Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

7°C

, Бейсенбі, 28 қараша, 18:35

Қауіпсіздікті сақтауға неге құлықсызбыз?

13.02.2024

319

0

Әлемде жол-көлік оқиғасынан жылына шамамен 1 миллионнан аса адам қаза табады екен. Иә, қазір адамдардың көлікке деген сұранысының едәуір артқанын жақсы білеміз. Алайда оны пайдалану арқылы қоғамға қауіп тудыратын жағдайлардың да көбейгенін байқауға болады. Елімізде де жағдай мәз емес. Жыл сайын тосыннан келген темір тұлпардың құрбаны болып, кем дегенде жарақат алып, аурухананың жансақтау бөлімінде жататындардың қатары көбеймесе, азайған жоқ.

Қазір «жол апаты болды» деген хабарды жиі еститін болдық. Себебі де анық, көлік жүргізушілердің бір-бірімен жарыса жылдамдықты үдетуінен немесе жүргізуші куәлігін сатып алып, жол ережелерін білмей салғырттық таны­туынан жол апаты жиі орын алуда.

5 мыңнан астам адам
жол апатынан қаза тапқан

Былтыр елімізде жалпы 15 мыңнан аса жол-көлік оқиғасы тіркелген. Соның салдарынан 5 мыңнан астам адам қаза тауып, 19 мыңнан аса адам жарақат алған. Ішкі істер министрлігі ел бойынша Ал­маты қаласы, Жамбыл, Түркістан және Қарағанды облыстарында ең көп жол-көлік оқиғасы тіркелетінін жоққа шығармады.
Жыл сайын жол үстіндегі қайғылы оқиғадан қаза табатын адамдардың санына қарасақ, үлкен бір ауыл тұрғындарының жоқ болып кетуімен пара-пар. Статистикаға сүйенсек, кейінгі кезде жастардың көлік айдауда қателікке жол беруі жиілеген. Соның салдарынан жол бойындағы қайғылы оқиғалар біздің аймақта да аз емес. Мәселен, 9 ақпан күні аймақта тағы бір жол көлік оқиғасы тіркеліп, салдарынан үш адам оқиға орнында қаза тапты. Яғни біздің аймақта да бұл – түйіні тарқатылмаған мәселелердің бірі. Бейнебақылау жиі орналасқан қалалық жерде осындай олқылықтар орын алып жатыр. Ал аудандағы ахуал қалай? Тарқатайық…
Биыл жыл басталғалы кентте бір көлік оқиғасы тіркелген. Оқиға бары­сында көлік жүргізушісі жаяу жүргіншіні қағып кеткен. Оның себебі жолда мұз қатып, салдарынан жүргізуші көлікке ие бола алмай қалған. Бұл оқиғаға бай­ланысты ІІМ мамандарымен 345 баптың І тармағына байланысты көлік жүргізушіге қатысты қылмыстық іс қозғалып, қазіргі уақытта тергеу жүр­гізіліп жатыр екен. Ал жаяу жүргінші иық­тан жарақат алып, ауруханаға түс­кен.
Міне, осындай абайсызда болған көлік апаттарымен қатар жол ережесін сақтамай, жылдамдықты асырып, діт­теген жеріме тез жетемін деп адам өмірін қиятындар да аз емес. Сорақысы, қазір көлікке не таксиге міне қалсаңыз, бойыңызды бір қорқыныш билеп тұра­ды. Өйткені осындай көз көрген, құлақ ес­тіген жайттар санамызда бірінен кейін бірі жаң­ғырып тұр.
Осы тұста өз өмірімізден бір мы­сал келтіре кетсек, күнделікті таксиге мінеміз. Бірақ бейнебақылау орнатылмаған жер­лерде кейбір жүргізушілердің тай­раң­дап кететінін де өтірік емес. Әсі­­ресе межелі жерге тез жетіп, келесі тап­сы­рысты орындау үшін тар жолда құйындататыны тағы қиын.
Былтыр ауданның өзінде барлығы 27 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, салда­рынан 40 адам дене жарақатын алса, 3 адам қаза тапқан. Оның көбіне себеп алкогольді ішімдікті тұтынып, көлік жүргізу болып тұр. Ал кейбірі абайсызда болған оқиғалар ретінде тіркелген. Бұл ақпараттардан, жол қауіпсіздігіне көп кесірін тигізетін жүргізушілердің жүген­сіздігі екенін анық аңғаруға болады.
Көбіне қала ішінде, алыс-жақын ау­дандарға шығатын такси жүргізушілері жол ережесін жаяу жүргіншілер де көп бұзатынын айтады. Олардың айтуын­ша, жаяу жүргіншілердің тәртіпке ба­ғын­бауынан болатын жол апаттары да аз емес. Жолға арнайы салынған бел­гіден емес, белгіленбеген жерден кесіп өту, көліктің алдынан жүгіріп шығу, бағ­даршамға қарамай өте шығу, осылай ке­те береді. Жалпы ІІМ-нің мәліметіне сүйенсек, ең жиі тіркелетін жол апаты жаяу жүргіншілерді қағып кету екен. Кейінгісі көліктің аударылуы, содан соң жолдың қарсы бетіне шығып кетіп, соқтығысу, тағысын тағы.
Жалпы өзіміз көзбен көрген жайтты електен өткізіп, статистиканы ақтарып түйгеніміз жол апатына түрлі жайттар себеп болады. Мәселен, жүргізушінің мас күйінде көлік айдауы, әртүрлі мез­гілдерде ауа райының қолай­сыз­ды­ғы, жолдың сапасыздығы, көліктің сыр беруі сынды мәселелер де бар. Оны полиция мамандары да жоққа шығармайды. Қысқасы, жол-көлік оқиғасынан адамдар талай қайғылы жағдаймен бетпе-бет келіп отыр. Оны азайтудың амалын ен­ді кім, қалай ұсынады, әзірге белгісіз. Жаяу жүргінші де, көлік жүргізуші де жол ережесін сақтаса, бұл мәселенің себебі аза­яр ма еді, кім білсін?! Бастысы, сақ­тан­сақ, сақтайтыны қаперде болсын.

Ақнұр АЛТЫНБЕК

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: