Қазалы ауданы, Әйтеке би кентінде Ауыл спортшыларының «Алтын күз – 2022» ХХXV облыстық спартакиадасы бастау алды.
Салтанатты шараны Қазалы ауданы әкімі Мұхтар Оразбаев ашып, ауыл спортын дамыту мемлекеттің жіті назарында екендігін, бүгінгі жас спортшы ертең ел намысын қорғайтын нағыз патриот болуы жолында осы сынды спартакиадалар өткізудің маңыздылығын атап өтті.
«Спорт – елдің мерейін асырып, абыройын тасытатын сала. Тәуелсіздік жылдары Сыр спортшылары халықаралық ірі жарыстарда топ жарып, көк байрағымыз асқақтай түсуде. Әлемдік аренада көк туымызды желбіреткен даңқты спортшылардың арасында қазалылықтар да бар. Атап айтар болсақ, Марина Вольнова 2012 жылы өткен Олимпиада ойындарында бокстан қола медальді жеңіп алды. Бүгінгі таңда Қазалының қайсар қызы тек біздің ғана емес, бүкіл Қазақ елінің мақтанышы десек артық айтқандық емес. Бүгінде қасиетті өлкеде Маринаның лайықты ізбасарлары өсіп келе жатыр. Олар жыл сайын өткізілетін ауыл спортшыларының спартакиадасында лайықты өнер көрсетеді деп ойлаймын. Спартакиадада жеңіске жеткендер еліміздің даңқын асқақтатар, әлемдік аренада көк туымызды желбіретер спортшы болуына тілектеспін», – деді Мұхтар Оразбаев.
Сонымен бірге, мәдениет және спорт басқармасы бұқаралық спорт бөлімінің басшысы Ғалым Сихымов Сырдария ауданында 1986 жылы бастау алған осы дәстүрлі жарыс биыл 35-рет өткізіліп отырғанын айтып, спартакиада тарихына қысқаша тоқталып өтті.
Мұнан соң спартакиаданың алау салтанатты түрде жағылды.
Ел намысын қорғап, абыройын асқақтатып жүрген әйгілі спортшыларымыздың көбі ауылдан шыққаны белгілі. Қораның аяқ жағында доп теуіп немесе пішен үстінде күресіп жүрген қара домалақ балалар әлемнің дамыған елдер қатарындағы мемлекеттерде өтетін Олимпиада төрінен топ етіп, бір-ақ шықпасы анық. Ендеше, бүгінгідей спартакиадалар кеудесінде төзімділік пен қайсарлық, жеңіске деген ұмтылысы бар, чемпион болуды армандап жүрген талай жеткіншектің «трамплині» десек болады.
Ең алдымен, әр спорт метептері және ұйымдары арасында іріктеліп алған спортшылар аудан ішінде бәсекелестікке түсіп, мықты деп танылғандары ғана «Алтын күз – 2022» спартакиадасына жолдама алады. Ал, спартакиада жеңімпаздарының өз кезегінде әрі қарай облыстық, республикалық және одан жоғары ареналарда мықтылығын дәлелдеуге мүмкіндігі мол.
Айта кетейік, спартакиадаға өңірдегі барлық ауданнан спортшылар қатысуда. Мұнда 15 спорт түрі қамтылған. Атап айтқанда, футбол, баскетбол, волейбол, қол күрес, шахмат, асық ату/бес асық, гір спорты, қазақ күресі, тоғызқұмалақ, үстел теннисі, президенттік көпсайыс, көкпар, теңге ілу, аударыспақ және гандбол.
Жарыс 9 қазанға дейін алдын-ала бекітілген кесте бойынша өтеді.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!