Қазір қорамыздағы төрт түліктің тек етін жеп, сүтін ішіп отырмыз. Ет, сүт өнімдеріне деген сұраныс жоғары болғанымен, тері-терсек, жүн-жұрқаның қазір бұрынғыдай қадірі жоқ. Мал сойылған жерде теріні ит тартып, қарға шұқып кетеді. Қойдың жүні, ешкінің түбіті кәдеге аспай қалды. Дұрысы, пайдамызға жарата алмай отырмыз. Тері өңдейтін өндіріс орындары ол жоқ…
Аққыр ауылындағы Серік Әлібеков қоян асырауды қолға алған. Оның несі таңсық, үй қоянын екінің бірі бағып отыр ғой дерсіз. Иә, рас, бүгінде білмеймін, Кеңес кезеңінде қоян асырауға қызығушылығы бар жеке адамдардан бөлек, көп ауылдарда қоян өсіретін қосалқы шаруашылықтар болған. Серік ағамыз бұл кәсіпті басқа қырынан дамытпақ. Қорадағы қойдың терісінен тон кимесек те, қолдағы қоян терісінен құлақшын тігуге бел буыпты. Одан бөлек үй қоянының емдік қасиетін де пайдаланбақ. Торда тұрған қояндардың түр-түсі, қимыл-қозғалысы, сүйкімді көжектерінің әрекеттеріне қарап отырудың өзі көп ауруларға ем болатын көрінеді. Қоянды көбейтуді қолға алған кәсіп иесі тек қыстық құлақшын тігіп сатуды емес, осы жағына да мән беріп отыр.
– Қоян өсіріп келе жатқаныма бірнеше жыл болды. Бабы болса, тез көбейетін жануар ғой. Тек дұрыс күтімін жасасаң болғаны. Ең бастысы, қорасы жылы, жайлы, жем-шөбі құнарлы болуы керек. Үй қоянының терісі жұмсақ әрі жылы болады. Қоян терісі үлбіреген жұқа болған соң оны өңдеу барысында өте ыждағаттылық қажет. Жұқа теріні илеудің де өзіне тән технологиясы бар. Иі қанбаған теріден сапалы өнім шықпайды. Тағы бір айта кететін жайт, терінің сапалы болуы тек оны илеуіне ғана байланысты емес, оған қоянды дұрыс күтіп-баптаудың да тікелей қатысы бар. Үй қояны даланың жабайы аңы секілді қолтығы сөгілгенше көсіліп жүгірмейді. Өзіне арнап салынған тар қораның ішінде күні бойы секектеп айналады да жүреді. Тіпті олар кейде уақытының көп бөлігін жер астынан қазып алған ін түбінде қимылсыз өткізеді. Ал қандай да жаны бар жаратылыстың бойында биологиялық өсіп-жетілу кезеңінде физикалық қимыл-қозғалыс баяу болса, қан айналымы төмендейді. Ол өз кезегінде бұлшық ет пен терінің босап кетуіне ықпал етеді. Міне, үй қоянын асырағанда осы мәселеге мән беруіміз керек. Үй қоянын кәсіптік бағытта өсіруді қолға алғандар олардың күнделікті азығына бұлшық етін қатайтып, терісін құлпыртып тұратын қосымша дәрумендер беруі тиіс. Сонда ғана еңбегіңнің жемісін көресің, кәсібіңнің берекесі болады.
Мен бұл жануарларды тек еті мен терісі үшін асырап отығаным жоқ. Сонымен бірге үй қояндарын медициналық мақсатта да пайдаланып көрмекпін. Әрине етін емес, олардың тор ішіндегі тіршілігі арқылы адам бойына жабысқан кейбір ауруды емдеуге болады. Дертті адамды тұмса табиғаттың, жабайы аң-құстың ортасына апарып жанын тазартып, тәнін сауықтыру терапиясы бұрыннан бар. Дегенмен «қоян терапиясын» мен бастап көрмекпін. Ғылыми дәлелі жоқ шығар, әйтсе де бұл жұмысқа тәуекел етуіме себеп бар. Мен бірнеше жылдан бері гипертониямен есепте тұрамын. Қан қысымым өте жоғары. Мені тіркеуге алған дәрігер әр барған сайын бір уыс дәрі жазып береді. Алайда қан қысымы шарықтап кеткенде ол дәрілердің де төмендетуге көмегі болмайды. Осы күні үй қояндарын өзім күтіп қараймын. Уақытылы жем-суын беремін. Сосын олардың әрбір қимыл-қозғалысына, тамақтанғанына, сүйкімді көжектерінің бір-бірін қуалаған ойындарына қарап отырамын. Кәдімгідей ойың бөлінеді, көзің демалады, көңілің көтеріледі, жүрек соғысы баяулайды, миың тынығады. Сосын үй қояны жабайы қояндай бір түсті емес, неше алуан түсі бар. Әсіресе теңбіл, ала, шым қара, мақтадай аппақ түсті қояндар қарап отырған адамға ерекше әсер етіп, жанына тыныштық сыйлайды. Медицинада «түс терапиясы» ежелден қолданылады. Мәселен, түс терапиясы арқылы жүрек-қан тамырлары, жүйке жүйесі, психоз, невроз секілді ауруларды емдеген. Мен тәулігіне қояндарға үш-төрт мезгіл жем-шөп беремін, яғни бір күнде үш-төрт мәрте «қоян терапиясын» қабылдаймын. Қазір шүкір, қан қысымым қалыпқа түсіп, ұйқым да тынышталды. Енді осы тәжірибеме сүйене отырып алдағы уақытта бұл жануарлардың тұрағын жаңалап, көпшіліктің қатысуымен аталған терапияның әсерін бақылап көрмекшімін. Бірден ескертіп қояйын, егер жоспарым жүзеге асып жатса, мен ол қызметімді ақылы түрде жасамаймын. Адал кәсібіңнің жемісін көруден, шын ниетіңмен жасаған жақсылығыңның ләззатын сезінуден асқан бақыт бар ма?! – дейді Серік Әлібеков.
Иә, Серік ағамыз тың кәсіпті қолға алған. Қазір үйінде 50-60 қояны бар екен. Алдағы уақытта басын көбейтетінін айтады. Екінің бірі істей алатын шаруа ғой дегенмен, қоян өсіру және оны тор қораның ішіне қамап қойып, беталды санын көбейтіп, шығынға батпай белгілі бір мақсатта өсіріп, пайдаға жарату көбінің қолынан келе бермейді. Ал қоғамның қат-қабат проблемасынан, отбасының әлеуметтік мәселесінен, жеке басындағы келеңсіз жағдайлардан әбден қажып, жүйке жүйелері шаршап, күйзеліске түскен жандарға демеу болатын Серік Әлібековтың қоян өсіру шаруашылығымен бірге қолға алған бұл ерекшке әрі қызықты кәсібін құптап, қолдау білдіруге әбден болады.
Қуат АХЕТОВ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!