Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

-2°C

, Сейсенбі, 03 желтоқсан, 22:13

Шетелдік әндерге неге құмармыз?

07.01.2024

1575

0

Жақында елордада өткен Akon концертінде қазақстандық бойжеткендер әлемге масқара болды. Әншінің әніне масайған қыздарымыз іш киімін сол жерде шешіп, шетелдік қонаққа бағыттап лақтырған. Артынша бұл іс-әрекет әлеуметтік желіге видео ретінде тарап, қазақстандықтардың ызасын келтірді. Әлеуметтік желі қолданушылары «Сұмдық, не деген ұят», «Мынау не масқара», «Қыздар, ұялмайсыңдар ма» деген сынды пікірлер жаудырды. Халықтың мұндай сыны орынды деп ойлаймын.

ҚР Ақпарат және мәдениет ми­нис­трі Аида Балаева қыздардың бұл әрекетіне қатысты ойын айтты. «Әри­не, ұят тірлік. Кейде шектен шы­ғып кетеміз. Шығармашылық ин­дус­трия тұрғысынан айтатын болсам, ха­лықаралық деңгейдегі әнші­лер­дің елге келуі – заңдылық. Біздің де әншілеріміз аудиторияларын үлкейту үшін шетелге барып концерт қояды» деді министр. Сонымен қатар А.Балаева шетелдік өнер­паздардың елге келіп, концерт беруіне тыйым салынбайтынын да жеткізді. Нақтырақ айтсақ, коммер­циялық кештер болғасын, біз оларға кедергі бола алмайды екенбіз.
Иә, соңғы уақытта елімізге ше­т ел­­дерден түрлі әншілер жиі келіп, өнерін паш етуді дәстүрге айнал­дырғандай. Бұрынғыдай емес, тәуел­сіз елдің ұрпақтары бүгінде әлем мә­дениетімен етене танысып, өнерін қуана тамашалайды. Ал шартараптың түкпір-түкпіріндегі өнер иелері қазақ елін де тани бастаған сынды.
Мәселен, жақында Астана мен Ал­маты қаласына 2000 жылдары әлем­ге танылған Akon, 50 Cent се­кілді әлемдік деңгейдегі эстрада ән­ші­лері концерт қойды. Бұл әншілер елімізге келеді дегеннен концертті тамашалуға ынтық жандар билетті аз ғана уақыттың ішінде талан-таражға салған. Оларды тамашалауға 12 мың көрермен жи­налған, стадион іші-сырты лық толған. Билет құны да арзан емес екен. Екінің бірінің шетел ән­шісін тыңдауға қалтасы көтермейтін көрінеді, билет 20 мыңнан бастап 500 мың теңгеге дейін сатылған. Бір жа­ғынан қуануға болады, әлемдік дең­гейдегі танымал жұлдыздардың елі­мізге жиі келуі жалпы халықтың әл-ауқатының жақ­сара бастағанын да білдіреді.
Алайда шетелден әншілер шақы­руды қолдамайтын қазақ­стандықтар да бар. Оған себептері де жеткілікті. Олардың «гонорары» аз емес. Әсіресе мұхиттың арғы бетінен ат терлетіп ке­летіндер 2-3 сағатта долларды шы­тырлатып алады да кетеді. Ақшасын алып қана қоймай күмәнді пікір қалдырып кететіндері тағы бар.
Мәселен, алматылықтардың алғы­сына бөленген 50 Cent-тің концерттен кейін әлеуметтік желідегі жазбасы қа­зақстандықтардың ашуына тиді. Әнші Қазақстанды Боратпен байла­ныстырып жазба жариялаған. «Ал­маты, Қазақстан, жарды! Егер «Борат» фильмі болмаса не айтқа­ным­ды тү­сін­бес едіңіздер. Мен таңғал­дым», деп жазды әнші. Небәрі 2 сағатта жазбаға жүзден астам қазақ­стандық­ пікір қалдырды. Олар «Борат» фильмінің Қазақстанға қатысы жоқ екенін жарыса жазып, әншінің кон­цер­тіне барғанына өкінгендей сыңай танытты.
Бұл туралы ҚР Парламенті Мәжілісінің де­путаты Аманжол Әлтай Үкіметке жол­даған сауалында қозғады. «Рэпердің біздің елге қарата әлеуметтік желіде айтқан алғысы келекеге айналды. Қорыта айтсақ, елімізге гастрольмен келген шетелдік әншілер мен шоу­мендерге аңқау елге арамза молда болып жүрген арзанқол ақыл сауда­лағыш түрлі «коучерлерге» ешқандай талғаусыз есігімізді айқара ашып қойдық. Соның зиянды салдарын қазір тартып жатырмыз» деді депутат.
Әрине бұл әншілерді жеке адам­дар отбасылық тойларына шақырып жатса, ештеңе дей алмайсың. Алай­да еліміздегі концертті ұйым­дас­­ты­рушылардың шетелден өнер иелерін талғамсыз шақыруы қанша­лықты орын­ды деген заңды сауал туындайды.
Мәселен, кешегі келген Akon мен 50 Cent секілді әншілер кезінде атағы шығып, дүрілдеп тұрғанымен, бүгінде өнерге деген құштарлығы сол кездегідей емес, тіпті жаңа әндері де жарық көрмеген. Қазіргі жасөспірімдер мұндай әншілердің бар екенін де біл­мейді. Сонда қазақстандықтардың мұ­хиттың ар жағындағылар тыңдап бол­ған әндерді бүгін тамашалауы мақтанарлық дүние ме?
Жоғарыда аты аталған өнер жұл­дыздарын көмейіне бұлбұл мекендеген талантты әнші деп те айта алмайсың. Белгілі субмәдениеттің өкілдері ре­тінде қалыптасқан әншілер. Рас, ке­зінде мектеп оқушысы, студент ретінде талғамымыздан шыққан болар. Со­ның әсері шығар, бүгінде ұмыт бол­ған әншілердің біздің елде қайта тулағаны. Шыны керек, олар біздің Әміре Қашаубаев, Роза Рымбаева, Димаш Құдайберген секілді әлемдік конкурстарда жүлделі болмақ түгілі, конкурсант та атанбаған.
Нақтырақ айтсам, Әміре Қа­шау­баев 1925 жылы Парижде өткен Дү­ниежүзілік сән өнері көрмесінде этно­графиялық концертте «Ағаш аяқ», «Қанапия», «Үш дос», «Жалғыз арша», «Қос балапан» және тағы басқа әндерді орындап, екінші орын алып, күміс медаль иеленді. «Париж апталығы» газеті мен «Ле мюзикль» журналы Әміре Қашаубаевтың сирек кездесетін талант екенін жазса, Сарбонна уни­верситетінің профессоры Перно фо­нографқа оның орындауында бір­­­неше ән жазып алған. Осылайша Әмі­ре Қа­шаубаев шетелде өнер көр­сетіп, қазақ елін танытқан тұңғыш әнші болды.
Халық әртісі Роза Рымбаева 1977 жылы сол кездегі ең беделді өнер номинациясы Алтын Орфейді жеңіп алды. 1979 жылы С.Бәйтерековтың «Әлия» әнімен Стамбулда өткен халық­аралық әншілер байқауында лауреат атанды. 1983 жылы Кубадағы байқауда бас жүлдені иеленді.
Ал еліміздің сүйікті әншісі Димаш Құдайберген Витебск қаласында өткен XXIV Халықаралық эстрадалық ән орындаушылар «Славян базары – 2015» байқауында гран-при жеңіп алды. 2017 жылы Димаш «Top Chinese Music Awards» номинациясының жеңім­пазы атанды. Әншінің PR-директоры Алпамыс Шаримовтың айтуынша, біздің әнші «Азиядағы ең атақты әнші» номинациясына ие болған. Міне, осы секілді әншілерімізді бүгінгі жастарға кеңінен неге насихаттамасқа? Әйтпесе жасөспірімдердің Әміре мен Розаның әнін тыңдамақ түгілі кім екенін де білмейді десем қателеспеймін.
Рухани жаңғырамыз деп ұлттық жобаға қырық пышақ болып, дау­ры­ғып, сұхбат жасап, танымдық ша­ра­лар өткізіп, бағдарлама жасап, белсенді жұмыс істеп, дәстүрлі өнерге көңіл бөліп жатқанымызда бір жағынан ау­зы­нан боқ сөз шығып, ән айтқан өнер иелерін төрге шығарып жатқанымыз дұрыс па? Әрине бағасын тыңдарман қауым береді. Біздікі ой салу.

Жандос ЖАЗКЕН

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: