Шымкентте жүргізушісіз жүріп кетіп, алты адамды қағып кеткен автобус апатына қатысты сот отырысы жалғасып жатыр. Айыпталушы – автобус жүргізушісі. Екінші отырыста судья, мемлекеттік айыптаушы тарап куәгерлерге сұрақ қойды. Куәгерлер күтпеген деректер айтты, – деп хабарлайды Zhalagash-zharshysy.kz тілшісі «Отырар» сайтына сілтеме жасап.
Сот алдында 49 жастағы жүргізуші Хайрулла Юлдашев жауап беріп жатыр. Ол абайсызда бес жаяу жүргіншінің өліміне әкеп соқтырған жол ережесін бұзды деп айыпталып отыр. Екінші сот процесінде куәгерлерден жауап алынды. Шамамен 20 куәгер бар.
Сот отырысында ең алдымен Shymkent Bus автопаркінің басшысы Ерғали Истамбеков жауап берген. Оның сөзінше, 8 сәуір күні айыпталушыда демалыс күні болған және №21 автобусты Мамыржан Жолдасов тізгіндеуі керек болған.
Алайда олар басшылыққа ескертпей кезекшілік күнімен ауысқан екен. Бұл туралы автопарктегілер жол апатынан кейін білген. Куәгер Хайрулла Юлдашев автобусты айдамас бұрын көлікті тексеріп алуы керек еді дейді. Одан бөлек, белгіленген жерде тұраққа қойып немесе автобусты қол тежегішіне қойы қажет еді.
Сонымен қатар, жүргізушінің әрекетін түсіріп тұратын камерадағы жазбаны алу мүмкін болмаған. Жүргізушілердің бірі камераны басқа жаққа бұрып қойғаны анықталған.
«Сондықтан салондағы сол кездегі жағдайды көру мүмкін болмады. Камераны жүргізушілер бұрып қойған болуы мүмкін. Себебі олар салонда темекі шегіп отырады және кейде жолаушыларға билет бермейді. Сондықтан Юлдашев қол тежегішін басты ма, жоқ па – біле алмай отырмыз», – дейді автопарк басшысы Ерғали Истамбеков.
Сотта сол күні жұмыста болуы қажет болған Мамыржан Жолдасов та жауап берді. Оның сөзінше, Жолдасов оқиғадан бір ай бұрын жұмысқа орналасқан. Жолдасов олар сол күні не үшін кезекшілікпен ауысқанын айтпаған. Оның сөзінше, сол күні алты адамды қағып кеткен автобус оның атына тіркелмеген.
Еске салайық, 8-сәуір күні Шымкентте бос автобус жүріп кетіп, 6 адамды қағып кеткен еді. Оқиға орнында 3 адам, ауруханада 2 адам қайтыс болды. Олардың ең үлкені 43 жастағы жалғызбасты 5 баланың анасы. Ең кішкентайы 14 жастағы 9-сынып оқушысы.
Ажал құшқан ересектердің бәрі отбасыларының асыраушысы болған. Ал, қайғылы оқиғадан аман қалған жалғыз адам бүгін ауруханадан үйіне шықты. 18 жастағы бойжеткен де 6 бауыры мен анасының жалғыз асыраушысы. Анасының айтуынша, әзірге жауаптылардан ешқандай көмек келмеген. Және ем-домға да біршама қаржы керектігін жеткізді.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!