Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

-3°C

, Жексенбі, 22 желтоқсан, 16:43

Құрбан айт қабыл болсын

27.06.2023

666

0

Құрбан айт мерекесінің тарихы сонау Ибрахим пайғамбардың тұсынан бастау алады екен. Содан бері асыл дінімізде дәріптелген діни дәстүр жалғасын тауып, күллі мұсылман қауымның қанына сіңген қасиетке айналды. Асыл дінімізде Алланың берген нығметіне шүкіршілік етіп, орнымен жұмсап, шүкіршілігі ретінде Алла разылығы үшін белгілі бір мөлшерін мұқтаждарға беру керектігін де ескертеді. Алла Тағала қасиетті Құран Кәрімде де қайыр-садақа ретінде не берсеңдер де өздерің үшін жақсы болады. Не берсеңдер де тек Алланың разылығы үшін берулерің керек. Ізгілік жолында не жұмсасаңдар да соның бәрі өздеріңе толық қайтарылады және сендер әділетсіздікке ұшырамайсыңдар деген. Расымен әр адамның істеген ізгі амалы өзіне пайда береді деген.

Биылғы күллі мұсылманның ұлық мерекесі Құрбан айт 28-30 маусым күндері аталып өтіледі. 27 маусым – арапа күні. Аудандағы айт намазы ау­дан орталығындағы «Иманқұл» ме­ші­тінде таңғы сағат 6.00-де басталады. Жалпы, Құрбан айтты атап өтудің мәні мен мағынасы зор. Құрбан айт – отбасы құн­дылығын арттыратын мереке. Ата-анаға, Құдай қосқан жарымызға, бала-шағамызға арнайы сыйлық беру, жаңа киім әперу мейрамның сәнін келтіріп, мәнін арттырады. Мұндайда өскелең ұрпақ Құрбан айттың қадірі мен сауабын сезініп, ізгілікке ұмтылады, мерекені асыға күтеді.
Алла Тағала қасиетті Құран Кә­рімде пайғамбарымызға: «Намаз оқы, құр­бан шал» деп әмір етіп, құрбан ша­лудың уәжіптігін білдірген. Құрбан ша­лудың уақыты айттың бірінші күні айт намазынан кейін басталып, айттың үшінші күні ақшамға аз уақыт қалғанға дейін жалғасады. Асыл дінімізде ақыл-есі дұрыс, балиғат жасына тол­ған мұ­сылман адамға, тұрғылықты ме­кен-жайында болған адамға, нисап мөл­шеріне шамасы келетін адамға міндет­те­леді. Қой, ешкі, сиыр және түйені құрбандыққа шалуға болады. Сиыр немесе түйені жеті кісі бірігіп, ортақ шалуды шариғатымыз құптайды.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір хади­сінде: «Соқырлығы анық белгілі соқыр, ауруы белгілі аурушаң, яғни жүре ал­майтындай дәрежеде болған ақсақ және жілік майы жоқ өте арық малдар құрбандыққа жарамайды» деген. Яғни құрбандыққа шалынатын малдың да жарамдысы, жарамсызы болады деген сөз. Жоғарыда аталған жағдайдағы түлік түрлері құрбандыққа шалуға келмейді.
Негізі мұсылман адам тілімен де, қолымен де басқаларға зиян кел­тірмейтін болу керек. Сол секілді құр­бандықтың орындалу тәртібіне де баса назар аудару керек. Мәселен, пышақты малға көрсетпей қайрап әкелу, малды сол жамбасымен жатқызу, кеудесімен Құбылаға қарату, құрбан шалуға ниет ету, «Бисмилла, Аллаһу әкбар!» деп айту, малдың өңеш, кеңірдек, екі жағындағы екі тамырын қоса кесу, малдың қаны толық ағып болғанша және жаны шыққанша күту керек. Құрбандыққа шалынған малдың үштен бірі өз отбасына, бала-шағасына, үштен бірі туған-туыс, көршілеріне, ал қалған үштен бір бөлігі кедей және мұқтаж адамдарға үлестірілуі керек. Бұл жерде ескеретін жайт, құрбандыққа шалынған малдың терісінен, етінен қасапшыға қызмет ақысы ретінде берілмейді, теріні сатып ақшасын садақа ету қажет.
Айта кету керек, шектік беру шариғи міндетті амал емес. Дегенмен қайтыс болған адамның атынан немесе о дү­ниелік кісіге құран бағыштау ние­ті­мен Алланың разылығын көздеп құр­бан шалуға болады. Осы тұста на­­зар­ға алатын маңызды мәселе сойы­латын мал Алланың ғана аты­мен бауыз­далады. Қайтыс болған адам­ның атымен бауыздалған мал арам болып есептеледі. Кей өңірлерде осы шектік беру амалы құрбан айт на­мазынан кейін құрбандық ниетімен мал бауыздап, артынан құран оқыту және сол оқылған құранның сауабын марқұм болған жақындарына бағыштау үрдіске айналған десе де болады. Тағы бір ескеретін жағдай, айт намазынан бұрын сойылған мал құрбандық болып саналмайды. Осы жөнінде адамзаттың асылы пайғамбарымыз «Кімде-кім айт намазынан бұрын құрбандық шалса, құрбандығын қайта шалсын» деп ескерткен еді.

Жалпы, Құрбан айт мерекесі мейі­рімнің мерекесі болуы керек. Бұл күні ренжіскендер татуласуды, үлкен жү­рек­тен шығатын игі істерді, сауапты амал­дарды көбірек жасауды, жетім-жесір­лерге қол ұшын созып, мұқтаж жандарға жәрдемдесуді мүмкіндігінше атқаруға тырысуы керек. Өйткені адам баласының дүниеге келудегі мақсаты – Аллаға құлшылық ету, Жаратушысына бойұсыну. Ал құлшылықтың негізі мұ­сылманға міндеттелген бес парыздан тұрады. Өзгелерге жәрдем беру, қуанту, мейірім шуағына бөлей алу мен қайырымдылық жасау – мұсылманның кемелдену жолы.
Асыл дінімізде айтылғандай, құр­бандық шалу тек мал бауыздаумен ғана шектелмейді. Онда адамның ішкі ниеті, шын пейілі, дінге бекемдігі, тақуалығы, басқаларға жанашырлығы таразыға түседі. Сондай-ақ пенденің пендешілігі мен мәрттігі, сараңдығы мен жомарттығы да сыналады. Сондықтан барлық игі істің, ізгі амалдың бастауы ниет екенін әркез есте ұстау керек. Әңгімеміздің тұздығында айтқан мысалымыз осы сөзімізді қуаттай түспек.


Нұржамила АЛМАСҚЫЗЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: