Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

1°C

, Жұма, 21 ақпан, 23:03

Рашидтың шаштаразы

08.02.2025

125

0

Мемлекет тарапынан берілетін қолдауды тиімді пайдаланып, бүгінде аядай ғана ауылда кәсіпкерлікке бет бұрғандар аз емес. Сөзімізге кәсібін ашқанына көп болмаса да, тұрақты тұтынушылар жинап үлгерген Рашид Оразбай дәлел. Кейіпкеріміз – Бұқарбай батыр ауылының тұрғыны. Әріптестеріммен елді мекендерге жасаған сапарымызда Рашидтің үйінің ауласынан ашқан шағын кәсібіне табан тіреп, тыныс-тіршілігімен таныстық. Шағын ғана шаштараздың іші ұядай жинақы, жанға жылу беріп тұр.

Барсақ, кейіпкеріміз Рашид Ораз­бай кезекті тұрақты тұтынушысын қа­былдап жатыр екен. Бұған дейін шаштараздың жұмысын оңай кәсіп деп ойлайтынмын. Шын мәнінде әр адамның келбетіне сай етіп шаш үлгісін қиып беру үшін де үлкен өнер мен қарым-қабілет керек екенін бүгінгі сапарда түсіндім. Сонымен қатар бұл мамандық асқан шыдамдылықты да қажет етеді екен, себебі шашатараз күні бойы тік тұрып жұмыс істейді.
Кейіпкеріміз кәсібінің ең алғашқы қадамын үйінде туған-туыс, достарының шашын қиюдан бастаған. Оның жасаған жұмысына көңілі толып, той-томалаққа барар кезде үйіне іздеп келетін тұ­тынушылар қатары артқан соң қолынан келетін істі кәсібіне айналдыруды жөн көріп, шағын кәсбінің негізін қалауына ауылдағы ағайынның сұранысы сеп болған. Былтыр «Бизнес Бастау» бағдарламасы арқылы қайтарымсыз грантқа құжат тапсырып, кәсібі 1 млн 470 мың теңге қаржылай қолдау тапқан. Кейіпкеріміздің ақшаны қолына алған бойда өзге мақсатқа жұмсамай, түгелімен кәсібіне салып, қажетті құрал-жабдықтарын сатып алғаны көрініп тұр. Шағын ғимаратта отырса да тұтынушыларының талғамынан шығып отырған ол алдағы уақытта кәсібінің көкжиегін кеңейтуді де көздеп отыр.
– Ешқандай оқу оқығаным жоқ. Алғашқыда мектепке баратын кішкентай балалардың шашын алып бастадым. Кейін үлкен ер адамдар да тұрақты келіп тұратын болды. Жалпы бұл кәсіп түрімен айналысқаныма 10 жылдан асты. Тек ауылмен ғана шектелмей, Еңбек, Таң, Мәдениет, Мырзабай ауылдарынан да кәсібіме сұраныс жоғары, арнайылап іздеп келетін тұрақты тұтынушыларым бар, – дейді Рашид Оразбайұлы.
Иә, ауылдан шаштараздың ашылғаны тұрғындарды қуантпай қоймасы анық. Бұл кәсіп ауыл тұрғындары үшін де, көршілес ағайындар үшін де тиімді. Халық арасындағы қолжетімділік артып отыр. Олар бүгінде аудан орталығына сабылмай, ауылда қолжетімді бағада шағын кәсіптің игілігін көріп отыр. Кәсіпкердің алға қойған жоспары да жоқ емес. Ең үлкен арманы – осы кәсібінің тынысын кеңейту. Одан бөлек өзі секілді ауылдағы жастарды тұрақты жұмыспен қамту.
– Мен осы ауылдың азаматымын. Шыны керек, шашымыз тез өсетіндіктен Рашидке жиі келеміз. Бұл кәсіп әсіресе мектеп жасындағы балаларға тиімді болды. Бұрын ауыл балалары жәй ғана шаш қидыру үшін аудан орталығына барып, бірнеше сағат кезекте тұратын. Ал қазір ауылда Рашидтің қолы босағанда келіп, шаштарын қидырады, – дейді ауыл тұрғыны Дастан Ерғалиев.
Ауыл әкімінің міндетін уақытша атқарушы Сейілбек Оспановқұловтың айтуынша, алдағы уақытта ауыл ішінен көпбейінді орталық ашылмақ. Біз мақаламызға арқау еткен шаштараз Рашид Оразбайдың кәсібі мен 2 сүт өнімдерін өндіруді қолға алған және кондитерлік өнімдер пісіретін кәсіпкер ауыл халқына қызмет етпек.
Иә, мемлекет тарапынан кәсіп ашамын деген жандарға қашан да қолдау бар. Табыс тайқазаныңызды тасыту үшін алға қойған мақсатыңыз бен ынтаңыз болса жеткілікті, ауылда тұруыңыз еш кедергі емес. Өз ісіңіздің шебері болсаңыз, тұтынушылар жағына да алаңдамасыңыз болады. Себебі бүгінгі кейіпкеріміздің жасаған жұмысына тәнті болатын көршілес ауылдағы халық өзгеге емес, тек Рашид ағайдың қолы босағанын күтіп, жолдың алыстығына қарамай, ауылға қарай атбасын бұрады.

Ақтоты БҮРКІТБАЙ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: