Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

-4°C

, Сәрсенбі, 25 желтоқсан, 00:57

Су тасқынынан сабақ алдық па?

21.12.2024

64

0

Көктемде елді есенгіреткең су тасқыны халықтың жадынан өшпеді. Қаншама азамат үйінен айырылып, біраз шығынға батты. Төрт түлігін тасқыннан аман алып қала алмай, амалсыз ауылын тастап, қауіпсіз аймаққа бас сауғалаған жұрт қиыншылықты жеңіп шықты. Еске салсақ, 12 өңірді әбігерге салған су тасқыны кезінде 120 мыңнан астам азамат құтқарылып, эвакуацияланды. Оның 45 мыңы – бала. Мемлекет тарапынан оларға барлық қажетті көмек көрсетіліп, баспанасыз қалғандар үшін эвакуациялық пункттер ұйымдастырылды. Сондай-ақ шамамен 10 млрд теңге көлемінде 150 АЕК есебінде 21 880 отбасына келтірілген материалдық залал өтелді.

3 су қоймасы жөнделеді

Абырой болғанда облыста қыс-көктем мезгілінде су тасқынының алдын алудың кешенді шаралары нә­тижесінде оқыс оқиғалар мен қауіпті жағдайлар болған жоқ. Әйтсе де апат айтып келмейді, сондық­тан алдын алу бағытында жүйелі жұмыс­тарды ұйымдастырып, кез келген жағдайға дайын болуымыз қажет.

Мәселен, жауапты мамандар Сыр­­дария өзенінің су шаруашылығы нысандарын зерттегенде жаға­лау­дың осал тұстарын анықтаған. Бұл учаскелердің кейбіреуі республи­ка­лық меншікте. Бұдан бөлек облыс аумағында 4 стратегиялық маңызды су торабы бар. Олар арқылы мол суды қауіпсіз өткізу үлкен жауапкершілікті талап етеді. Бүгінде 6 су қоймасының 3-еуін жөндеуге облыстық бюджеттен 94,9 млн теңге бөлінген.

410 техника дайын

Қазіргі таңда «Шардара» су қой­ма­сынан Сырдария өзенінің төменгі ағысына секундына 250 текше метр су жіберілуде. Жауапты маман­дар­дың айтуынша, өзендегі ахуал тұ­рақ­ты, өзендегі су деңгейі тиісті қатаң бақылауда.

«Арал-Сырдария» бассейнінің не­гіз­гі су көзі болып табылатын Сыр­дария өзені Нарын мен Қарадария өзен­дерінің қосылған жерінен бастау алады. Сырдария өзенінің су қоры Тоқ­тағұл, Әндіжан, Бахри-Точик, Шар­бақ, Шардара су қоймаларының және Көксарай су реттегішінің жұмы­сымен реттеледі. Өзеннің еліміз тө­ңі­регіндегі жалпы ұзындығы 1 746 ша­­қырымды құраса, оның 465 ша­қырымы Түркістан облысы және 1 281 шақырымы Қызылорда облысы тө­ңі­регінен өтіп, Солтүстік Арал теңі­­зіне құяды. Арал-Сырдария бас­сей­нінде жалпы ұзындығы 4 744 ша­қы­рымды құрайтын, Сырдария өзе­ніне құятын Келес, Арыс, Бадам, Бұрылдай, Бөген және 121 кіші өзен­ бар. Бұл өзендердің ағыс­тары 38 су қоймаларының жұмысы­мен реттелген. Қызылорда облысы аумағында 228 көл, оның ішінде Сыр­дария өзені арнасынан тікелей сумен қамтамасыз етілетін 50-дің үстінде көл бар. Сырдария өзені арнасында орналасқан көлдерге, ескі арналарға және жайылымдық жерлерге орта есеппен жылына 4000-4500 млн текше метр су жайылады.

Айта кету керек, облыс аумағында барлығы 37 гидротехникалық құры­лыс орналасқан. Су басу қаупі бар аймақтарға арнайы техника, күш-құралдары бар жауапты мекемелер бекітілген. Нақтырақ айтқанда, 39 су басу қаупі бар аймаққа 135 мекеме бекітіліп, 410 арнайы техника мен 1 234 адам күші бар.

Сондай-ақ облыста ауа райының күрт суытуынан 9 желтоқсаннан бас­тап Арал және Қазалы аудандары аумағында күр жүру процестері басталды. Бүгінгі мәліметке сәйкес, Қармақшы ауданында 2-3 пайыз, Қазалы су торабында 50-55 пайыз, Ақлақ су торабында 4-5 пайыз күр жүруде. Сонымен қатар Арал ауданы Қызылжар елді мекені тұсынан ба­с­тап Ақлақ су торабына дейін мұз толық ұстасқан. Жалпы ұзындығы 70 шақырымды құрайды.

Осы мәселелерге байланысты Ақлақ су торабы мен Қазалы су торабы­ның қауіпсіздігі мен су тасқы­ны­нан туындайтын төтенше жағ­дай­­дың алдын алу мақсатында 9 жел­тоқсаннан бастап транзиттік ре­жимге көшірілген. Одан бөлек Қазалы және Арал аудандары бо­йын­ша өндірістік учаске тарапы­нан түнгі мезгілге кезекшілік ұйымдас­тырылған.

Ауданға келер қауіп жоқ

Су тасқынының алдын алу шара­ларын аудандағы жауапты мамандар қар­қынды жүргізуде. Өз кезегінде об­лыс бойынша су тасқынын болдыр­мау мақсатында қауіпті учаске­лерді ны­ғай­туға бюджеттен тиісті қаражат­ бөлінуде. Оның ішінде Жалағаш ауданындағы Мөрәлі Шә­менов ауы­лы маңындағы Сырдария өзені­нің оң жағалауындағы «Самит арна – Шө­мен қайыры» учаскесі ара­лы­ғын­дағы қорғаныс бөгетін күшейту жұ­мыс­та­рын атқаруға об­лыстық бюд­­­жеттен қаржы бөлініп, тиісті жұ­мыс­тар жүргізілген.

Аудан әкімі Ардақ Ибраимов ау­дандық төтенше жағдайлар бөлі­міне аудан көлемінде су тасқы­нының алдын алу мақсатында авариялық-құтқару қызметтері мен күш-құ­ралдарының дайындығы үнемі әзір болуын, «Жалағашсушар» өндірістік учаскесіне Сырдария өзенінің бойын­дағы қауіпті учаскелерге үнемі мо­ниторинг жүргізіп, қатаң бақылауға алуды тапсырып келеді. Сондай-ақ кент және Ақсу, М.Шәменов, Таң, Қаракеткен ауылдық округінің әкім­дері Сырдария өзені бойындағы қор­ғаныс бөгеттерінің жағдайын үне­мі бақылауда ұстауда.

Кодекс мақұлданды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас Ассамблея­сын­да егер шұғыл шаралар қабылдан­баса, судың тапшылығы эко­­но­­ми­калық, әлеу­меттік және эко­­ло­­гиялық дағда­рыстар туғызуы мүм­­кін екенін атап өтті. Осы орайда ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы оты­­ры­сында депутаттар Су кодексі жобасы мен оған ілеспе түзетулерді бірінші оқылымда мақұлдады.

Иә, биылғы су тасқыны және соңғы жылдардағы оқиғалар су ре­сурстарын басқару жүйесін рефор­ма­лаудың аса маңызды екенін айқын көрсетті. Бұл құжатта халықаралық тәжірибенің озық үлгілеріне сай эко­жүйені қорғау, климаттың өзгеруіне бейімделу және су ресурстарын ұтым­ды басқару есебінен эконо­ми­каны тұрақты дамытуға жол аша­тын заңдық тетіктер барынша қам­тыл­ған. Судың зиянды әсерінің ал­­дын алуға, оның ішінде жерүсті су объектілерін қалпына келтіруге және су тасқынынан қорғаудың инже­нерлік жүйелерін құруға бағыт­талған нормалар енгізілуде. Сумен жабдықтау жүйелерінің техникалық аудит мәселелері алғаш рет заңна­малық деңгейде реттелді.
Айта кетейік, бүгінде 42 жаңа су қоймасын салу және 37 қолданыстағы су қоймасын реконструкциялау жос­парда бар. Сонымен қатар шамамен 14,5 мың шақырым ирригациялық канал жаңғыртылады.

Қауіпті аймақтар алаңдатады

Тілсіз жаудың қайталануы мүмкін табиғи апатқа байланысты қауіпті аймақтардың бүгінгі әзірлігіне тоқ­талсақ… Жайық өзені өтетін Батыс Қазақстан облысы көктемдегі су тас­қыны кезінде ең көп материалдық шы­ғынға ұшыраған аймақтың бірі саналады. Статистикаға сүйенсек, 5 927 үй бүлінген, оның 2828-і жа­рам­сыз деп танылған. Бұған қоса тас­қын салдарынан 11 әлеуметтік ны­сан бүлінген. Желтоқсанға дейін 6 ны­сан күрделі жөндеуден өткізіліп, қал­ған бесеуінде әлі де жұмыстар атқарылуда.

Жалпы облыста 39 гидро­тех­никалық нысан бар. Тасқын ке­зінде 6 гидротехникалық нысан суға төтеп бере алмаған. Оның үшеуі Теректі ауданында, екеуі Бөр­ліде, соңғысы Қаратөбеде орна­ласқан. Қазір бар­лығы қалпына кел­тірілген. Тағы 14 су қоймасының рекон­струк­циясы бо­­йынша жобалық-сметалық құжат әзір­ленуде. 9-ы жыл соңына дейін, қалғаны 2025 жылы аяқталмақ. Су өткізгіш құбырларды салу бойынша 23 жоба дайындалып, об­лыстық резервтен 1 млрд теңге бөлінген.
Биыл көктемде Ақтөбе облысының Ырғыз, Хромтау ауданындағы бір­неше ауыл су астында қалды. Мы­салы, балық шаруашылығы үшін кә­сіпкерге сенімгерлік басқаруға бе­­­рілген Ақтөбедегі «Мағаджан» су қойма­сының платинасына қажетті күтім жасалмай, онсыз да ел аумағы дүрлігіп тұрған кезең 5 сәуірде бөгет жарылады. Хромтау ауданындағы үш ауыл және Ақтөбеге жақын ор­на­­ласқан саяжайларды су басып қалды. 15,8 миллион текше метр суды төменге ағызып жіберген бөгет 1985 жылы қолданысқа беріліп, со­дан бері күтім көрмеген екен.

Қазір аймақтың коммуналдық мен­шігінде 206 гидротехникалық құ­рылыс бар. Биылғы су тасқыны ке­зінде Ақтөбе аумағындағы 15 гидро­тех­никалық құрылыс бұзылған.

Бүгінде Темір ауданындағы Қара қорғаныс дамбасы, Көсем және Те­реңсай бөгеті қалпына келтіріл­генін, тағы 19 қорғаныс бөгетін қал­пына кел­тіру мен өзен жағаларын бекіту үшін құрылыс-монтаждау жұ­мыс­та­ры басталған. Сондай-ақ 245 млн текше шақырым су сақтай ала­тын Ақ­төбе қоймасында қазір 53 млн текше шақырым су бар. Қажет­ болған жағдайда су қабыл­дауға дайын.
Су тасқынынан Атырау өңірінің 3 ауданы қатты зардап шеккен еді. Әсі­ресе Құлсары қаласының халқы үйінен, малынан айырылды. Қа­зір шы­ғынның бәрі толық өтеліп, бас­панасынан айырылғандар жаңа үйге қоныстанып үлгерген. Дайындық ба­сында Жылыой ауданына қа­расты Құлсары қаласында Құр­сай каналының 32 шақырымы тазар­тылып, тереңдетілген. Осындай жұ­мыстар өткен айда Жем өзенінде басталған. Жалпы ұзындығы 55 ша­қырым болатын жағаның 1,5 шақы­рымы тереңдетілген. Сондай-ақ Жа­йық өзенінің Каспий теңізіне құятын шығыс беттегі сағасы тереңдетілуде. Құрманғазы ауданындағы Қиғаш өзе­ні де тазартылып жатыр.

Ал Ақмола облысында 174 елді мекенде 65 шақырым су өткізу арнасы қазылып, 38 шақырым өзен арнасы тазартылған. Тағы 34 шақырымы кеңей­­тіліп, тереңдетіліпті. 110 шақы­рым бөгет нығайтылып, 21 шақырым жаңа бөгет тұрғызылған. 9 елді ме­кенде су деңгейін бақылап отыру үшін қосымша гидробекеттер салынған.

Түйін: Қысылтаяң шақта әрбір қазақстандық зардап шеккен отан­дас­тарына болысып, қолдауын ая­ма­ды. Бір сөзбен айтқанда, өткен қиын­дықты халық бірге еңсерді. Енді алдағы уақытта кеткен олқы­лықтарды түзеп, тасқын сумен күре­суде заманауи тәжірибелерді қол­да­нып, қайталануына жол бермеу қажет.

Жандос ЖАЗКЕН

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: