Абай облысындағы алапат өртті сөндіру жұмыстары 3 бағытта жалғасып жатыр, деп хабарлайды Egemen.kz.
Қайсар өрт сөндірушілердің қызыл жалынмен арпалысып жатқанына 6 күн өтті. Әйтсе де бірнеше күн бойы соғып жатқан екпінді жел тілсіз жауды ауыздықтауға кедергі болып тұр. Осы тұста жалын ошақтарына тартылған өрт сөндірушілердің қатары тағы 300-ге тарта құтқарушымен толықты. Қазіргі уақытта отты ауыздықтауға 1 800-ден астам адам, 350-ге жуық техника мен 15 тікұшақ жұмылдырылды.
«Хабар 24» арнасына сұхбат берген өрт сөндірушілер Астанадан 12 адам жәрдемдесуге келгенін айтты.
«Түнде жалын қызарып көрініп тұрады. Желдің екпіні бәсеңдегенде отты ауыздықтаймыз. Бірақ күндіз қайтадан жел көтеріп алады», деді өрт сөндіруші Айдын Есеманов.
Қазіргі уақытта жақын маңдағы елді мекендерге қауіп төніп тұрған жоқ. Пилотсыз ұшу аппаратын пайдаланған құтқарушылар тілсіз жау Қаштақ орманшылығынан Семей қаласына қарай бағыт алғанын анықтаған. Жедел іс-қимылдар мен қабылданған шаралардың арқасында бұл жалын тез арада оқшауланды.
«Таңғы сағат 04:00-те шығамыз, Түнгі 3-4-ке дейін орманды аралап жүреміз. Әрқайсымызды учаскелерге бөліп тастаған, сол аймақтарда тұтанған жалынмен күресеміз», дейді өрт сөндірушілер.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!