Соңғы жылдары әлемде болып жатқан соғыс, мүмкін болатын геосаяси және стратегиялық сценарийлер кімге болса да көңілге кірбің түсіруде. Сарапшылардың айтуынша, Украина, Газа, Тайвань мәселелері, Иранның ядролық бағдарламасы, Таяу Шығыстағы Израиль-Араб қақтығыстарының ықтималдығы, қара алтын бағасының тұрақсыздығы секілді жайттар халықаралық саясатқа терең әсер ететін оқиғаларды тудыруы мүмкін. Бүгінде әлем елдері қиын да тұрақсыз кезеңді бастан өткеруде. Мәселен, соңғы 2 жылда 78 қақтығыс толығымен қайта басталды немесе бұрыннан бар болған қақтығыстар қайтадан өрбуде, қысқасы, үшінші дүниежүзілік соғыс дүбірінен тысқары қалып отырған жоқпыз.
Жазықсыз жұрт жан тапсыруда
Мемлекеттер арасындағы соғыс пен түрлі қақтығыстар күн сайын мыңдаған адамның өмірін қиюда. Мәселен, Our World in data мәліметінше, соғыс салдарынан әлемде 2020 жылы 49,3 мың адам қайтыс болған. Мемлекеттің қатысы жоқ, яғни 2 немесе одан да көп ұйым соғысып жатқан қақтығыстар сол жылы 23,6 мың адамның өліміне себеп болды. Ал бір ғана ұйымдасқан агрессор болған жағдайдың нәтижесінде 8 мың адам қаза тапқан.
Қақтығыстар салдарынан 112,7 мың адам қаза тапқан 2014 жыл ең жоғары көрсеткішке ие. Ол жылы Ливияда азаматтық соғыс, Африка елдерінде бірқатар қақтығыс, нақтырақ айтсақ, Орталық Африка Республикасында, Оңтүстік Судан, Сомали, Нигерияда, Ауғанстандағы қақтығыс, Украинаның шығысында ел әскері мен ДХР және ЛХР тұрақты емес әскери құрылымдары арасында соғыс болды.
Ислам мемлекеті» радикалды тобы ғасырдың бірінші онжылдығы ортасында пайда болды, бірақ оның белсенділігі 2014 жылдың жазында Сирия мен Ирактағы ауқымды және жеңісті шабуылдан кейін күрт өсті. Сонымен қатар 2014 жылдың ортасында Израиль мен Палестина билігі арасындағы қиын қарым-қатынас күрт нашарлады.
Аймақтар бойынша 2020 жылы ең көп адам шығыны Азия мен Мұхит елдерінде тіркелген, яғни 22 мың адам өмірден өткен. Одан кейінгі сатыларға Африка 10,6 мың адам, Таяу Шығыс 8,8 мың адам, Еуропа 7,9 мың адам және Америка 33 адаммен жайғасқан.
7,7 миллион украиндық мигрантқа айналған
Бүгінгі таңда әлемдегі ең көп талқыланатын қақтығыстардың бірі – Ресейдің Украинаға ашқан соғысы. Бұл соғыс ұзаққа созылды. Ресей билігінің жеңіске оңай қол жеткіземіз деген ойы жүзеге аспады. Десе де олардың әскері украин әскеріне жойқын соққы жасауынан бейбіт халық жапа шегуде. Алайда Украина соғыс алаңында егемендігін сақтап қалу жолында күресіп қана қоймай, батыс мемлекеттерінен қолдау күтті.
Кейбір батыс сарапшылары әуелгіде украин әскерінің Ресейге қарсы тұра алатынына күмәнмен қараса да, кейін талай дүниеге көзі жеткендей болды. Өкініштісі, Ресей мен Украина арасындағы соғыс ұзақ кезеңге аяқ басты.
Әрине нақты дерек алу қиынға соғады, десе де Statista мәліметінше, 2022 жылдың 24 ақпанынан 2023 жылдың 17 сәуіріне дейін Ресейдің Украинаға басып кіруі салдарынан 8,5 мың адам қаза тауып, тағы 14,4 мың адам жарақат алған. Бұған дейін 2014 жылы Ресей Қырымды аннексиялағаннан кейін Украина үкіметі мен Ресей қолдайтын сепаратистік Донецк және Луганск облыстары арасында әскери қақтығыс орын алды. Осыған байланысты 2014 жылдың 14 сәуірінен 2021 жылдың 31 желтоқсанына дейін бейбіт тұрғындар мен әскери қызметкерлерді қосқанда 14,2 мыңнан 14,4 мыңға дейін адам қаза тапты. Олардың кем дегенде 3,4 мыңы бейбіт тұрғындар болатын. Сонымен қатар соғыс кезінде шамамен 7,7 миллион украиндық мәжбүрлі мигрантқа айналды. 5 миллион әйел, балалар мен қарттар ел аумағын тастап кетуге мәжбүр болды.
Иә, соғыстың әр күні адам шығынына әкелуде. Украинаның Буча, Ирпен, Бородиянка, Мариуполь және басқа да қалаларында бейбіт тұрғындарға, соның ішінде әйелдер мен балаларға қарсы көрсеткен қатыгездік деңгейі Ресейдің басып-жаншу үшін кез келген әдісті қолданып жатқанын көрсетеді.
Батыс елдерінің есебінше, 2022 жылдың ақпанынан бастап Ресей жағында жараланған немесе қаза тапқан жауынгерлер саны 315 мыңнан асқан. Бұл Ауғанстанда 10 жылға жуық соғыс жүргізген Кеңес одағының шығынынан әлдеқайда көп.
Жасыратыны жоқ, дәл қазір шынайы ақпараттан қауесет, күмәнді ақпарат өршіп тұр. Бірсыпырасының болжамы соғыстың шешуші кезеңі 2023 жылы болады дегенге саяды. Бір жағынан соғыстың созылып, шеті-шегі көрінбейді деп қара аспанды төндіріп жатқандар да аз емес. Себебі Украина мен Ресей арасында келісім бүгін-ертең болмайтындай. Украина «өз жерімді Қырыммен қоса толық кері қайтармай және Владимир Путин биліктен кетпей ешқандай келісімге көнбеймін» деп табандап отыр. Ал Ресейге салса, келісімге келгісі келеді. Бірақ Кремль Украинаны Донецк пен Лугансктен және бірер облыстан жырып алған жерлерінен күдер үздірсем дейді. Яғни келісімге осындай шартпен ғана Украинаның басын иіп апарғысы келеді. Ал мұндай жағдайда келісімнің болмайтыны түсінікті.
Енді Ресей осы күнгі соғыс шебін қалайда көктемге дейін ұстап тұруға әрекет етіп жатыр. Көктемге дейін күш жиып, жойқын шабуылға көшпек. Әрине Ресейдің қалауы – көктемге дейін соғысты тоқтата тұрып, әскер құрамын жаңартып, тыңайтып, техникасын түгендеп, ракеталарын сайлап алу. Алайда Украина тарапы соғысты тоқтатқысы жоқ.
Әлем өркениеттің жолына түскенде ТМД елдері арасында соғыс өрті тұтанды дегенге налисың. Шыны керек, осындайда «БҰҰ мен дамыған елдер әлемдегі бейбітшілікті сақтауда қауқарсыз ба?» деген сауал туындайды. Ең сорақысы, қос мемлекет бір-біріне деген достығы мен сенімін мәңгілікке жойды.
Таяу Шығыстағы қақтығыстан 17,7 мың адам көз жұмған
Неше күннен бері әлемдік ақпарат құралдарының басты тақырыбы – Таяу шығыстағы соғыс. Иә, биыл қазанның 7-сінен бастап Таяу Шығыстың ұйқысы қашты, күлкісі тыйылды, өйткені палестиналық ХАМАС ұйымы Израильге қарсы операция бастады. Газа секторынан Израильге қарай мыңдаған ракета ұшырылды, қаруланған топтар израильдік елді мекендерге басып кірді. ХАМАС бұл операция Шығыс Иерусалимде оккупацияланған Әл-Ақса мешітіне жасалған шабуылға және израильдіктердің палестиналықтарға қарсы зорлық-зомбылығына жауап екенін айтты.
Өз кезегінде Израиль ХАМАС-қа қарсы жауапты операция бастап, оның соңы Газа секторындағы халықты жаппай қыруға ұласты. 27 қазанда Израиль Газаға құрлықтағы әскерімен соққы жасауға көшті. Бүгінде Газаның 2,3 млн тұрғыны эксклавтың толық қоршауда қалуынан азық-түлік, су, дәрі-дәрмек тапшылығынан зардап шегіп отыр. Мыңдаған ғимарат, соның ішінде ауруханалар, мешіттер мен шіркеулер толығымен қирады.
ХАМАС пен Израиль арасында 24 қараша күні таңертең күшіне енген «Гуманитарлық үзіліс» 1 желтоқсанда таңертең аяқталды. Бұл күндері екі тарап тұтқынға алынған ондаған адаммен алмасты. Алайда бітім туралы уақытша келісім аяқталысымен Израиль Газаға қарсы шабуылын жалғастырды. Желтоқсан айының алғашқы онкүндігіндегі мәлімет бойынша, Израильдің Газаға шабуылынан 17,7 мың адам қаза тапқан.
Израильде де мыңнан аса адам опат болды. Десе де экономикасы әлдеқайда дамыған Израиль гуманитарлық көмекке зәру емес. Ал әуе шабуылын басынан өткерген Газа халқы азық-түлікке, дәрі-дәрмекке зәру. Себебі соғысқа дейін күн сайын 500 жүк көлігі кірген аймаққа, соғыс басталғалы бері бар болғаны 300 жүк көлігі ғана кірген. Ұзындығы 40, ені 10-15 шақырым болатын Газаның ішінде 2 млн халық әлемнен көмек күтіп, бас сауғалап, қашып-пысып жүр.
Қазақстан бұл қақтығысқа қатысушы тарап емес, бейтарап позицияны ұстанады. Біз бейбітсүйгіш ел ретінде қақтығыс тоқтап, келіссөз басталғанын қалаймыз. Қаншама қарапайым адам соғыс салдарынан қаза тауып жатқанда біз де қол қусырып отыра алмаймыз. Әрине гуманитарлық көмек көрсету қолымыздан келеді. Осы орайда Президент палестин халқына 1 млн доллар гуманитарлық көмек көрсететінін айтты.
Жасыратыны жоқ, елде кейбір азаматтар күмәнді үндеулерге еріп, діни фанатизмге бой алдыруда. Нақтырақ айтсам, әсіресе жастар әлеуметтік желіде кока-коладан, памперстен, гегиеналық заттардан бас тартуға, жалпы Израил мемлекеті өндіретін өнімдерге шектеу қоюға шақырып жатыр. Бұл түсінік немесе әрекет дұрыс емес деп ойлаймын.
Бұл соғыстың негізінен 10 ғасырлық тарихы бар, басты себебі жерге талас, дін үшін емес. Кезінде ерікті жауынгерлерді әскерге тарту мақсатында екі жақ дінді желеу еткен, содан халық арасында діни соғыс кейпінде тараған, бірақ негізгі түпкі мақсат – жерге иелік ету. Орналасқан жердің географиялық маңызы жоғары, жан-жағы Синай түбегі, Араб түбегі, Жерорта теңізі, Қызыл теңіз, сол арқылы Еуропаға, Азияға және Африка құрлықтарына бірдей шыға алады. Сондықтан бұл соғыстың нүктесін біз қоя алмаймыз, мұндай түсінікпен біз керісінше ушықтырамыз. Біздің соғыс бөлек, елді көтеру, дамыту, білім алу, ғылыммен айналысу. Менің айтпағым, егер соғысқа араласқысы келетіндер болса, еңбек етсін, коланы нарықтан ығыстыратын кәсіп ашсын, сол біз үшін жеңіс болмақ.
Әскеріміз дайын ба?
«Әлемнің әр түкпірінде түрлі соғыс оты өршіп тұрғанда ел әскерінің қауқары қандай?» деген сұрақ туатыны заңдылық. Биыл Қазақстан қарулы күштерінің құрылғанына 31 жыл. Осы уақыт арасында қуатты әскер жасақтау үшін түрлі тәжірибелер жасалып, бағдарламалар әзірленді.
Мәселен, 2003 жылдан бастап елімізде «Астана», «Шығыс», «Батыс» және «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылықтары құрылды. Олар әуе, құрлық, әскери-теңіз күштері сынды 3 бағытта сарбаз жасақтайды. Бірақ қай-қайсысы да ең алдымен сарбаздардың физикалық дайындығына мән береді. Ресми мәлімет бойынша, қазір құрлық әскерінің саны 20 мың, әуе күштері 12 мың, теңіз күштері 3 мыңдай. Сарбаздар саны көп деуге келмес. Бірақ олардың сапалы болуы үшін бөлімдер техникалық жабдықталған.
Қазіргі ең маңызды бағыттардың бірі – әуе арқылы шабуылдау және қорғану. Осы мақсатта біздің елде ерекше бригадалар құрылған. Олар ұрыс алаңына қажетті қаруларды және қажетті заттарды жеткізуге қазір дайындалып жатыр. Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлеріне жаңа зымырандық кешендер алынған. Бүгінде әуе шебін С-300ПС, С-200, С-125 сынды зениттік-зымыран кешендері, сондай-ақ отандық «Нұр» радиотехникалық кешені күзетеді. Әскери-теңіз күштері «Зенит» Орал зауытында» жасалған зымыран-артиллериялық кемелерімен жарақталған.
Еліміз қазір қару-жарақты Ресейден ғана емес, Түркия, Қытай, АҚШ сияқты елдерден сатып алуда. Әуе шабуылына қарсы қорғаныс құралдары Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының талаптарына сай жасақталған. Ал жеке құрам мен жүктерді тасымалдайтын ұшақтарды испаниялық компаниялардан жеткізеді.
Шекара қызметінде 358 обьектінің тек 104-і бейнебақылау камерасымен қамтамасыз етілген. Бірақ Ұлттық ұланды толық қамту үшін әлі 216 бейнебақылау жүйесі керек. Қорғаныс министрлігінде 12 жарым мың бейнебақылау камерасының 4100-і істен шыққан.
Прокуратура мәліметінше, 2020 жылдан бастап 270 әскери қызметкер қайтыс болған. Қайғылы оқиғаның 20 пайызына суицид себеп болған. Жауаптылар осының себебін іздеуде. Бірақ прокуратура өкілі «өзіне қол жұмсау тек әскерде өршіп тұр» деген пікір қате дейді.
Түйін. Күллі әлемдегі тыныштықтың, бейбітшіліктің ең басты кілті – сары майдан қыл суырғандай саяси дипломатия, адами қарым-қатынас, мемлекетаралық сыйластық, татулық. Бір мемлекеттің басқа мемлекеттің территориялық тұтастығын, ішкі саясатын құрметтеуі. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында атап өткендей, Қазақстан дамуының негізгі міндеттеріне Тұрақты даму мақсаттары аясында жүргізілетін жұмыстар бірінші кезекте атқарылуы тиіс. Тұрақты даму мақсаттары – БҰҰ-ға мүше мемлекеттер 2030 жылдың соңына дейін қол жеткізуге бағытталған мақсаттарды қамтитын әмбебап әрекетке шақыру. Алайда тұрақты даму мақсаттарына жету үшін ең бастысы, ел ішіндегі халықтың ынтымағы мен ауызбіршілігін сақтау маңызды.
Иә, біз өткенімізге, тарихымызға үңіле қарасақ, қазақ халқы тағдырдың қатал сынын басынан кешті, талай соғысты көрді. Бүгінде егемен ел атанған, өзін әлемге бейбітсүйер ел ретінде мойындата білген Қазақстан жаһандық татулықты сақтау мен нығайту ісіне белсене атсалысуда. Елімізде тәуелсіздік алған жылдардан бері қаншама дін, ұлт, халық өкілдерінің басы қосылып, бір үстелде әлем елдерінің татулығы сөз болды. Өйткені кешегі бабалар жүрген жол бізге әрқашан сабақ болып қала бермек.
Жандос ЖАЗКЕН
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!