Қазақстанда 13 мыңнан астам медицина қызметкері «Спутник V» вакцинасын салдырды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте денсаулық сақтау министрі Алексей Цой мәлімдеді.
«Қазақстанда Қарағанды фармацевтикалық кешені шығаратын «Спутник V» вакцинасын жеткізу және пайдалану жоспарлануда. Қазірдің өзінде 90 мың доза көлемінде бірінші партияның өндірісі басталды. Ол Бірыңғай дистрибьютордың қоймаларына және одан әрі өңірлерге ақпан айының соңына қарай жөнелтіледі. Шілде айына дейін өндіріс көлемі 2 млн дозаға жетеді. Бұдан басқа, елімізде отандық өндірістің КВИ-ға қарсы «КазКОВИД-ин» вакцинасын бірінші кезеңде шамамен 2 млн. доза көлемінде пайдалану болжанып отыр»,- деді министр.
А.Цой вакцинация 400 жылдан астам уақыт бойы адамзаттарды шешек, оба сияқты қауіпті, өлімге әкелетін аурулардан қорғап келгенін айтты. Соңғы 30 жылда эпидемиялық паротитпен сырқаттанушылықтың 870 еседен артық төмендегені, халық арасында «В» вирустық гепатитімен сырқаттанудың 150 есеге, көкжөтелмен сырқаттанудың 7,3 есеге төмендегені байқалды. Қазіргі уақытта, полиомиелит, дифтерия, сіреспе, қызамық сияқты т.б. инфекциялар ұмытылады.
«Осы аптада эпидемиологиялық жағдайдың матрицасы бойынша ҚР орташа қауіпті аймақтан тәуекелі төмен аймаққа өтті. Атап айтқанда, 3 өңір – Ақмола, Павлодар облыстары және Нұр-Сұлтан қаласы қызыл аймақта тұр. Сары аймақта – 3 өңір – Батыс Қазақстан, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстары бар. Қалған 11 өңір жасыл аймақта», -деді Алексей Цой.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!