(Азаматтық процестік кодексінің 17-тарауы)
2022 жылы Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексіне енгізілген өзгерістерге сәйкес, сотқа дейінгі хаттама ұғымы пайда болды. Азаматтық процестік кодексінің 150-бабының талаптарына сәйкес, судья талап қою келіп түскен күннен бастап бес жұмыс күні ішінде оны соттың іс жүргізуіне қабылдау туралы мәселені шешеді. Татуласу рәсімдері жүргізілген кезде талап қоюды қабылдау ол келіп түскен күннен бастап он жұмыс күні ішінде жүзеге асырылады. Сотқа дейінгі хаттама осы Кодекстің 73-бабының бірінші және екінші бөліктеріне сәйкес жасалған жағдайда, талап қоюды қабылдау ол келіп түскен күннен бастап он бес жұмыс күні ішінде жүзеге асырылады. Татуласу рәсімдерін талап қоюды қабылдаған кезде судья осы Кодекстің 17-тарауында көзделген қағидалар бойынша жүргізеді. Талап қоюды бірінші сатыдағы соттың іс жүргізуіне қабылдап, судья сот ісін жүргізу тілін көрсетумен бірге азаматтық іс қозғау туралы ұйғарым шығарады.
Татуластырушы судьяның қарауына тек қана талап қою іс жүргізу тәртібімен қаралатын талап қоюлар берілуі тиіс. Татуластырушы судья сот өндірісіне берілетін талап қоюларды мұхиат тексеріп, соттың қарауына жатпайтын талап қоюларды уақытында қайтарып немесе қабылдаудан бас тартуы тиіс.
Яғни, татуластырушы судьяның басты мақсаты – тараптардың арасындағы қарым-қатынасты сақтап қалу, тараптардың татуласуына шаралар қабылдау, оларға дауды процестің барлық сатысында реттеуде жәрдемдесу болып табылады.
Судья оңайлатылған (жазбаша) іс жүргізу тәртібімен немесе жалпы тәртіппен қаралатын талап қоюлар бойынша тараптарды шақыру қағазын, сотқа дейінгі хаттама нысанымен бірге жолдау қажет.
Шақыру талап қою түскен сәттен келесі жұмыс күнінен кешіктірмей тараптарға жолдануы тиіс. Шақыруда тараптар татуласу рәсімі (бітімгершілік келісім, медиация, партисипативтік рәсім) шеңберінде дауды (жанжалды) шешу құқығын түсіндіре отырып, сотқа талап қоюдың келіп түскені, татуласудың артықшылықтары туралы, сондай-ақ осы Кодекстің 73-бабының бірінші және екінші бөліктеріне сәйкес дәлелдемелерді өзара ашу және ұсыну құқығы туралы хабардар етіледі. Бұл ретте бірнеше әңгімелесулер өткізілуі мүмкін, татуласу рәсімі үшін – 10 жұмыс күні, сотқа дейінгі хаттама жасалған кезде – 15 жұмыс күні ішінде әңгімелесу күні тағайындалуы тиіс.
Судьяға тараптардың татуласқандығы жөнінде өтінішхаты түскен жағдайда, азаматтық іс қозғау және істі сот талқылауына дайындау туралы ұйғарым қабылданып, тараптардан сотқа дейінгі хаттаманы және басқа да құжаттарды ұсынуды міндеттеуі тиіс. Дәл осындай ұқсас әрекеттер оңайлатылған (жазбаша) іс жүргізу тәртібімен іс қозғау туралы ұйғарым қабылдай отырып, осы әдіспен қаралуға тиіс істер бойынша да жүргізілуі қажет.
Оңайлатылған (жазбаша) іс жүргізу тәртібімен келісімді бекіту туралы ұйғарымды қабылдау кезінде, алдын ала сот отырысы тағайындалмайды, сот отырысы өткізілмейді. 10 жұмыс күннің ішінде тараптар татуласу рәсіміне қатысудан бас тартса немесе келмесе, сотқа дейінгі хаттаманы жасамаса, судья талап қоюды сот кеңсесіне қайта бөлу үшін өткізу қажет. 15 жұмыс күннің ішінде сотқа дейінгі хаттама жасалып, ондағы талаптар тараптармен орындалмай, татуласу рәсімі нәтижесіз болса, судья талап қоюды сот кеңсесіне қайта бөлу үшін өткізу керек.
Татуласу рәсімдері өткізіліп немесе татуластырушы судьядан талап қою өзіне бөлінген судья өз кезегінде талап қоюды қайтару немесе қабылдаудан бас тарту туралы ұйғарым қабылдай алмайды. Судьяның талап қоюды қайтарған немесе қабылдаудан бас тарту әрекеті мерзім бұзушылыққа жатады. Міндетті түрде талап қоюды өндірісіне қабылдап, заң талаптарына сәйкес келмеген жағдайда істі өндірістен тоқтатады немесе талап қоюды қараусыз қалдырады.
Дәурен ШАДАЕВ,
Жалағаш аудандық сотының бас маманы
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!