Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

3°C

, Сейсенбі, 21 қаңтар, 15:02

Қызылшадан екпе ғана қорғайды

21.01.2025

29

0

Қазіргі таңда қоғамда қызылша ауруы үрей тудырып тұр. Жалпы қызылша – қызба, интоксикация, дақты-папулалы бөртпе, энантема, конъюнктива және жоғары тыныс жолдарының зақымдалуымен сипатталатын жедел вирустық инфекциялық ауру. Ол адамға ауа тамшыларымен жөтелгенде, түшкіргенде, сөйлескенде жұғады. Қызылшамен ауыратын адаммен тіпті қысқа уақыт қарым-қатынаста болған жағдайда екпе алмаған адамдардың дертті жұқтыру қаупі өте жоғары.

Ол пневмония, бронхит, энцефалит сияқты асқынулармен қауіпті. Меди­циналық көмекке кеш жүгінгенде және қызылшамен қатар басқа аурулар болған жағдайда бұл асқынулар өлімге әкелуі мүмкін. Катаральды құбы­лыс­тар­мен, яғни қызба, бас ауруы, әл­сіз­дікпен аурудың алғашқы бел­гілері пайда болады. Бөртпе пайда болған кезде дәрігермен кеңесіп, оның барлық ұсы­нымдарын орындау керек. Қызылша ауруы бастапқы кезеңде суық тию сияқ­ты көрінуі мүмкін, сондықтан дәрі­герге уақытылы барған жөн. Жіті респи­раторлық аурулардың белгілері бар балаларды мектепке дейінгі ұйымдар мен мектепке жібермеген абзал.
– Қызылшадан ең тиімді қорғану жолы – уақытылы вакцинация. Ол Ұлт­тық екпелер күнтізбесіне енгізілген, сон­дықтан екпе тегін жүргізіледі. Вак­цинация үшін қызылшаға қарсы қауіпсіз және тиімді вакцина қызамық пен паротитке қарсы компонентпен қоса қол­данылады. Негізінен дертті ден­дет­пеудің тиімді жол вакцина қабылдау болып табылады. Сондықтан халық мамандардың кеңесіне құлақ асса дейміз. Өздеріңіз көріп отырғандай, уақыт өткен сайын елімізде ахуал күр­де­леніп келеді. Бұған мамандар ғана емес, қарапайым халық та бейжай қара­мауы керек, – дейді аудандық сани­тариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Гүлзираш Айымбетова
Аймақта 1557
жағдай нақтыланған

Статистикаға сүйенсек, өткен жылы облыста лабораториялық зерттеу нә­ти­жесімен қызылша ауруының 1 557 жағдайы нақтыланған. Олардың 1364-і 14 жасқа дейінгі балалар арасында анық­талды. Оның ішінде 365-і бір жасқа толмаған сәбилер. Ересек тұрғындар арасынан 193 науқас тіркелген.
Мамандардың аутынша, облыстағы қызылша бойынша эпидемиологиялық ахуал тұрақты. Аурушаңдық көрсеткіші айтарлықтай төмендеген. Сондай-ақ ауырғандардың басым бөлігі екпе алмағаны белгілі болған. Олардың саны жалпы сырқаттанушылықтың 72 пайызын құрайды.
Негізгі себептеріне медициналық қарсы көрсетілімдерге байланысты егі­летін жасқа жетпеген, вакцинациядан бас тарту, жоспарлы вакцина алуға тиісті мерзімде негізсіз себептермен келмеу секілді жағдайлар жатады. Сондай-ақ 180 науқастың қызылшаға қарсы иммундық мәртебесі белгісіз екендігі анықталған. Оған қоса кейбір науқастар қызылшаға қарсы екпенің толық курсын алмаған. Салдарынан ауруды жұқтырып алу дерегі тіркелген.

Ауырғандардың 57 пайызы
1 жасқа толмаған сәбилер

Ауданда былтыр қызылшамен ауыр­ған 22 жағдай орын алған. Ауыр­ғандар­дың 63 пайызы балалардың үлесіне тиесілі. Оның ішінде 57 пайызы 1 жасқа толмаған сәбилер болса, 17-і уақытылы екпе алмағандар болып табылады. Бүгінде қызылша, қызамық, паротитке қарсы міндетті профилактикалық екпе оңтайлы деңгейде, яғни 95 пайыздан төмен емес көрсеткіште орындалуда.
Ауырғандардың ішінде екпе алған науқастар да бар, алайда маманның айтуынша, олар қызылшаға қарсы екпенің толық курсын алмаған, тек 1 дозасын алған, яғни ағзада толық иммунитет қалыптаспағандар арасынан ауруды жұқтырып алу деректері орын алып отыр. Аудан көлемінде қызылша ауруының алдын алу мақсатында тұр­ғындар арасында санитариялық ағар­ту шаралары жүргізілуде.

Балаларға 12 айлығынан
екпе алуға рұқсат етілген

Инфекция көзі – ауру адам. Инкуба­циялық кезеңнің 2-інші күні, бөртпелер шыққаннан кейінгі 4 күнге дейін қауіпті. Ал 5-інші күнгі бөртпелері бар адам ауруды жұқтырмайды деп саналады. Бұл аурумен ауырып жа­зылған адам өмір бойы иммунитетін сақтайды. Ал ауырған ана­лардан туған балалар 3 айға дейін бұл ауруға шал­дықпайды, өйткені осы аралықта олар­дың қанында аналық антиденелер сақталады.
Егілмеген адамдар қызылшаны жұқ­тыруға бейім болады және өзінің өмі­рінде кез келген жаста ауырып қалуы мүмкін. Инкубациялық кезеңі жұқтыр­ғаннан кейін бірінші белгілері пайда болғанға дейін, яғни 7 күннен 14 күнге дейін созылады. Есте сақтайтын ең маңызды жайт, ауру бөртпе шығудан басталмайды, ол суық тию белгілерімен басталады. Яғни дене қызуының 38-40 градусқа көтерілуі, әлсіздік, тәбеттің болмауы, құрғақ жөтел, мұрынның бітуі. Кейінірек конъюктивит (көздің шырышты қабығының қабынуы), сонымен қатар беттің шырышты қабығында ұсақ ақ дақ­тар пайда болады.
Түтеп келгенде қызылшаның алдын алудың ең тиімді әдісі вакцинация бо­лып табылады. Қы­зыл­шаға қарсы егу – вирусты жасанды жолмен тоқтату, нә­тижесінде ағза өзін қор­ғайтын имму­нитет жасайды. Ең ал­ғашқы вак­ци­нацияны балаларға 12 ай­лығында, екіншісін 6 жаста жасалады. Егу тұрақты қор­ғанысты тудырады. Мына жайтты ескерген жөн, жоспарлы ек­педен бас тарту тек өзіңіздің ғана емес, басқа да ба­лалардың өміріне қауіп төндіреді.


Ж.АРЫН

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: