Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

3°C

, Бейсенбі, 21 қараша, 19:21

Сәрке батыр

19.06.2023

9495

0

Еншімізге егемендік тигелі сан тарапқа даңғыл жол ашылып, кем-кетіктің түгенделгені белгілі. Соның ішінде түрлі мүдделердің орайына сай түрленген қазақ даласындағы шайқастар жайы қайта қарауды қажет ететін олқылықтың бірі еді. Себебі көптеген оқиғаларда қақтығыстың өткен орны, соғыс нәтижесі, хронологиялық шеңбері, кейіпкерлердің нақтылы есім-сойы секілді сұрақтар ашық қалатын. Тәуелсіздік алған шақта ойы-мұратымызды бүкпесіз жеткізіп, шындықты ашық айтуға мүмкіндік туып, мұрағаттағы ақпарлар жарыққа шыққаны тағы бар. Міне, осындай артықшылықтар батырлар жолын зерттеуде жылдар бойы бөгет болған кедергілерді бір сәтте еңсерді. Тұлғалар мәліметі молайып, тың мағлұматтар аясы кеңіді. Жалағаш өңірінің баһадүрі Өмірқұл баласы Сәрке батыр туралы ақпар да соңғы уақытта көп жарияланған мәлімет қатарында. Отандық ғалымдар мен қаламгерлер ізденген халық қаһарманының өмір бедері уақыт өткен сайын жаңа қырынан ашылып, тың оқиғалармен толығып келеді.

17-18 ғасырлардағы Ұлт азаттық қозғалысы қолбасшыларының бірі болған Өмірқұлұлы Сәрке батырдың есімі қазаққа жақын таныс екені анық. Әкесі Өмірқұл кіші жүздің же­тіруындағы табынның Есенбай ата­лығынан шыққан дәулетті бай бол­ған екен. XVII ғасырдың 90 жыл­дарында қазіргі Ташкент қаласының төңірегінде жаз жайлауда отыратын Өмірқұл байға мыңғырған мал қо­ныпты деседі. Ел арасында Өмір­құл байдың жылқысының көптігі аңызға айналыпты. Шыршық өзені бойын мекендеген сәтінде өзеннің төменгі ағысындағы жұрт аяқ астынан өзен суы сарқылып қалса, Өмірқұл бай­дың малы суға құлаған екен деп түсінетін болған екен дейді.
Тіпті, бір деректерде, Өмірқұл байдың сансыз жылқысынан Әз Тәуке ханның әскеріне ат әзірлейтін айтылады. Ол да оңай шаруа емесі анық. Жылқыны тай күнінен тасқа байлап, әбден езіп әскери әдіске, мініске үйреткен кейін «бестісінде» ханның арнайы өкілдері арнайы таңба салып, сыннан өткенін сатып алып отырған көрінеді. Содан бір күні Өмірқұл бай хан ордасына бар­мақ­қа бекіп, даярлық жүргізіпті. Төрт түлік малдан кеңестегі билерге сыбаға даярлап, саба-саба қымызын жібереді екен. Ақырында Өмірқұл бай түрлі сияпат алып, Ордаға аттанады. Ордадағы Пір Мүсірәлі сый-сияпатты қабылдап, халыққа теңдей бөліп бергеннен кейін Өмірқұл байдың бұйымтайын сұрапты. Сонда Өмірқұл бай рызық-несібе беруші Аллаға разы екенін жеткізе, өзінен туған балалары малға ие болғанымен, қол бастайтын батыр ұлдың керектігін айтыпты. Сол сәтте Мүсірәлі әулие Аллаға сыйынып: «Сәркедей ұл берді, ел бастайтын, Қарқарадай қыз берді, көш бастайтын. Аллаға разы бол» деп бетін сипапты дейді. Сәл­ден кейін: «Алла қосса, келер жыл­дары балалы боларсың, ұлдың атын Сәрке, қыздың атын Қарқара атар­сың. Алланың ризалығымен Сәркеге бересің» деп қолына «жа­сыл» туды ұстатыпты.
Аталған оқиғаны Шоңбай Жұ­бан­ұлының шежіресінде былай тарқа­тады:

– Өтеуден туған екен Өмірқұл бай,
Асулы ет қазанында, қайнаулы шай.
Қареке, Қалман менен Құлшық туып,
Сәркені үшеуінен көріпті жай.
Былайғы үш баласы момын болып,
Әркімдер бір билепті олжасындай.
Осыны Өмірқұл бай азар көріп,
Сопыны мазалаған барып қоймай.
Келеден бура, жылқыдан айғыр алып,
Тірілей дізіп барған бірін соймай,
Тілегің осы болса депті Пірі,
Қыз бердім қол бастайтын Қарқарадай.
Ұл бердім ел бастайтын Сәрке деген,
Кідірмей қайт депті енді мазамды алмай.
Сол Сәрке батыр болды жұртқа мәлім,
Талайдың кетірген ол суға салын.
Қалмақпен, Қоқан менен Қарақалпақ,
Күйзелтіп олжа етіп алған малын.
Қалмақпен қарсыласып неше жылдай,
Айдатып алған екен жан мен барын.
Әз-сопы Мүсірәлі бергеннен соң,
Дұшпанға тарттырыпты қайғы-зарын, – деп көркем бейнелепті.
Сол сапардан Өмірқұл бай көңілді оралып, әулие Мүсірәлі айтқандай, көп ұзамай әйелі қыз туып, қыздың атын Қарқара, онан соң ұл босанып, атын Сәрке атапты. Өмірқұл бай баласы Сәрке мен қызы Қарқараға қазақи тәрбие беріп, Бұхара мен Үргеніштен оқымысты кісілер ал­ды­рып оқытқан екен. Балалар да ақыл­ды, зерек, оқымысты болып өседі.
Бай балаларды түрлі өнерге, дағдыға машықтандырып, баулиды. Тіпті қаз тұрып жүргеннен бастап ат арқасына айылдап таңып, ашамайға отырғызады. Уақыт өте екеуі де ат құлағында ойнайтын нағыз шабан­доздар болыпты.
Күндердің-күнінде Өмірқұл бай Алаштың ең қадірменді ақсақал-қол­басшылары қарт Текей батыр мен Әз Тәуке ханның жасынан тәр­бие­шісі болған «Аталық» Бидас ба­тырды қонаққа шақырған екен. Өмір­құл бай Текей мен Бидасты бірнеше күн аялдатып, қонақтарға ауыл балаларының өнер-білімдерін көр­сетіп, көңіл сергітеді. Әсіресе, Текей, Бидас ақсақалдар Сәрке мен Қарқара қыздың өнер-білім­де­рін қызыға тамсаныпты. Екі ба­ла­ның келешегіне үміт артып, артынша Ордадағы әскери мектепке алды­рады.
Мұнда да атақты қолбасшылар соғыс айла-тәсілін үйретсе, ғылым, сопылық ілімнің қыр-сырын ұқ­­ты­ратын оқымыстылар да дәріс беретін көрінеді. Мектеп қабыр­ға­сында тә­лім алған Әбілқайыр, Абы­лай, Бө­кенбай, Есет, Сәрке, Есенгелді, Бәйтен, Сәлтеке, Тайлақ, Майдан, Рысымбет, Қабай, Кеген, Жәнібек, Қожаберген, Қабанбай, Бөгенбай, Қа­расай, секілді қолбасшылар мол тәжірибе жинаған деседі. Бұл мек­тепті алғаш ұйымдастырушы әз Тәуке ханның тәрбиешісі, Бидас «Ата­лық» болатын.
Осылайша, мектепті бітіріп, сардар дәрежесін алған Сәрке мен Қарқара қыз соғыс өнерінің қыр-сырын толық меңгереді. Тіпті, кей деректерде Қарқара қыз талай шайқастарға қатысып, қол бастаған деген де ақпар бар. Қайсар қыз кейін өздерімен қыз алысатын Табын руынан шыққан жігітке ұзатылып, Барақ, Асау атты қазақ батырларын дүниеге әкелген.
Енді бірде Сәркеге еншілес «жа­сыл» туралы мына бір қызық ақпаратты саралаған жөн секілді. Жасынан ақылды болып бой жет­кен Қарқара қыз 17-ге келгенде «Қарақойлы» табында Сатып­алды дейтін бай Өмірқұл байға кұда түсіп, Қарқараны алады. Онда Қарқара ұзатылар алды еркелікпен Мүсірәлі әулиенің Сәркеге арнап берген жа­сыл туын жасау ішіне салып өзімен алып кетеді.
Сәрке болса бұл жайдан хабарсыз жүре беріпті. Күн өткен сайын күші артқан бозбала қатарластарымен ойнаса, мертіктіретін қуатқа ие бол­ған екен. Сондай сәттердің бі­рінде, мертіккен баланың шешесі ба­ла­сына ара түсіп, Сәркеге:
– Босқа алысып, қағынғанша, ана Қарқараның жасауымен кеткен туыңды барып алмайсың ба?! – депті ашынып.
Содан мәселенің мән-жайына қаныққан Сәрке жасыл туды іздеп, Cыр елінен Ақтөбедегі апасы Қар­қараның ауылына аттанады. Сағы­нысып табысқан бауырының шаңы­рағында біраз уақыт болып, кейіннен Қарқараға Сәрке Мүсірәлі әулие берген жасыл туды алып кетуге кел­генін айтады. Сол сәтте әпкесі інісіне қасиетті туды табыстаған көрінеді.
Қазақ тарихындағы қаралы жыл саналатын «Ақтабан шұбырынды» кезеңін Сәрке батыр бастан-аяқ өткерді десе де болады. 1720-1730 жылдар шамасында қалмақ бектері Жоршын мен Тайшы бастаған 35 мыңдық қалмақ қолы шегінген қазақ қолын өкшелеп, қазіргі Жезқазған өңіріндегі Білеуті, Бұланты өзен­дерінен өтіп, Қарақұмның «Ұлы құ­мындағы» жықпыл-жықпыл құмы­на таяйды.
Бұл жау қолын құмға енгізуді жоспарлаған Әбілқайыр ханның құрған тұзағы еді. Себебі «Ұлы құмда» еркін кескілесуге қолайсыз аймақ болғанымен құнды-тұғын. Тау болып үйілген құмдар қалмақтардың амалын құртып, мұндай жағдайды шайқасуға дайын емесін көрсетеді. Мұндай ахуалды тиімді пайдалнған Әбілқайыр хан кеңес жүргізе отырып пайдалы әдіс қолданады.
Сонда Әбілқайыр Сәрке ба­тыр­мен оңашада баһадүрге қол астындағы кіші жүз жетіру қазақ­тарынан құралған жеті мың әскерімен тосқауылда қалуын бұйырады. Хан: «Сәрке батыр, мына қалың қалмақты он екі күн осы жерден жылжытпайсың. Құдай қалап, амандықта болсам, мен де жетермін» депті. Сонда Сәрке: «Хан, он екі күнің ұзақ қой, біздің жаназамызды шығарып кет» деп уәж айтыпты. Сол жерде Хан Әбіл­қайыр осы жердегі молдаға жеті мың адамның жаназасын тірілей шығартады.
Сәрке күрең жүзді, күрең көзді, күрең қызыл шашты, сом-сом денелі шырайлы жігіт болды. Қорқуды білмейтін, жеке-дара ер болатын. Әбілқайыр хан Табын Бөкенбай батыр мен Тама Есет батырды кеңесші ағалыққа даярлады. Елубасылар қара Кете Ұлтай мен Кегенді жүз адамымен, Қаратамыр Есенғұлды елу адамымен, Кішкене Шекті Киік­байды елу адамымен, Алтын Сәлтекені екі жүз адамымен, Табын Бәйтенді Сәрке батырдың жанпейіл қорғаушысы етіп қалдырады. Қалған әскерімен Әбілқайыр Арқадан ауып, Қарақұмның қойнына кірген, одан әрі Жаңадария, Сыр бойына еніп кеткен. Аралдың қолтық-қолтығындағы қа­зақ жұртының артынан ат шап­тырып, кеудесінде жаны бар қазақ маған жетсін дейді. Нұрадағы Алтықұдық, Қыземшек, Бәйбіше тауының етегіне ту тігеді. Осы жерде отырып, әскер жиып қанды соғысқа дайындық жүргізеді.
Көнекөз қарттардың айтуынша, Сәрке батыр өзі тосқауылда қалған “Шилі” деген жерде қалмақтың сілесін қатырып, қаша ұрысқа салған екен. Оларды құмға обықтырып, артынан орағыта тиіп, бірден көп әскер жұмсауға мүмкіндігі жоқ төбе-төбеге тығып, сілесін қатырыпты. Сонда барып Жоршын мен Тайшы көп әскерге жолықтық деп құмға кіріп, арандап қалғандарын бір-ақ сезеді. Ендігі амал ретінде қалмақатар әскерін Бұланты, Білеуті өзендеріне қарай бұруға қам жасапты. Сол сәтте Сәрке батырдың әскербасы батырлары қалмақтың алдын орап, еркін шегінуіне мүмкіндік бермей, дамылсыз он екі күн соғыс өткізеді. Қалмақ ғана емес, қазақ әскерінің де қатары сиреп, он бес күн уақыт өтеді. Амалы құрыған қалмақтар бас-көзге тым-тырақай шегініп жүріпті. Бір кезде Жоршын мен Тайшы Бұланты өзенінің жағасындағы биік төбенің басынан майдан даласына қарап тұрып, азғантай қазақтың қалмаққа бөрідей тиіп жүргеніне таңдай қағады. Осылайша қазақ әскері Сәркенің қалмақ қолымен соғысқанына он жетінші күнге ауады. Кейін Бұланты өзеніндегі Сары Төбе «Сәркенің сары төбесі» аталып, ақ тас қойылған екен.
Шайқас кезінде Сәрке батыр соңғы шабуылға өтіп, қалмақтың қалың әскерін жайпай Сары төбенің басындағы қалмақ бектеріне беттепті. Жете жығылған Сәрке ба­тырды Төбе басында тұрған Жор­шынның қақ жүрегінен көк сүңгіні қадап үлгеріпті. Сол мезетте қа­мыстың артына жасырынған қал­мақтың арнайы жасақ мергендері Сәркенің арқа тұсынан атып, өл­тіреді. Осылайша тірісінде жауы­рыны жерге тимеген баһадүр жау атқан жебеден шайқас үстінде Қарақұмның «Сәрке Ақшиі» деген аймақта мерт болады. Батырдың денесін бастапқыда Қарақұмға уа­қытша қойылғанымен, кейіннен та­бын руының теке аталығынан шық­қан Жүзжасар билер мүрдені қа­зіргі Қорқыт ата қорымына қайта жер­лепті. Қазіргі таңда сол қорымда Сәрке батырмен бірге оның ұлы Ағайдар, немересі Байқадам мен шөбересі Сейіл батырлар жерленген.
Орайы келгенде айта кетейік, Сәркенің немересі Байқадам батыр Мәскеу хандығына дейін беделі жүрген даңқты би әрі батыр болған. Ал Байқадамнан тараған Сейіл батыр мен Бұқарбай батырдың ерлігі мен азаттық жолындағы жой­қын жорықтары жөніңде тарихи жаз­ба­лар көптеп кездеседі. Баһадүр қаһармандар туралы Жайық Есір­­кеп­ұлының «Сәрке батыр», Мәді­бай Байтөреевтың «Байқадам ба­тыр», Жақсылық Адамбаев пен Рау­шанбек Смағұловтың «Киелі жерім – Ақсуым» атты тарихи кі­тап­тарында толық баяндалып, кеңі­нен таныстырылған. Сондай-ақ Камал Бердаулетов, Ахат Жанаев, Арыс­танбек Қонысұлының «Азаттық қоз­ғалысы және Сәрке батыр», Май­дан Түйімбетовтің «Табын Өмірқұл бай» тақырыбындағы мақалаларда қаһарманға қатысты жаңа мәлі­мет­тер ұшырасады.
Сонымен шайқастың он жетінші күн дегенде Әбілқайыр хан да әс­керімен жеткен екен. Алайда Сәрке батырмен майданға кірген әскерден санаулы сарбаз ғана аман қалған екен. Әбілқайыр хан жетісімен ба­тырға қарсы келуге батылы жетпей, ту сыртынан оқ атқан қалмақ атауын (Қалмаққырылған) жарға жығып, қынадай қырады. Осы жеңіс қазақ халқының рухын көтеріп, атулы жеңістерге жол ашады. Бұл ұрыс тарих беттерінде «Қалмаққырылған» шайқасы деген атаумен мәңгі қалды. Аталған сұрапыл соғыс отыз алты күнге созылып, қазақтың толық жеңі­сімен аяқталған екен.
Бір қызық ақпарат, Сәрке баһадүр майданда ерлікпен қаза тапқан сәтте Қарқара апасы Сәркеге бата жасап, төркін жұртына кеуіл айта келеді. Сол сапарда Сәркенің Пір Мүсірәлі сыйлаған жасыл туын қайтып қалап алып қайтыпты.
Кейін аңыз-әңгімелерде Қарқара­ұлы Барақ батырдың «жасыл ту­лы» атануының сыры да осында екен. Осы тұрғыда Барақ батыр Сатып­алдыұлы «Барақ» дастанында мы­надай жыр жодарын айтады:

«Кіші жүздің ішінде
Табын дейді затымды.
Сатыпалды баласы
Барақ дейді атымды.
Шешемнің аты Қарқара
Жібермен жауға ақымды.
Алты Алашқа белгілі
Нағашым Сәрке батыр-ды, – деп өз жұрты мен нағашы әулетінің қадір-қасиеті мен күш-қарымын жеткізгені екен.

А.Жұмаділда,
Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: