Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

3°C

, Бейсенбі, 05 желтоқсан, 17:08

Қызыл ғаламшардың құпиясы

06.02.2021

1584

0

Жер – адамзаттың асыраушысы. Бірақ жеті миллиардтан астам адамды бауырына қысып, шайқап отырған Жер-Анамыздың күннен-күнге тынысы тарылып келеді. Бауырындағы перзенттері Жер-Ананың тұла бойын жаралап, шұрқ-тесік қылды. Адамзаттың ашкөздігі мен ысырапшылдығы жер шарындағы пайдалы қазбалардың қорын тауысуға жақын қалды. Мәселен, қазірде Африка құрлығында табиғи ауыз судың қоры күрт азайып кетті. Қара нәсілді халық аштықтан бұрын ауыз судың зардабын тартып отыр. Ғалымдар ішуге жарамды тұщы судың тапшылығы ХХІ ғасырдың он жаһандық қатерінің бірі деп санап және сарқылып қалған ауыз суды қайта қалпына келмейтін табиғи қорлардың қатарына жатқызып, дабыл қақты. Жер шарындағы экожүйенің бұзылуының салдары тек Африкаға ғана емес, ғаламға қауіп төндіріп отыр. Ал бұл экологиялық мәселені туындатып отырған ғаламдық жылыну үдерісі. Оны да адамзат өз қолымен жасап келеді. Ғаламдық жылынуға жоғары қабаттағы ауаның шамадан тыс құрғап, маусымдарда жауын-шашынның аз түсуі себеп болып отыр дегенді айтады ғалымдар. Есесіне, климаттың өзгеруінен Антарктидадағы мәңгі мұздықтар еріп жатыр. Құдай бетін әрмен қылсын, егер оңтүстік полюстегі мұз тоңы түгел еритін болса, жер бетіндегі тіршілік атаулы су астында қалады. Табиғи апаттардан бөлек, адамзат қолымен жасалған қиянаттарға шыдамай, Жер-Ана ара-тұра күңіреніп, тұла бойын бір «сілкіп» алады. Бұл – Жер-Ананың төл перзенттерінің ашкөз әрекеттеріне деген наразылығы…

Соңғы уақытта әлем елдерінің ғарышты игеруде белсенділігі артты. Бірақ бұл бұрынғы екі алып мемлекет – Кеңес одағы мен Американың ғылыми даму жолындағы өзара бәсекесі емес, тіршілік үшін жанталас. Жоғарыда айттық, жер қойнауындағы адамзаттың өмір сүруіне қажетті табиғи қор түгесілуге жақын. Сондықтан да адамзат келешек өмірін басқа ғаламшарда жалғастырғысы келеді. Бірақ ол әзірге тек қиял секілді. Адамзат баласы ғарышқа жол салғанымен, шексіз кеңістіктің әлі миллионнан бір бөлігін де толық зерттей алған жоқ. Оған әлі ақылы жетпей отыр. «Құс жолы» Галактикасының құрамына кіретін Күн жүйесіндегі сегіз планетаның жерге ең жақыны және ұқсасы – Марс. Күнге жақындығы жөнінен төртінші тұрған ғаламшардың аты ежелгі римдіктердің соғыс құдайы Марстың құрметіне қойылған екен. Оған себеп, планетаның қан түстес болғандығынан дейді. Ал Марсқа бабаларымыз «Қызыл жұлдыз» деген атау беріп кеткен. Расында телескоппен қарағанда Марс қызғылт реңкті болып көрінеді екен. Бұны астрономдар ғаламшардың атмосферасында темір оксидінің көп болуымен байланыстырады. Күнделікті көк жүзіне көз жіберіп, аспан денелерінің қозғалысын қалт жібермей бақылып отырған ғалымдар шексіз кеңістіктен адамзат баласының тіршілік кешуіне лайық ғаламшар табылып қалады деген үміттерін үзбей келеді. Бірақ әзірге Марстан қолайлы планета таба алған жоқ және одан әріге ғылымның да мүмкіндігі шектеулі болып отыр. Расында қызыл ғаламшар жерге өте ұқсас. Фабос және Деймос деген екі серігі бар. Марстың диаметрі Жерден екі есе кіші, салмағы 9 есе жеңіл болғанымен, өз осін 24 сағат 37 минут 22,7 секундта айналып шығады. Марстағы жыл мезгілдері де Жердегі маусымдық ауысымдармен сәйкес келеді. Бірақ сәл ұзақтау. Онда оттегі жоқ. Сондықтан Марста адамның салмағы 2,5 есеге дейін жеңілдейді. Қызыл ғаламшардың экваторындағы температура күндіз 30 градусқа көтеріледі, ал түнде минус 80 градусқа жетеді. Тіпті полюске жақын аймақта 143 градусқа дейін төмендейді. Әрине мұндай температурада адамзат баласы тіршілік кеше алмайтыны белгілі. Сондықтан да 1964 жылдан бастап Марсты зерттеудің жаңа кезеңі басталды. Жерден жіберілген планетаралық автоматты стансалардың көмегімен Қызыл ғаламшар жан-жақты зерттеліп келеді. АҚШ Аэронавтика және ғарыш кеңістігін зерттеу жөніндегі ұлттық басқармасы жіберген қондырғылары Марс бетінің белгілі бір аудандарындағы көп мөлшерде тұз концентрациясының шоғырлануынан бір кездері Марста су қоймаларының, яғни мұхиттар мен теңіздердің болғанын дәлеледі. Иә ғалымдар төрт миллиард жыл бұрын ғарышта тіршілік болған деп болжап отыр. Қазір Марс бетінде адамзат жіберген аса «ақылды» роботтар ондағы топырақтың құрамына зерттеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Олардың күнделікті жерге жіберетін ақпараттары мен суреттері және бейнежазбалары Қызыл ғаламшардың ішке бүккен құпиясын там-тұмдап болса да ашуға мүмкіндік туғызып отыр. Марс бетін кезіп жүрген қондырғылар жер бетіндегі таулардан да биік шыңдарды, сөнген жанартауларды, сондай-ақ құрғап қалған үлкен өзен арналарын тапты. Бұл жоғарыдағы Қызыл ғаламшарда бір кездері тіршілік болған деген сөзімізді дәлелдей түседі. Алайда қазір Марста озон қабаты жоқ. Сондықтан онда қысым өте төмен. Адам онда ауа толтырылған арнайы скафандырсыз бір минутта өмір сүре алмайды. Демек, бір кездері өз тұрғындары болған бұл планета да бауырындағы саналы тіршілік иелерінің қайырымсыздығынан өмір сүруін тоқтатқан деп болжауға болады. Қызыл ғаламшардың Жерден қарағанда қан түстес болуы да басынан кешкен қасіретінің таңбасы шығар, мүмкін…


Әлемге әйгілі миллиардер, өнертапқыш, инженер, ғылымға жаңалық енгізіп, жаңа технологияларды өмірге әкелген бірнеше компанияның негізін қалаушы Илон Маск осыдан бірнеше жыл бұрын Марсты зерттеуге бел шешіп кірісті. Оның мақсаты да – адамзаттың болашақ жаңа тұрағын табу. Илон Масктың 2022 жылдан бастап Марсқа адам қоныстандырамын дегені біреулерді таңғалдырса, енді біреулердің күлкісін келтірді. Алайда Илон Маск өзі жайында айтылған түрлі пікірлер мен алып-қашпа әңгімелерге мән бермей, өз мақсатын жүзеге асырып, жобаларының өміршеңдігін дәлелдеу үшін барын салып жатыр. Тіпті миллиардер өзіне тиесілі барлық ақшасын осы мақсатқа жұмсайтынын да айтты. Өйткені ол күндердің күнінде экологиялық апаттан немесе үшінші дүниежүзілік соғыстан соң Жер өз тіршілігін тоқтататынына сенімді. Қызығушылығынан бұрын өнертапқышты сол үрей осындай қадамға баруына тәуекел еткен болуы да мүмкін. Расымен адамзаттың келешегі үшін осыншама күш жұмсап жүрсе, Илон Маскке алғыстан басқа айтармыз жоқ. Бірақ Марсты отарлау ауызбен айта салғанға ғана оңай.


Қызыл ғаламшар Жерге қарағанда Күнді біршама қашықта айналады. Сондықтан Марстың беті суық. Илон Масктың айтуынша, Марста адам өмір сүре алатындай атмосфера қалыптастыру үшін мұз болып жатқан көмірқышқыл газын еріту керек, сонда ғаламшардың атмосфералық қабаты қалыңдайды. Оның бірінші жолы: адамзаттың болашақтағы ортақ үйіне алып генераторлар орнатып, жасанды жолмен жылы ауа ағысын жасау. Бірақ бұл қыруар қаржыны талап етеді екен. Ал екінші жолы – термоядролық бомба. Адамзат баласының үрейін ұшырып отырған термоядролық бомбамен Марс бетін соққыласа, мұз кейпіндегі көмірқышқыл газы еріп, атмосфера құрылымын өзгертеді. Әрине бұл да Илон Масктің болжамы ғана. Бірақ ғалымдар оның ғылыми негізін жоққа шығармайды.


Қалай болғанда да, экологиялық апаттардың зардабын тартып келе жатқан Жер шарының келешек ғұмыры жайлы ойланған адам үшін америкалық миллиардердің Марсты «тірілту» мақсатында қолға алған жобалары үміт отын жылтыратады. Әйтсе де миллиондаған жылдар бойы тіршілік иелерінің мекені болған Жерді сақтап қалу адам баласының қолында тұрғанын ұмытпауымыз керек.
Қуат АХЕТОВ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: