Қызылорда қаласында бір күнде ересектердің қарауынсыз қалған үш бала көп қабатты үйдің терезесінен құлап кетті, деп хабарлайды Казинформ.
Оқиға кеше, 12 мамырда облыс орталығында болған. Сағат 21.37-де көп қабатты үйдің үшінші қабатындағы балконнан үй иесінің 2017 жылғы қызы мен 2018 жылғы туысы құлап кеткен. Олар әртүрлі дене жарақатымен ауруханаға жатқызылды.
Сондай-ақ, қаланың сол жағалау бөлігінде көп қабатты үйдің бірінші қабатының терезесінен үй иесінің 2021 жылғы баласы құлап кетті. Ол әртүрлі дене жарақатымен ауруханаға жатқызылған.
«Ата-аналардан кішкентай балаларды қараусыз қалдырмауды сұраймыз. Москит торы балаларды терезеден құлаудан қорғай алмайды. Ересектердің қарауынсыз балалардың балконға шығуына рұқсат бермеген жөн. Әрбір баланың өміріне ата-анасы жауапты екенін естен шығармаған жөн», – деп мәлім етті Қызылорда облыстық Төтенше жағдайлар департаментінен.
Ведомство мәліметінше, биыл мұндай 7 оқиға тіркелген. Былтыр олардың саны 14 дерекке жетті.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!