Дүние дыбыстан, бояудан, қозғалыстан тұрады. Осы үшеудің үйлесімінен өмір пайда болған. Жер бетінде қанша адам болса, олардың өмірге деген көзқарасы да сан қилы. Айналасындағылардан дүниенің шулы дүрмегін анығырақ естіп, қызылды-жасылды бояуын қанығырақ сіңіретіндерді кейбір қоғамдық орта дұрыс қабылдай алмай жатады. Дұрысы, оларды терең түсіне алмайды. Содан да олар топтанған қара қарғаның ішіндегі ала қарғадай болып ерекше көзге түсіп, көпшіліктің назарын аударады. Күнделікті күйкі тірліктің күйбеңімен төңірегін шыр айналып шиырлап жүрген, танымы тереңге тарта алмайтындар амал жоқ, әлгілерді бос қиялдың жетегінде жүргендердің санатына қоса салады. Адам өмірін биологиялық жолмен жаңару мен ескіру деп түсініп, дүниені материялық жаратылыс ретінде ғана таныған топқа олардың қан тамырында тынымсыз тулап аласұрған әр сәттегі ішкі жан хәлі, жадындағы жанартау секілді жаңғырықтар, санасындағы сілкіністер, жүрегіндегі бұлқыныстар, жанарының ішіндегі сан құбылған сиқырлы бояу адам баспаған беймәлім арал секілді жұмбақ күйінде қала береді…
Мақаламыз өнер адамы жайында. Алайда алыстан орағытып бастап отырғанымыздың да өзіндік себебі бар. Осыдан бірнеше жыл бұрын жерлесіміз, суретші, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Батырбек Тұрабаевтың аудандық тарихи-өлкетану музейіне қойылған туындыларымен танысудың сәті түсті. Қасымда тұрған бір апамыз майлы бояумен жазылған картиналарға қарап тұрып: «Ой, Алла, мына суреттерді музейге неге қойған? Дәл мынадай шимайларды менің бес жасар немерем де салады ғой», – деп ерінін сылп еткізді. «Иә, қазір не болса соны өнер деп дәріптейтін болдық қой», – деп қостады жанындағы ер адам. Екеуі де егде жаста. Алғашында музейге кіріп, өлке тарихымен танысып, өнерді, адамзатқа ортақ құндылықтарды қадірлеп, бағасын бере алатын жандар секілді көрінген соң сүйсінген едім. Бірақ әлгі сөздерінен кейін оларға деген көзқарасым күрт өзгеріп, көңілімнің сарайы азынап сала берді. Сөз саптауларына қарағанда екеуі де өнерден алшақ адамдар емес. Кәсіби болмаса да, педагогикалық деңгейде өнерге баға бере алатын қабілеттері бар секілді. Десе де, бейнелеу өнері төңірегіндегі түсінік-танымының таяз екенін көрсетті…
Белгілі қылқалам шебері Батырбек Тұрабаев тек аудан руханиятына ғана емес, қазақ бейнелеу өнеріне де үлес қосты деп айтсақ болады. Тек кенепке түскен «тылсым» туындылары үлкен көрмелерге қойылмай, әлгіндей көрермендердің таңданысын тудыра алмай келе жатқаны болмаса. Иә, Батырбек ағамыздың әр жылдары жазылған картиналары аудандық мұражайда тұр қазір. Біздің айтып отырғанымыз, мына суреттегі абстракт жанрында жазылған бес картинасы. Туындыларының бәрінде өмір бар. Бірақ ол біз сүріп жатқан өмірден басқаша. Суретшінің көзқарасымен жасалған әлемі. Ол әлемге ену үшін суретші болып туудың қажеті шамалы, тек өмірдің қуаныш пен қайғыдан тұратын ақ пен қара бояуын бойыңа сіңіре алсаң болғаны. Бір суретшінің туындыларын миллиондаған көрермен тамашалайды. Бірақ сол миллиондаған көрермен әлгі картинадан әр түрлі әсер алуы мүмкін. Тіпті олардың туындыны қабылдауы картина авторының түпкі мақсатымен тоқайласпауы да мүмкін. Бірақ ол үшін көрмеге келгендерге кінә артпай, құрметпен қараған жөн. Бастысы, көрмедегі туындылар оларға ой салып, қиялын қозғайды. Ал адам қиялының шегі жоқ…
Менің түсінігімше, Батырбек ағамыздың «Инелік пен көбелек» деп аталатын картинасында өмір шүпілдеп тұр. Суретші тіршіліктің дамуы мен ондағы қайшылықтарды, алуан түске еніп құбылған өсімдік сабағы мен жапырақтары және көбелек пен инелік арқылы берген. Бірақ көбелек пен инелік гүл арасында ұшып жүрген жоқ, бір-біріне қанаттарынан жалғанып бір сәт дамылдап тұрғаны бейнеленген. Ендеше, бұл картинаның мен түсінбеген басқа да психологиялық астарлы иірімдері болуы мүмкін. Ал тақырыбы жоқ екінші картинадағы жартылай бейнелер суретшінің көзіне түсіп, көңіліне құйылған қоғамның, дәуірдің қилы көріністері секілді. Ескі мұнара, жүрдек пойыз, моно қалалар, жан-жануарлар, балықтар, ескі жәдігерлер, аспан әлемі, өркениет өкілдерінің іс-әрекеті және осындай шым-шытырық бейнелердің дәл ортасында құшағы айқасқан ер мен әйел тұр. Суретші бұл картинада жер бетіндегі барлық тіршілік адамнан бастау алатынын және ғаламдық өркениетте адамзаттың қолтаңбасы бар екенін бейнелеген секілді. Яғни адамның ең жоғары ақыл-ойдың иесі екенін, тіршіліктегі ең аяулы, ең қадірлі жаратылыс екенін айтқысы келген. Сондай-ақ картинадағы бояулардың түсіне үңілсең, өмірдегі жақсылық та, жамандық та адамнан екен ғой деген ой санаңнан жылт ете қалады тағы да. Өйткені картинада күңгірт және ашық реңк басым. Ал «Өркениет толқындары» деп аталатын үшінші картинадан суретішінің ішкі жан дауысын естисің. «Өркениеттің түбі – құрдым». Бұл сөз осыдан бір ғасыр бұрын айтылған. Рас! Картинада көк теңіз бейнеленген. Жал-жал толқындары жағаны ұрып жатыр. Тақырыбы айтып тұрғандай, өркениеттің толқындары шығар. Жаңа ғасыр көне дәуірді жағалауға шығарып тастаған. Анау жатқан бал-бал тас, арбаның доңғалағы және басқа да жәдігерлер. Ескіні жаңаның алмастыруы заңдылық дегенімізбен, жалпы адамзаттық құндылықтарды өркениеттің толқындары шайып кетіп жатқаны суретшіні алаңдатады. Анау теңіздің сұрғылт аспанында қанатын жайып шарқ ұра шаңқылдаған ақ шағаланы мейірімсіз ғасырдан руханиятты қорыған автордың бейнесі деп қабылдауға болады.
Тағы да тақырыпсыз картина бар. Онда суретші адамзат басындағы қасіретті, соның ішінде кешегі екінші дүниежүзілік соғыстағы қазақтың тартқан тақсіретін жазған сияқты. Қара көлеңкеде қаһарлы қолбасшы Сталинның сұлбасы, қанатына қайғы тиеп алып қара түнек аспанда самғап бара жатқан жау ұшағы, жүзін қасіреттің таңбасындай әжім торлаған ақ кимешекті кейуана, егіс даласында өгіз соқамен жер жыртып жүрген жесір әйел, сонымен бірге келіншектің шылым қыстырған шиедей еріні мен гитара және жас жігіттің миынан гүлдеп тұрған алқызыл лала соғыс пен бейбітшілікті байланыстырады. Картинаның төрт бұрышындағы жақтауы адамзаттың күдігі мен үмітін құрсаулап тұр. Ал, анау «Найзағай» деп аталатын туынды сиқырлы бояуымен еріксіз назарыңды аударады. Суретшінің қиялына байланған қылқалам иен далада құйрық-жалы шұбалған ақ боз бен сал күреңді шұрқырата табыстырыпты. Бұл – суретшінің сол сәттегі ішкі жан дүниесін ойран-топан еткен арпалыс немесе керісінше, қайшыласқан шым-шытырық ойларының бір арнаға тоқайласып, көңілі байыз тапқан кезі болуы әбден мүмкін. Түн болса да төңірек ине іздесе табылардай жап-жарық. Алайда картинаға қараған көрерменнің көзіне ең алдымен қара түнді қақ айырған найзағай түседі. Найзағай жасыны – адамның ішкі рухы. Найзағайдың айналасына берілген қызылды-жасылды түстер әр сәттегі көңіл-күйдің сыртқа шыққан көрінісі деп түйсек болады. Әрине бұл – суретшінің туындыларынан алған менің әсерім. Оның бұдан бөлек сан қатпарлы қыры мен сыры бар. Оны да әр адам әр қалай «оқиды».
Жалпы бейнелеу өнеріндегі абстракт жанры – суретшінің көз алдындағы заттың сыртқы сипатынан басқа, ішкі қасиетін, тіршілік құбылыстарының мәнін, сол қоғамдағы адамдардың басынан кешкен күйлерін ойша сезінуі және қабылдағанын кенепке түсіретін әдіс. Батырбек Тұрабаев ағамыз осы әдісті терең меңгерген. Суретші әр жазған картинасының астарын ашып, түсінік беруге міндетті емес, оны көрерменнің ырқына қалдырған. Ойлану үшін, ой салу үшін, өзгеру үшін, жабыққанда жан дүниесін жұбату үшін, темірдей қатайып бара жатса жұмсару үшін, бордай езіліп бара жатса жігерлену үшін, рухтану үшін. Сол үшін де қылқалам шеберлерінің туындылары музейге, көрмеге қойылады. Ал біз сол дүниелерді «оқымаймыз», тек көзімізбен көреміз. Көз көргенмен, көңіліміз қабылдамайды. Содан соң ернімізді сылп еткіземіз…
Қуат АДИС
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!