Саналы ғұмырын өңірдің өркендеуіне сарп еткен Алимаш Таженованың есімі жалағаштықтарға етене таныс. Тағылымды ғұмыр иесі өмірінің соңына дейін өзіне адал еңбекті серік етті. Дала жұмысында да дараланып, Сыр салысынан мол астық жинады. Бірнеше мекемеде, кәсіпорында қарапайым жұмысшы болды. Өнегелі өмір иесінің еңбегі еленіп, талай рет марапат төрінен көрінді.
Жалпы біз осындай қарапайым еңбек адамдарының тағылымды ісін, саналы ғұмырын өскелең ұрпаққа үлгі етуге міндеттіміз. Өйткені қарапайым еңбек адамдарынан үлгі алған жастардан бәсекеге қабілетті ұрпақ қалыптасады. Ал ел дамуында мұндай жастардың қандай рөл атқаратыны айтпаса да түсінікті.
2023 жылдан бері Жалағашта еңбек адамы Алимаш Таженованы еске алуға арналған футзалдан турнир өтіп келеді. Дәстүрлі шара биыл, яғни Жұмысшы мамандықтары жылы да жалғасын тапты. Спорттық шараның ашылу рәсімінде аудандық дене тәрбиесі, спорт және туризм бөлімінің басшысы Еркен Жантуғанов, және тыл ардагерінің ұрпақтары тағылымды естеліктерімен бөлісіп, қатысушыларға сәттілік тіледі.
– Жалпы өткенін ұлықтап, өшкенін қайта жаңғырту – баршамызға ортақ міндет. Өйткені біз тарихымызды танымай, адал еңбекпен еңсе тіктеген қарапайым жұмысшыларды, еңбек адамдарын жастарға үлгі етпей бәсекеге қабілетті ұрпақ қалыптастыра алмаймыз. Сондықтан осындай қарапайым еңбек адамдарының тағылымды ғұмырын үлгі етуге басымдық беруіміз керек. Жалағаштықтарға тыл ардагері Алимаш Таженова анамыздың есімі жақсы таныс. Әжемізді аудан жұрты еңбексүйгіштігімен, өнегелі өмірімен, елдің дамуына қосқан үлесімен таниды. Міне, сондықтан бүгінгі жарысты тек спорттық сайыс емес, тағылымды шара деп түсінуіміз керек. Турнир үшінші жыл қатарынан ұйымдастырылып отыр. Демеуші болған әжеміздің ұрпақтарына да мың алғыс. Қатысушыларға тек сәттілік тіеймін, – деді Еркен Жантуғанов.
Иә, биылғы турнир өте тартысты өтті. Бұл сайысқа жалағаштық аяқдоп шеберлерінің тыңғылықты дайындықпен келгені анық байқалады. Жарысқа Жалағаш кенті мен ауылдық елді мекендерден 14 команда қатысып, өзара мықтыны анықтады.
Турнирдің бірінші кездесуі «Адия» мен «СМУ» құрамасы арасында өтті. Ойын соңына дейін қос команда қорғанысқа басымдық берді. Тіпті біразға дейін есеп ашылмады. Кездесудің соңына дейін «Адия» жігіттері «СМУ» қақпасынан саңылау тапты. Жанкүйерлер осыдан кейін драмаға толы ойын көреміз деп топшылады. «СМУ» жігіттері де таразы басын теңестіруге барын салды. Алайда «Адияның» қақпашысы сыр бермеді. Осылайша алғашқы ойын 1:0 есебімен аяқталды.
Мұнан кейінгі кездесулер де тартысты өтті. Жанкүйерлер үшін қуанатын да, «әттеген-ай» дейтін сәттер де көп болды. Түске дейін іріктеу ойындары өтіп, үш топтан бірнеше команда финалдық кездесулерге жолдама алды.
Келесі кезеңге «А» тобынан «Адия» мен «Ақсу» командасы жолдама алды. Бұл топта «Адия» жігіттері 9 ұпаймен көш бастаса, «Ақсу» командасының қоржынында 6 ұпай бар. Ал «Б» тобында «Дәуімбай» жігіттері нәтижелі ойын көрсетті. Олар 4 кездесу өткізіп, оның екеуін жеңіспен аяқтаса, екеуінде тең тарқасты. Осылайша турнирлік кестеде «Дәуімбай» жігіттері 8 ұпаймен көш бастады. Мұнан кейінгі орындарға 7 ұпаймен «Наркескен» мен «М.Шәменов-2» командалары жайғасты.
«С» тобында «Темірбек Жүргенов» жігіттері қарсылас шақ келтірмеді. 9 ұпаймен дараланған ауыл спортшылары бұл жарысқа тыңғылықты дайындықпен келгенін ширақтығымен, алаңда өздерін еркін ұстайтынымен, және допты оңай меңгеруімен дәлелдеді.
Әне-міне дегенше турнирдің 1/4 кезеңіне де келіп жеттік. Бірінші ойын «Ақсу» мен «Дәуімбай» жігіттері арасында өтті. Кездесуде «Ақсу» командасының қақпасына қарсыластары 2 гол соқты. Алайда оның ешқайсысына жауап болмады. Осылайша жартылай финалға «Дәуімбай» командасы жолдама алды.
«Наркескен» мен «М.Шәменов-2» командалары арасындағы ойында гол көп болды. Мәселен, «Наркескен» жігіттері қарсыласының қақпасына 4 гол салса, ауыл жігіттері жұбаныш голын соғып, ойын 4:1 есебімен аяқталды. Ал «М.Шәменов-1» мен «Адия» арасындағы кездесу драмаға толы болды. Бұл ойында бас төреші бас-аяғы 6 голды есепке алды. Кездесуде тең тарқасқан қос команда келесі кезеңнің жолдамасын айып добын орындаумен сарапқа салды. Соңында «Адия» командасы жартылай финалдан көрінді. «Таң» мен «Темірбек Жүргенов» командалары арасындағы кездесуде келесі кезеңге қоғам қайраткері атындағы команда өтті.
Жартылай финал. 4 команданың ішінен жеңіске жеткендер ақтық мәреге жолдама алса, қарсыласына есе жібергендер үшінші орынды сарапқа салады. Алғашқы ойын «Наркескен» мен «Дәуімбай» арасында өтті. Кездесу 3:1 есебімен аяқталып, ақтық мәреге «Наркескен» командасы жодама алды. Ал «Адия» мен «Темірбек Жүргенов» командалары арасында қайраткер атындағы команда қарсыласына есе жіберді. Үшінші орынға таласта да олар барын салғанымен «Дәуімбай» құрамасы мықтылығын дәлелдеді.
Ақтық мәре. «Наркескен» мен «Адия». Қос топтан суырылып шыққан командалардың қайсысы жеңіске жетеді? Жанкүйерлердің ішінде жалғыз сұрақ осы. «Адия» бұл кездесуде қорғанысқа басымдық бере жүріп, қарсыласының қақпасына қос гол соқты. Мұнан кейін есеп еш өзгеріссіз қалды. Осылайша «Адия» турнирдің жеңімпазы атанды.
Үшінші мәрте ұйымдастырылған турнир де өз мәресіне жетті. Марапаттау рәсімінде жеңімпаз командаға кубок пен диплом табыстаған тыл ардагерінің ұрпақтары Бегман Кажданбек пен Ақберген Таженов тыл ардагері атындағы турнирде белсенділік танытқан қатысушыларға алғыс білдірді.
– Сырда туып, Сырда өскен, саналы ғұмырын туған жердің түлеуіне арнаған Алимаш Қалилақызы атындағы тағылымды шарада бас қосып отырмыз. Апамыздың өнегелі өмір жолын жастарға үлгі ету – ортақ міндет. Бүгінгі шарада жарыстың көркін қыздырған жастарға алғыстан басқа айтарым жоқ. Жеңімпаз командаларды құттықтаймын, – деді Бегман Кажданбек.
Жарыс жеңімпазы «Адия» командасына турнирдің бас кубогы мен арнайы диплом және 100 мың теңге қаржылай сыйақы табысталды. Ал ақтық мәреде сыр берген «Наркескен» командасы 70 мың теңге қаржылай сыйақыға ие болды. Үздік үштікті түйіндеген «Дәуімбай» командасына 50 мың теңге беріслсе, қайраткер атындағы командаға 20 мың теңге қаржылай сыйақы табысталды.
Мұнан бөлек турнирде өзінің ерекше ойынымен көзге түскен аяқдоп шеберлері де арнайы номинацияларға ие болды. Мәселен, Кенжебек Сманқұлов «Үздік қақпашы» атанса, Нұржан Мұсахан «Үздік шабуылшы» деп танылды. Қорғаныста сыр бермеген Мирхан Саудабек «Үздік қорғаушы атанды. Сондай-ақ басқа да ойыншылар түрлі номинацияларға ие болып, қаржылай сыйлыққа ие болды.
Айта кетейік, тыл ардагері Алимаш Таженова атындағы аудандық турнир 3 жыл қатарынан ұйымдастырылып келеді. Келер жылы дәстүрлі шара облыстық деңгейде өтіп, ауқымы кеңейеді.
Кенжетай ҚАЙРАҚБАЕВ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!