Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

-5°C

, Сенбі, 21 желтоқсан, 21:59

СОТҚА СЕНІМ БӘРІНЕН ДЕ МАҢЫЗДЫ

07.06.2022

573

0

Дана халқымыз «Билік айту – оңай, біліп айту – қиын» дейді. Бұл қай кездеде билердің біліктілігі мен білімділігі халықтың жіті назарында болатындығын көрсетеді. Жасыратыны жоқ, басқа мамандық иелері қателессе, түзетуге болар, ал сот аяғын шалыс баса қалса, жазықсыз жанға, бүтін бір отбасына қасірет әкелері айдан анық. Бұндай жағымсыз жайттың тұтас сот жүйесінің беделіне нұқсан келтірері де сөзсіз. Сондықтан басқа-басқа судьяға қателесуге әсте болмайды. Халық төреліктен адалдықты, әділдікті, заңдылықты, біліктілікті көре білсе ғана сотқа деген сенімі артып, сот беделі нығайатыны анық. Осы тұрғыда қазір бұрынғыдай емес, сотқа, сот шешімдеріне халықтың сенімі арта түсті. Оның да өзіндік себебі бар. Өйткені осы салада соңғы жылдары ауқымды реформалар жүргізіліп, сот жүйесі заман үдерісімен сай дамыды.

Шындығында дәл қазір Қазақстандағы сот жүйесінің ашықтығына еш күмән жоқ. Айыпталушыға сот шешімі немесе судьяның үкімі шыққанға дейін қарапайым халық мұның барлығын көріп отырады. Айыпталушы немесе куәгер қалай жауап беріп, одан қалса, судья сот процесін қалай жүргізіп отыр, мұның барлығын қарап отыруға мүмкіндік бар. Сондықтан да судьяның әділетсіз шешім шығарып, істі бұрмалауына еш негіз жоқ. Оның үстіне қазіргі уақытта сот залындағы процестердің барлығы да аудио және видеотаспаларға жазылып алынады. Сот залы түгелдей интернет желісіне қосылғандықтан сот залына бармай-ақ, бейнебақылау мен интернет арқылы сот процесіне қатысуға немесе тараптардың сауалына жауап беруге болады. Тіпті үйде, шетелде жүріп-ақ сот процесіне қатысуға мүмкіндік жасалған. Мұның барлығы да керек нәрсе. Бұл соттың айқындылығы мен ашықтығын шынайы түрде көрсетеді. Өйткені біз қоғам дамыған уақытта өркениет жетістігінен көш кері қалмауымыз қажет.

Сонымен бірге «Сот төрелігінің 7 түйіні» атты жаңа бағдарламалық құжат әзірленді. Бұл анығын айту керек, сотқа төрелік ететін мамандардың жүздеген ұсыныстарынан кейін барып Жоғарғы сотта қабылданған құжат десе де болады. Осы құжаттың негізінде соттың даму бағыты айқындалған. Ал «7 түйін», ол не десеңіз айтайын: «Әділ процесс», «Е-СОТ», «Үлгілі сот», «Сапалы нәтиже», «Оңтайлы орта», «Мінсіз судья», «Сотсыз татуласу орталығы». Аталған жеті бағыт бұл – сот саласындағы соңғы жылдары жасалған өте жемісті және ауқымды реформа. Судьялар әрбір істі тиянақты қарайтын болды, олардың жауапкершілігі артты. Мұны халық та көріп, сезіне бастады. Осыдан кейін сот төрелігіне сенім күшейді.

Әрине бұрынғы кезде сотқа шағым түсірген сәттен бастап, істің барлығы да қаралатын еді. Бұл өз кезегінде судьяларды жұмысын ауырлатып, істі қарау ұзаққа созылып кететін. Ал қазіргі уақытта мұның барлығы да оңтайланды. Бағдарламадағы «Сотсыз татуласу орталығының» басты мақсаты – араздасқан екі жақты мәмілеге әкелу, ортақ бітімге келтіру.

Сот жүйесінің көп сатылығы жойылды, судьялардың кадрлық іріктеу жүйесі жаңғыртылды, судьялар әдебінің жаңа кодексі қабылданды, тараптарды бітістіру рәсімдері мен дауларды соттан тыс реттеу тетіктерін жетілдіру қолға алынды, сот жүктемесі азайтылды, сот актілерін ұғынықты тілде түсіндіру тәжірибесі енгізілді, жаңа электрондық сервистер мен жобалар іске қосылды, сот жүйесінің материалдық базасы нығайтылды, өңірлерде фронт кеңселер ашылды. Бұл батыл қадамдар мен сан-салалы жұмыстар сот жүйесін белсенді дамытудың жаңа қырын қалыптастырып, судьялардың жұмысына тың серпін бергені анық.

Тағы бір айта кететін жайт, 2019 жылдың 03 ақпанында заңды күшіне енген «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне меншік құқығын қорғауды күшейту, төрелік, сот жүктемесін оңтайландыру және қылмыстық заңнаманы одан әрі ізгілендіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы күшіне енді. Бұл Заңмен 42 заңнамалық актіге, оның ішінде 11 кодекске меншік құқығын қорғауды күшейтуге, төрелікті дамытуға, сот жүктемесін оңтайландыруға және экономикалық қылмыстарды ізгілендіруге бағытталған түзетулер енгізілді. Заңнама негізінде жалпы түзетулердің бес тобын қарастырады. Осының ішіндегі түзетулердің екінші тобындағы заңнаманы халықаралық актілердің ережелеріне сәйкес одан әрі келтіру ұсынылатын «Төрелік туралы» Заңды қолдану практикасында бар проблемаларды шешуге бағытталған. Атап айтқанда, мемлекеттік органның не квазигоссектор субъектілерінің қатысуымен дауларды төрелік қарау кезінде шетелдік құқықты қолдану мүмкіндігі беріледі. Сондай-ақ, заң төрелік шешімді орындаудан бас тартудың негізі төрелік құрамының заң талаптарына сәйкес келмеуі ғана емес, сондай-ақ осы құрамның тараптардың келісіміне сәйкес келмеуі болып табылатындығы туралы нормамен толықтырылады.

 Қорыта айтқанда, осындай өзгерістердің нәтижесінде сот төрелігіне сенім күшейді. Халқымызда «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деген қағида бар. Мұның мағынасы билік айтушы ешкімді алаламайтын адал, қара қылды қақ жарған әділ болуы керек дегенді білдіретіні белгілі. Сондықтан, әділдікті ту еткен бүгінгі дана билеріміз дара жолда таразы басын тең ұстап, ел ықыласына, халық сеніміне ие болып келеді. Бұл біз үшін үлкен мәртебе!

С.АМАНТАЕВ,

Жалағаш аудандық сотының судьясы

ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: