайтылуда, өңірлерде жоспарлы түрде бейнебақылау камералары орнатылып, қауіпсіздік саласына жаңа цифрлық технологиялар белсенді түрде енгізілуде. Жұмыс бар, нәтиже қалай? Тарқатайық…
Қылмыс 10 мыңға азайған
ҚР ІІМ мәліметінше, жыл басынан бері елдегі қылмыстар саны 10 мыңға, ал қылмыстық құқық бұзушылық 5,5 мыңға дейін азайған. Сондай-ақ әкімшілік құқық бұзушылықтың жолын кесу 40 пайызға артты, соның ішінде ұсақ бұзақылықтың алдын алу 30 пайызға, көлік қозғалысы ережелерін бұзуға жол бермеу 48 пайызға көбейді.
Көлік жүргізу құқығынан айырылған жүргізушілер 32 пайызға артты, олардың қатарында мас күйде рөлге отырғаны үшін жауапқа тартылған азаматтар бар. Іздеуде жүрген 1,6 мыңнан астам қылмыскер ұсталды, олардың 158-і шетелде тұтқындалған.
Сыр өңірінде қылмыс 6 пайызға төмендеген
Қызылорда облысы полиция департаментінің мәліметінше, аймақта биыл профилактикалық жұмыстар нәтижесінде құқық бұзушылық 6 пайызға төмендесе, бөтен мүлікті ұрлау 27,7, мал ұрлығы 68, алаяқтық 1, бұзақылық қылмыстардың тіркелуі 9,9, қоғамдық орында жасалған қылмыстар 9,8, көшеде жасалған қылмыс 4,1, жасөспірімдердің қатысуымен 14,3 және қарумен жасалған қылмыс саны 41,7 пайызға азайған.
Полиция департаментінің штаты бойынша облыс көлемінде 262 учаскелік инспектор мен олардың 56 көмекшісі бар. Олармен қоғамдық тәртіп пен қылмыстардың алдын алу бағытында «Есептегі адам», «Тұрмыс», «Квадрат», «Көрші бақылауы», «Учаске», «Зорлық-зомбылықсыз қоғам», «Пробация», «Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық іс-шаралары және «Аула ішінде қабылдау» акциясы өткізілуде. Нәтижесінде «мүлдем төзбеушілік қағидатын» қалыптастыру мақсатында азаматтардың құқықтық сана-сезіміне селкеу түсіретін және қоғамдық тәртіптің бұзылуына тікелей әсер ететін есепті мерзімде барлығы 27 294 әкімшілік құқық бұзушылық анықталып, оларға қатысты тиісті әкімшілік шаралар көрілген. Оның ішінде ұсақ бұзақылық 715, алкогольдік ішімдіктерді iшу немесе қоғамдық орындарға масаң күйде келу 5700, тыныштық бұзу 3312, ортақ пайдаланылатын орындарды ластау 3177, белгіленген уақыттан кейін алкоголь өнімдерін сатудың 114 дерегі анықталған.
98 бала өз-өзіне қол жұмсаған
Соңғы жылдары жасөспірімдер арасында, балаларға қарсы жасалатын қылмыстар саны күрт өсті. Статистикаға сүйенсек, осы жылдың қаңтар-қазан айларында елімізде балаларға қарсы 3 мыңға жуық қылмыстық құқық бұзушылық тіркелген.
Өткен жылмен салыстырғанда қылмыс саны 37,1 пайызға көп. Ал балаларды зорлау 20,9 пайызға артқан. Сондай-ақ сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері 3,9, кәмелет жасқа толмағандармен жыныстық қатынас 11,3 пайызға өскен. Сексуалдық зорлық-зомбылықтан барлығы 820 бала зардап шеккен. Бұл өткен жылдың он айынан 84-ке көп.
Сарапшылардың айтуынша, елімізде балаларға қатысты азаптау, жезөкшелікке тарту, адам саудасы жағдайлары да көбірек тіркелген. Мәселен, жезөкшелікпен айналысуға мәжбүр болған Қызылорда облысынан келген қыздың оқиғасы елді дүрліктірді. Осы жылдың он айында осындай 14, ал өткен жылы 5 факт орын алған. Сондай-ақ 10 айда 98 бала өз-өзіне қол жұмсады. Бұл көрсеткіш жылдағыдан 20,8 пайызға көп.
555 ата-ана жауапқа тартылды
Биыл облыста жасөспірімдермен жасалған қылмыстар 14,3 пайызға төмендеген. Алдын алу бағытында тұрақты түрде «Түнгі қаладағы балалар», «Жасөспірім», «Қауіпсіз мектеп» жедел-профилактикалық шаралары және «Абайлаңыз балалар» акциялары өткізілсе, күнделікті «Түнгі қала», «Квадрат», «Демалыс» профилактикалық іс-шарасы ұйымдастырылуда.
Профилактикалық шараларды күшейту нәтижесінде 8212 құқық бұзушылық анықталып, қаңғыбастық пен кезбелікке салынған 249 жасөспірім бейімдеу орталығына орналастырылды. Түнгі уақытта, яғни сағат 22:00-ден кейін заңды өкілінсіз ойын-сауық және тұрғын жайдан тыс, сағат 23:00-ден кейін жүрген 5996 жасөспірімнің ата-анасы әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Міндеттерін орындамаған 555 ата-анаға әкімшілік хаттамалар толтырылды.
Кәмелетке толмағанның түнгі уақытта ойын-сауық мекемелерінде болуына жол берген 149 кәсіпкер, оларға темекі бұйымдарын сатқан 14 дүкен иелеріне әкімшілік хаттамалар ресімделген. 187 жасөспірім және міндеттерін орындамаған 119 ата-ана полицияның есебіне алынды. Есепті мерзімде 72 жасөспірімнің мопед, скутер басқарғаны анықталып, олардың ата-аналарына қатысты ӘҚБтК-нің 620-бабы бойынша әкімшілік хаттамалар ресімделген. Бұл бағытта білім басқармасымен бірлесіп, барлық білім беру орталығында 45 мектептен 10 оқушыдан құрылған «Қозғалыстың жас инспекторлары» жасағы оқушылар арасында жол қозғалысы ережелерін түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.
Қуантарлығы, Жалағаштағы ахуал тұрақты. АПБ ЖПҚБ ЮПТ полиция қызметкерінің айтуынша, ауданда соңғы 9 айда жасөспірімдер арасында 222 тәртіп бұзушылық орын алған. Облыс орталығындағы бейімдеу орталығына 4 жасөспірім орналастырылған.
Жол-көлік апаттары 39,1 пайызға артқан
Жасыратыны жоқ, аймақта автокөлік санының күрт өсуінен жол-көлік оқиғалары жиі тіркелетін болды. Иә, жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету қазіргі таңда өзекті мәселелердің бірі болып тұр. Жыл басынан жол-көлік оқиғаларынан қайтыс болған адамдардың саны 15,6 пайызға төмендегенімен, жол апаттары 39,1, жарақат алғандар 41,6 пайызға өскен.
Талдау барысында жол-көлік оқиғаларының өсуінің басты себеп жол қозғалысына қатысушылардың тәртіп сақтамауы болып отыр. Жол апатының өсуінің тағы бір себебі Қызылорда – Ақтөбе (566 шақырым) бағытында тәулігіне 9 мың автокөлік жүріп өтетін республикалық маңызы бар тасжол 2-категориялы болса, соңғы 5 жылда тіркелген көлік құралдарының санының өсуі де осыған байланысты екен.
Биыл жол ережелерін бұзудың 163 795 дерегі анықталса, оның 72 мыңға жуығы – жол-апатына тікелей әсер ететін өрескел құқық бұзушылық. Жол қауіпсіздігі саласында 1 млрд 870 млн 982 мың теңге айыппұл салынып, 87 пайызы өндірілген. Бүгінде республикалық маңызы бар тасжолда үй жануарларының қатысуымен 99 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, салдарынан екі адам қаза болып, 14 адам түрлі дене жарақатын алған.
Жол апатының алдын алу бағытында республикалық маңызы бар тасжолдың қауіпті аймақтарына түннің қараңғы уақытында жүргізушілердің назарын аудару мақсатында алты жарқылдауық маяк, 9 жерге «Әкетай асықпа», «Құрметті жүргізуші! Жылдамдықты шамадан тыс асырма» мәтінінде пано, 7 жерге бейнекамералардың және 10 қызметтік автокөлік макетінің муляжы орнатылса, 7 аудан тұсына 2 жылдамдықты автоматты түрде тіркейтін өлшегіш құралы орнатылған.
18 969 бейнебақылау камерасы орнатылған
Аймақта бейнебақылау камераларының саны артып, толығымен жұмыс жасауы арқылы өңірдегі жол-қозғалысы ережелерін бұзушылықтар өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 5636-ға азайған. Яғни жүргізушілер арасында көлік құралдарын басқару мәдениеті жақсарған. Сондай-ақ мектепке дейінгі және орта білім беру ұйымдарында балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және кәмелетке толмағандар арасында құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында «Қауіпсіз мектеп» жобасы жүзеге асырылған. Қала бойынша 44 білім беру ұйымы толық бейнебақылау камераларымен, дабыл батырмасы және полиция департаментінің жедел басқару орталығына қосылған.
Қазіргі таңда аймақта «Ақылды қала» тұжырымдамасының қауіпсіздік бағытында 18 969 бейнебақылау камерасы жұмыс істесе, оның 7 148-і жедел басқару орталығына қосылған. Одан бөлек облыс орталығындағы азаматтар көп шоғырланатын орындарда «SOS» дабыл батырмасының 15 құрылғысы орнатылған.
Жеке-жеке тоқталсақ, облыста 20 «Аркан» жылдамдық өлшеуіш құралы қаладағы жол-қозғалыс оқиғаларының алдын алуға жұмыс істеуде. Сонымен қатар Қызылорда қаласына пилоттық режимде 100 бейнебақылау камерасы және 10 «Стационарлық жылдамдық өлшегіш» қондырғысы орнатылып, іске қосылған.
Жалағашта 77 бейнебақылау камерасы орнатылуда
Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету мақсатында бүгінде кент және ауылдық округтерде бейнебақылау камералары жұмыс жасауда. Жалпы кентте қазіргі уақытта 71 көшеде 1205 жол белгісі орнатылған. Жол белгілерін күтіп ұстау, тозғанын жаңалау, бағаналарын сырлау жұмыстары тұрақты түрде жүргізілуде. Ал жол жүрісін реттеу үшін 4 көше қиылысына бағдаршамдар орнатылған.
Сондай-ақ ауданда 1400 бейнебақылау камера, 19 интеллектуалды қиылыс пен 58 жылдамдық өлшегіш орнатылып, жедел басқару орталығы қайта жаңғыртылуда. Сонымен қатар аудан орталығына қосымша 77 бейнебақылау және 7 жол қозғалысы ережелерін бұзу деректерін автоматты түрде анықтайтын жылдамдық өлшеу камерасы орнатылуда.
19 479 065 теңге айыппұл салынған
Профилактикалық шаралардың нәтижесіне қарамастан, аудан көлемінде жергілікті полиция қызметкерлерімен барлығы 3218 құқық бұзушылық анықталған. Оның ішінде ҚР ІІМ құқық бұзушылыққа «Мүлдем төзбеушілік» қағидатын жүзеге асыру бағытында 587 құқық бұзушылық тіркелген.
ҚР «Құқық бұзушылық профилактикасы туралы» заңының талаптарына сай тұрмыстық ортада қылмыс жасаған азаматтарға қатысты 43 қорғау нұсқамасы шығарылып, аудандық сотпен құқық бұзушының мінез-құлқына 39 ерекше-талап белгіленген. Жалпы айыппұлдарды өндіру бағытында 3246 әкімшілік хаттама толтырылып, 19 479 065 теңге айыппұл салынған. Оның 15 479 341 теңгесі мемлекет пайдасына өндірілген.
49 азамат құжатсыз көлік басқарған
Аудан тұрғындарының қауіпсіздігі үшін құқықтық тәртіпті сақтау, көшелер мен басқа да қоғамдық орындарда қылмыстың алдын алу мақсатында «Автобус», «Қауіпсіз жол», «Құқық тәртіп», «Абайлаңыз балалар» және «Жол қауіпсіздігі апталығы» тақырыбында жедел-профилактикалық іс-шаралар ұйымдастырылуда. Жыл басынан бері аудан көлемінде 13 жол-көлік оқиғасы орын алған. Салдарынан 3 адам қаза тауып, 3 адам жарақаттанған. Жол-көлік оқиғасы өткен жылдың дәл осы кезеңімен салыстырғанда 23,5 пайызға, яғни 17-ден 13-ке, жарақат алғандар 26-дан 9-ға төмендесе, қаза тапқандар саны бір деңгейде.
Биыл жол-патрульді полиция саласы бойынша ауданда 2 106 құқық бұзушылық анықталған. Оның ішінде 49-ы аудан көлемінде құжатсыз көлік басқарып, 19-ы темір тұлпарды масаң күйде жүргізген. Сондай-ақ 59-ы жол көлік оқиғаларын жасағаны үшін және 39-ы ҚР міндетті сақтандыру туралы заңнамасын және өзге де баптарды бұзғаны үшін 44 автокөлік арнайы кент әкімдігіне қарасты автотұраққа қойылған. Құқық қорғау саласы мамандарының айтуынша, төрт түліктің бақташысыз жайылып, жол бойына шығып кетуі көлік қозғалысына кедергі келтіруде. Жалпы жыл басынан бері қараусыз жайылып жүрген төрт түліктің салдарынан 31 жол-көлік оқиғасы тіркелген.
Түйін: Әділетті Қазақстанның өзегі заң мен тәртіп үстемдігі екенін айтқан Мемлекет басшысының тапсырмаларын жүзеге асыру бағытында сала қызметкерлерімен қоғам біте қайнасып жұмыс істеуі қажет. Сонда ғана қоғам тыныштығы күзетіндегі полиция жұмысы нәтижелі болмақ.
Иә, полиция өз қызметіне асқан жауапкершілікпен қарап, ар-ожданының алдында таза болуды басты ұстаным еткенде қоғам да заңға өздігінен бас иеді. Бастысы, «қоғам қауіпсіздігі – тек тәртіп сақшыларының міндеті» деген ұғымнан арылуымыз керек. Бір сөзбен айтқанда, тәртіпке бағынған құл болмайды.
Жандос ЖАЗКЕН
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!