Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

3°C

, Жексенбі, 24 қараша, 23:15

Салаға серпін берген спорт клубы

02.12.2023

706

0

Ауданның спорт саласындағы жетістіктерін сараласақ, «Наркескен» спорт клубы еріксіз еске түседі. Себебі соңғы жылдары спорттық клубтың саңлақтары байрақты бәсекелерде қарсыластарын шаң қаптырып, жеңістің жалауын желбіретуде. Әлбетте оған үлкен ізденіс пен тыңғылықты дайындық, мемлекет тарапынан жасалған қолдаулар басты себеп болып отыр.

Спортшылардың дайындықсыз алыс­­­қа қадам баспайтыны анық. Се­бе­бі әр спорттың өзіне тән талап-ере­жесі мен қыр-сыры болады. Бүгінде Жа­­лағаштың абыройын асқақтатып, дүбірлі додаларда тарландарымыздың жеңіс туын желбіретуіне септігін тигізіп жүрген «Наркескен» спорт клубы десек, қателеспейміз. Заман тала­бына сай бой көтерген нысанның жұмы­сын біріздендіруге, мекеменің материалдық-техникалық базасын жа­ңар­тып, спортшылардың облыстық, республикалық және әлемдік додаларға қа­тысуына жергілікті биліктен үлкен қол­дау бар. Мұны мекеме директоры Ға­лымжан Ержанов та жоққа шығар­мады.


Аталған спорт ордасында вол­лейбол, баскетбол, теннис, шахмат, гір тасын көтеру, қол добы, тоғыз­құма­лақ, бес асық, асық ату сынды үйір­мелерге қатысуға мүмкіндік бар. Сондай-ақ мұнда арнайы жуыну, киім ауыстыру, дәрігер бөлмесі мен дене жаттығуларына арналған зал да қарастырылған. 61 адам қызмет ететін мекемеде 10 спорт түрі бойынша 864 шәкіртті 13 жаттықтырушы байрақты бәсекеге дайындап, аудан қоржынын түрлі медальдармен толықтыруда.
Аталған спорттық клубтың мақтан тұтар шәкірттері де жетерлік. Қай спорт түрін алып қарасаңыз да жаттықтырушы өз ісінің білікті маманы, нағыз шебері болса, сол спорттан көптеген чемпиондар шығатыны даусыз.
– Өздеріңіз білетіндей, өңір спорты бүгінде айтарлықтай өркендеп, бұқа­ралық спортты дамыту да кең қанат жайып келеді. Жыл басынан бері спорт­шыларымыз түрлі деңгейдегі жарыстарда жеңіске жетіп, аудан ме­рейін үстем етіп жүр. Аудан әкім­дігінің қолдауымен, демеушілердің көмегімен гір спорты үйірмесін талапқа сай етіп қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіп, спортшылардың сайыстарға қатысуына жағдай жасадық. Бүгінде бұл жұмыстар өз жемісін беріп, гір тасын алақанда ойнататын спортшылар ауданның, облыстың, еліміздің абыройын асқақтатуда. Бір жылда шәкірттерінің чемпион атанып, үлкен жетістіктерге жетуіне жаттықтырушы Абдулхасан Сейтеновтың еңбегі зор, – дейді Ғалымжан Дастанұлы.


Иә, мекеме басшысы сөзінің жаны бар. Себебі әрбір салада білікті маман болмай белгілі бір нәтижеге жету мүмкін емес. Басшылық тарапынан қолдау мен көмек болған жерде спортшылардан нәтиже де болатыны хақ.
Гір спорты үйірмесінің жаттық­тыру­шысы Абдулхасан Сейтеновтың шәкірттерін шыңдап, көптеп чемпион шығаруда күні-түні қажырлы еңбек еткенін әлемдік деңгейдегі додаларда үйірме мүшелерінің топ жарғанынан аңғаруға болады. Оның шәкірттері жуырда Өзбекстан мемлекетінің Хиуа қаласында өткен әлем біріншілігінде көк туымызды биікке көтеріп, әнұранымызды шыр­қатты. Мәселен, Азияның екі дүркін чем­пионы Қайсар Төлеген бұл сайыста мықтылығын дәлелдеп, әлем чемпионы атанды. Ол – қазіргі таңда ҚР спорт шебері. Сондай-ақ дәл осы сайыста серпе көтеруден Нұрислам Орынбасар ІІІ орын, Ербол Әзиз ІІ орын, ал Ислам Мәжиев серпе көтеруден ІІ орын, жұлқа көтеру сайысынан алтыннан алқа тағып, әлем чемпионы атанған болатын.
Бұдан бөлек тоғызқұмалақ үйір­месінің жаттықтырушысы Ақерке Кен­жебекова да үздіктер қатарында. Ол – ІІ дүркін Азия және Әлем чемпионы және халықаралық спорт шебері. Айта кетейік, чемпиондар ордасы болып саналатын мекеменің үйірме қатысушылары арасында 13 шәкірт спорт шеберіне үміткер болса, 2 жас өрен – халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Олар – қол добы үйірмесінің қа­тысушылары Қарлығаш Алтынбек пен Альсина Жұмабек.
– Шәкірттерім үйірмеге алғаш келген күннен-ақ өздерінің ептілігімен көзге түсіп, әр сайыста топтың оқ бойы озық болуына бар күш-жігерін жұмсайтын. Олар жан-жақты дайындықпен шыңдал­ғанының арқасында Қазақстан ұлттық құрамасында өнер көрсетеді. V жазғы спартакиаданың 5 дүркін чемпионы. 2022 жылы Қазақстан чемпионатының чемпионы. Алматы қаласында өткен Азия кубогының ІІ орын иегері. Мен оларға әлі талай сайыста мық­ты­лы­ғымен көзге түсіп, ел намысын қорғай береді деп сенемін. Қазіргі таңда олар желтоқсан айында өтетін ҚР чемпионатына дайындалуда, – дейді жаттықтырушы Дархан Кіребаев.
Оның айтуынша, дайындық бары­сында туындаған қиындықтан қашып, топтан шығып, енді бұл спорт түрімен айналыспаймын деген қыздар да болған. Солардың бірі – Альсина Жұмабек. Қазақта «жағың сынса да, сағың сынбасын» деген сөз бар. Жарыстан жүлдесіз қайтқан шақтарда өз-өздерін қамшылап, «бұл спорттан қайтсем де чемпион бола­мын» деп алдына нақты мақсат қойған спортшылар бүгінде спорттың қазанында қайнап, түрлі додаларда топ жарып жүр.
Биыл «Наркескендіктер» спорттың 16 түрін қамтитын ұлттық спорт түрлері мен бұқаралық спортты дамыту мақсатында ауыл спортшыларының ХХХVІ «Алтын күз – 2023» облыстық спартакиадасында да нәтижелі өнер көрсетті. Онда ауданның сайыпқыран спортшылары тартысты ойын өрнегін көрсетіп, екінші орынға жайғасты. Былтыр үздік үштікті түйіндеген болатын. Бұған дейін «Алтын күз» спартакиадасында төмен нәтиже көрсеткен жалағаштықтар үшін қатарынан екі жыл жеңісті жыл болды десек, қателеспейміз. Себебі үздік нәтиженің артында жергілікті тарландарымыздың жыл бойғы өлшеусіз ерен еңбегі жатыр.
«Наркескен» спорт клубының ты­нысы мен соңғы жылдардағы же­тістігі осындай. Алдағы уақытта да спорт­шылардың жеңіске толы күндері жал­ғасын тауып, аудан мерейін үстем ететініне сенім мол.

Ақтоты ЕРЖАНҚЫЗЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: