Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

1°C

, Жұма, 21 ақпан, 23:14

Сот ісін мемлекеттік тілде жүргізу – басты міндет

14.02.2025

126

0

«Бір ұлттың тілінде сол ұлттың жері, тарихы, тұрмысы, мінезі айнадай ашық көрініп тұрады. Қазақ тілінде қазақтың сары сайран даласы, біресе желсіз түндей тымық, біресе құйындай екпінді тарихы, сар далада үдере көшкен тұрмысы, асықпайтын, саспайтын сабырлы мінезі – бәрі көрініп тұр. Қазақтың сар даласы кең, тілі де бай» деп ақын Мағжан Жұмабаев айтқандай, әр тілдің өзіндік ерекшелігі болады. Кез келген халық үшін тіл маңызды құндылық, баға жетпес байлық.

Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылып келеді. Қазақстан Республикасындағы тiл туралы 1997 жылғы 11 шiлдедегі №151 Заңының 13-бабына сай, Қазақстан Республикасында сот iсi мемлекеттiк тiлде жүргiзiледi, ал қажет болған жағдайда, сот iсiн жүргiзуде орыс тiлi немесе басқа тiлдер мемлекеттiк тiлмен тең қолданылады.

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының «Сот ісін жүргізу тілі қағидатын қолданудың кейбір мәселелері туралы» 2016 жылғы 22 желтоқсандағы №13 Нормативтік қаулысының 3-тармағына сәйкес, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің 14-бабының талаптарына сәйкес сот ісін жүргізу тілі сотқа талап қою арызы берілген тілге байланысты сот ұйғарымымен белгіленеді.

Сот істі сот талқылауына дайындау сатысында талап қоюшының талап арыз берілген тілді жеткілікті дәрежеде білетіндігін, сот ісін жүргізудің мәні мен мағынасын түсінетіндігін анықтауға тиіс. Сот талап қоюшыдан тиісті жазбаша өтініш хат түскен жағдайда сот ісін жүргізу тілін өзгерту туралы уәжді ұйғарым шығарады. Тараптардың тең құқықтылығы қағидатын ескере отырып, сот осы мәселе бойынша жауапкердің де пікірін анықтауға міндетті.

Сотта іс жүргізу мемлекеттік тілмен қатар орыс тілінде өтеді. Яғни сотқа арыз қай тілде берілсе, іс тек сол тілде жүргізіледі. Ал іс жүргізу тілін білмейтін іске қатысушы адамдарға сотта аудармашының қызметін пайдалану қамтамасыз етіледі. Аудармашымен қамтамасыз ету кезінде кездесетін қиындықтар да бар. Мысалы, кәсіби аудармашының қатысуын қамтамасыз ету дұрыс аударма жасалмалғаны үшін аудармашыға қарсылықтар жариялануы, қазақ тілінде жазылған арызға тіркелген құжаттардың басқа тілде болуы немесе сотқа арызды орыс тілінде беріп, алайда істі сотта қарау барысында тараптың өзі мемлекеттік тілде түсінік беруді қалайтындарын, ал арызды басқа құжаттар орыс тілінде болуына байланысты ғана сол тілде бергенін айтып жататын жағдайлар да кездеседі.

Сондықтан сотқа арызбен жүгінген кезде арызды қай тілде жазу және іс жүргізу тілін таңдау азаматтардың өз қолында. Осындай мүмкіндіктерді пайдаланып, мемлекеттік тілдің қолдану өрісін кеңейту және оған өз үлесін қосу әр адамның өз қолында.

Сезім НҰР

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: