Қызылорда қаласының Астана болғанына 100 жыл және Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына арналған «Дәуірлер тоғысындағы Сыр өңірі: тарих және тағылым» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Маңызды жиын Қызылорда қаласындағы Достық үйінде ұйымдастырылып, оған зиялы қауым өкілдері, ғалымдар, Ассамблея құрылымдарының мүшелері, этномәдени бірлестік жетекшілері мен жастар қатысты.


Шараның модераторы – Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағанбет болды.
Конференцияның ашылуында облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Зинабдинұлы қатысушыларға өңірдің тарихи ерекшеліктері мен ел өміріндегі айрықша орнын атап өтті.


– Сыр өңірі – көне өркениет іздері сайрап жатқан, тарихы терең, тағылымы мол мекен. Бұл өңірде ұлт тарихының ең маңызды шешімдері қабылданып, Алаш ардақтылары ел мүддесі жолында тер төкті. 1925 жылы дәл осы қалада халқымызға «қазақ» деген атаудың қайтарылуы – тарихи әділдіктің орнауының айқын көрінісі, – деді ол өз сөзінде.
Сонымен бірге Мейрамбек Шермағанбет Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдық мерейтойының ел бірлігі мен этносаралық татулықты нығайтудағы маңызын атап өтті.

– Бүгінде өңірде 30-дан астам этнос өкілі тату өмір сүріп, 11 этномәдени бірлестік түрлі бағыттағы мәдени-ағартушылық шараларды тұрақты өткізіп келеді. Бұл – елдегі демократиялық ұстанымдардың нығайғанының айғағы. Қазіргі таңда Қызылордада жаңа «Достық үйі» салынуда. Құны 3 миллиард 800 миллион теңге болатын бұл ғимарат «ҚазАтомӨнеркәсіп» компаниясының қолдауымен бой көтеріп жатыр және Ассамблеяның 30 жылдығына тарту ретінде жыл соңына дейін пайдалануға берілмек, – деді облыс әкімінің орынбасары.
Одан кейін сөз алған Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің басқарма төрағасы-ректоры, филология ғылымдарының кандидаты Бейбіткүл Кәрімова өңір дамуына университет ғалымдарының қосып отырған үлесін атап өтті.
– Қызылорда университеті өңірдің ғылыми-интеллектуалдық әлеуетін арттыруға, жас зерттеушілер мен тарихшылардың жаңа буынын тәрбиелеуге атсалысып келеді. Біздің ғалымдар Сыр өңірінің бай тарихи мұрасын зерттеп, ұлттық руханиятты жаңғырту жолында жүйелі еңбек етіп жатыр, – деді ол.
Конференция барысында Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым комитеті Философия, саясаттану және дінтану институтының директоры, әлеуметтану ғылымдарының докторы, ҚХА Ғылыми-сарапшылық кеңесінің төрағасы Айгүл Сәдуақасова «Қазақстан халқы Ассамблеясы – азаматтық мектеп ретінде» тақырыбында баяндама жасады.

Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Сейдулла Садықов «Ұлттық рух алдаспаны немесе қалай қазақ атандық» атты мазмұнды баяндама жасап, ұлттың тарихи жадын сақтау мен рухани сабақтастықтың маңызын айрықша атап өтті.
Түркия Республикасының Ескишехир Османгази университетінің оқытушысы Метин Эрдоган екі ел арасындағы білім және ғылым саласындағы өзара ынтымақтастық бағыттарына тоқталды.
Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің «Тәрбие жұмысы және жастар саясаты» департаментінің директоры, тарих ғылымдарының кандидаты Қайрат Анарбаев этносаралық диалог мәдениетін қалыптастырудағы жастардың рөлі мен халық даналығының тәрбиелік мәні жөнінде ой қозғады.

Ал Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Ғабит Тұяқбаев «Қызылорданың астана кезеңі және қазақ зиялылары» тақырыбында баяндама жасап, Сыр өңірінде еңбек еткен Алаш ардақтыларының ұлт тарихындағы орны мен қызметін жан-жақты саралады.

Жиын соңында қатысушылар Сыр өңірінің астана мәртебесін иеленген кезеңдегі тарихи шешімдер мен сол дәуірдің тағылымды тәжірибесін зерделеудің маңызын атап өтіп, алдағы Ұлттық құрылтайдың Қызылордада өткізілуін ел бірлігі мен рухани жаңғыру жолындағы маңызды қадам деп бағалады.
– Тарихты білу – өткенмен өмір сүру емес, одан тағылым алып, келешекке нық қадам жасау. Сыр бойы – елдіктің, бірліктің, мәдениет пен өркениеттің ордасы. Бүгінгі конференция соның дәлелі, – деді жиынды түйіндеген облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағанбет.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!