Сүйінші, Қазақ елі! «Қансонар» аңшылар мен аңшылық шаруашылығы субъектілерінің қоғамдық бірлестіктерінің республикалық қауымдастығы «Қазақ тазысының» патент иесі атанды. «Қансонар» қоғамдық бірлестігі 2013 жылы ресми түрде тіркелді. Ұйымның жарғылық мақсаттарына сәйкес «Қансонарға» қазақ тазысы мен төбет иттерінің ұлттық тұқымдарын сақтау, көбейту және жұртшылықтың қызығушылығын арттыру жауапкершілігі жүктелген.
Республиканың өңірлік питомниктерінде алғаш рет Қазақстан Республикасы халықтарының әуелгі ұрпақтары әзірлеген мәдени мұра мен өзіндік ерекшелікті, ұлттық аңшылық дәстүрлері мен тәсілдерін сақтау және тарату үшін қатал жергілікті табиғи – климаттық жағдайларға жақсы бейімделген «Қазақ тазысы» иттерінің жаңа тұқымы құрылған.
Апробацияға дайындыққа байланысты генетика институтымен 2021-2023 жылдары зерттеу бойынша ғылыми жұмыстар жүргізілді, зерттеу объектісі қазақ тазы тұқымының иттері болды. Гендік қордың жай-күйін бағалау және қазақ тазы иттерінің генетикалық бейінін құру мақсатында қауымдастық биоақпарат пен генетикалық материал жинады, генетикалық әртүрлілік параметрлері алынды және олардың жеке ДНҚ-профильдері әзірленді.
Жалпы алғанда, селекциялық жетістікке патент жаңашылдық, ерекшелік, біртектілік және тұрақтылық критерийлері болған жағдайда беріледі. Селекциялық жетістікке патент беретін құқықтық қорғау көлемі тұқымның сипаттамасына енгізілген белгілердің жиынтығымен анықталады.
Селекциялық жетістікке патент Ауыл шаруашылығы министрлігінің мемлекеттік комиссиясының қорытындысы негізінде берілген. Ол бойынша шешім мал шаруашылығы саласындағы селекциялық жетістіктерді сынау және сынақтан өткізу әдістемесіне сәйкес қабылданды. Зерттеулер қазақ тазы ит тұқымының жоғары жүйке қызметінің (ЖЖҚ) типологиялық ерекшелігін анықтады, оның жүйке жүйесінің жоғары жүйке орталықтарының функционалдық жай-күйінің неғұрлым тұрақты, туа біткен және өмірлік қасиеттерін анықтады. Жүгіру кезінде иттердің жұмыс қабілеттілігі мен тұрақтылығының жоғарылау кезеңдері оның жүйке жүйесінің функционалды жағдайына айқын тәуелділікті анықтайды.
Қазақ тазысының ЖЖҚ айрықша тұрақтылығы оны иттердің барлық басқа тұқымдарынан ерекшелейді. «Қазақ тазысы» тұқымының иттері курсинг бойынша, сондай-ақ «Қазақ тазысы» тұқымының иттерінің жарыстары мен сынақтары бойынша жоғары көрсеткіштерімен ерекшеленеді. Барлық өңірде «Қансонар» қауымдастығының өкілдіктерінде жыл сайын «Қазақ тазысы» тұқымды иттердің өңірлік, республикалық асыл тұқымды байқаулары өткізіледі. Экспонатталған иттердің олардың стандартына сәйкестігі туралы сарапшылардың қорытындысы беріледі.
Олар кез келген климаттық жағдайға жақсы бейімделген, комиссиялық бағалау бонитирлеу кезінде аталықтар – 120, аналықтар – 100 балдан кем емес бағаланады. «Қазақ тазы» тұқымының иттері жоғары икемділікке ие, желге, ұзақ қысқы кезеңнің төменгі температурасына және оңтүстік жаздың ыстық құрғақ кезеңіне өте оңай төзеді.
Иә, жүйрік ат, берен мылтық, қыран бүркіт бастап, құмай тазы қостай кететін жеті қазынамыз. Аңға шықса алдына сап, қой бақса қорасын күзететін тазыны қазақ байырғы заманнан құрмет тұтып, қастерлейді. Жаз жайлауға, қыс қыстауға көшіп-қонып жүрген қазақтың жанынан қайда барса да төбеті мен тазысы бір елі қалған емес. «Ашаршылықта бір ауылды асыраған» деген аңызы артынан ере жүретін тазыға халқымыз ерекше көңіл бөлген.
– Бір тазы тұтас ауылды асыраған. Өйткен ол кезде мылтық сияқты құралдар болмаған. Тек тазымен аң аулаған. Біздің құмай тазыларымыздың алмайтын аңы жоқ. Бұл әңгімені ата-әкелерімізден тыңдап өстік. Сол қасиетті үй жануарының тұқымын жоғалтапй, кейінгі ұрпаққа қалдыру біздің парызымыз. Өзім де тазы асыраймын. Бір жағынан жылқы бағамын. Мал баққанға тазы тұқымдас иттердің пайдасы мол. Сондықтан тазы итті бағудамын. Үйдегі тазы итімді Арлан деп атаймыз. Ол маған мал бағуда қолғабыс болды, – дейді кенті тұрғыны Ербол Бисенов.
Тазыны херттеушілер IX, X ғасырда дін таратқан арабтармен ере келген десе, тарихшылар орта ғасырда өмір сүрген жиһанкез Марко Полоның жазбасын алға тартады. Онда далалықтардың аң аулайтын жүйрік иттері туралы жазылған.Жалпы, қазақтың ауыз әдебиетінде құмай таза туралы аңыз көп. Біздің табиғатымызда тазы туралы иероглифтер де көп. Демек тазы мен қазақ бірге жасасып келе жатыр деген сөз.
Құмай тазының текті жануар екеніне ешкімнің таласы жоқ. Дастархан басын тіміскілеп, ашық тұрған асқа ауыз салмайды. Абалап адамға шабу қанында жоқ. Иесіне адал келеді. Сүйрік тұмсық, сырық дене, салпаң құлақ саятшылыққа өзінше бір сән беріп тұрады. Егер ұзын сирақ жазылып жүгірсе, сағатына 80 шақырым жылдамдыққа дейін алады. Сондай-ақ әр өңірдің өзіне тән тазылары бар. Оңтүстікте шағын денелі, аласалау болса, шығыс пен батыстың құмайлары суыққа төзімді, бойы биік келеді.
Біз әлемдік мәдениет пен өркениетті қалыптастыруда үлкен рөл атқарған дана ұлттың ұрпағы екенімізді мақтан тұтамыз. «Мың өліп, мың тірілген» халқымыз қалпы мен айнымас салтын, ұлы дала мәдениетінен мансұқ болған өміршең рухани құндылықтарды айна-қатесіз бүгінгі ұрпаққа мирас етіп отырғаны үлгі етерлік дүние. Ата-бабалар ардақтаған ата салтымыз бүгінде күллі түркі дүниесінің алтын қайнарындай тәлім мен тәрбиеге толы. Қазақтың тұрмыс-салт мәдениетіндегі басты байлығы қасиетті жеті саны мен өрнектелетін киелі қазынасы бар.
Тарихи деректерде Қасым хан 1520 жылы Жайық пен Еділдің арасында үлкен «салбұрын» жасаған. Бұл – қазақ хандарының жігіттер мен нөкерлерін жинап бір-екі айға далаға аңға шығуы. Міне, осындай ұлт мәдениетінің озық үлгілері дәуір тамырындағы тектілігіміздің дәлеліндей. Қазақстан – тазы тұқымының иесі атануы қазақ үшін қуанышты жаңалық болды.
Ж.Махмұтұлы
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!