Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

17°C

, Жұма, 20 қыркүйек, 20:42

Суретшілер сынға түсті

03.10.2023

600

0

Өнер – халық тарихының шежіресі. Қазақта өнердің саналуан түрі бар. Ән өнері, би өнері, күй өнері, қолөнер және т.б. Жанға тыныштық сыйлап, қиял әлеміне сапар шегуге жетелейтіні – сурет өнері. Аса шеберлік пен талантты қажет етіп, қылқаламмен ақ қағаз бетіне жансыз бейнені тілсіз сөйлеткендей әсем бейнелеуде қазаққа тән қасиет. Сурет өнері – өнер атаулының ішіндегі көркем де бейнелі руханият қазынасы. Қазіргі егемен елдің болашағы болар жас ұрпақты ұлттық дүниетаным негізінде тәрбиелеудің баға жетпес теңдесіз құралы.

Ұлттың тарихын, салт-дәстүрін, өткен тұрмыс-тір­шілігін бейнелі әрі ұғымға жеңіл де көрнекті түсін­ді­ретін тек сурет мұрағаты болып табылады. Бұл өнер түрі тек халықтық болмысты танытып қана қоймай, оқу­шы­ның жеке тұлға ретінде талғамы мен танымының қалып­та­суына мол септігін тигізеді.
«Суретші көргенін емес, сезінгенін бейнелейді» деген әйгілі суретші Пабло Пикассо. Ал ондай дарын – екінің біріне бұйыра бермейтін ерекше қасиет. Сурет өнері – ықылым заманнан бері өз құндылығын жоғалтпай келе жатқан ұлы өнер. Өздеріңіз білетіндей суретшілердің ұшар басында әйгілі кескіндемеші, график-суретші, қазақ бейнелеу өнерінің негізін салушы Әбілхан Қастеев тұр. Одан кейін де бұл сала бойынша елімізде жетістікке жетіп жүрген жастарымыз көп. Аудан өрендері де бейнелеу өнерінен хабарсыз емес.
Аудандық жастар ресурстық орталығы мен «Темір­қа­зық» қоғамдық бірлестігі, «Руханият» орталы­ғы­ның ұйымдастыруымен «Қоғамдық санада сыбайлас жемқорлықтың көріністеріне жол бермеуді қа­лып­тас­тыру» қызметі аясында «Жемқорлықсыз әлем» тақы­ры­бында 8-10 сынып оқушылары арасында аудандық суретшілер сайысы ұйымдастырылды. Аталған шараға кент және ауылдық округтердегі білім ошақтарынан 19 оқушы қатысты. Байқаудың басты мақсаты балалардың шығармашылық және көркемдік қиялдарын дамытуға мүмкіндік беру арқылы қабілетін қалыптастыру, қатысушылардың сурет салуға деген қызығушылығын арттыру арқылы сурет өнерінің кең ауқымда дамуына атсалысу және өнерлерін халыққа насихаттап, қоғамдық санада сыбайлас жемқорлықтың көріністеріне жол бермеу болып табылады.
Талантты жастар арасында өткен сурет сайысының ашылу салтанатында аудандық жастар ресурстық орта­лығының директоры Нұржан Амандық байқаудың маңыздылығына тоқталып, жастарға сәттілік тіледі.
– Біз сыбайлас жемқорлықты түбегейлі жою мақ­сатында аудан орталығында ақпараттық-танымдық бағытта үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп, түрлі іс-ша­ралар ұйымдастырып келеміз. Бүгінгі өткізіліп отырған байқау сөзімізді растай түспек. Жыл соңына дейін бірнеше шара ұйымдастыру жоспарда бар. Бүгінгі шарамыздың мақсаты өскелең ұрпақ арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы қағидатын қалыптастыру, жастармыздың суреттері арқылы олардың ойын, көзқарастарын білу болып табылады, – деді жастар ресурстық орталығының директоры Нұржан Раисұлы.
Шығармашылыққа жаны құмар жастар барда сурет өнері өз өміршеңдігін жоймасы анық. Тек өнердің қадір-қасиетін бағалай білу қажет.
Сайыс қорытындысы бойынша қылқалам шеберлерін арнайы Руханият орталығының бөлімше басшысы Қуат Адис, орталықтың безендіру-суретшісі Оралбек Қанибай және аудандық жастар ресурстық орталығының директоры Нұржан Амандық марапаттап, «Темірқазық» қоғамдық бірлестігінің дипломдары мен қаржылай сыйақысымен марапаттап, басқа да қатысушыларға алғыс хаттар мен ынталандыру сыйлықтарын табыстады.
Әділқазылардың шешімімен І орынға Темірбек Жүргенов атындағы №123 мектеп-лицейінің 8 сынып оқушысы Арнұр Шакизаданың салған суреті лайық деп танылып, жас қылқалам шеберіне 35 мың теңге сыйақы табысталды. Ал Әл-Фараби атындағы №201 мектеп-лицейінің 10 сынып оқушысы Аян Рахат ІІ орынға тұрақтап, 25 мың теңге иеленсе, Ш.Ермағанбетова атындағы №246 орта мектебінің 9 сынып оқушысы Бақдәулет Оразбек үздік үштікті түйіндеді, сондай-ақ ол 20 мың теңге қаржылай сыйақыға ие болды.
Ұлт мәдениетін зерделеуде бейнелеу өнерінің ықпалы зор. Сурет өнері – қашанда ойды дамытып қана қоймай сұлулыққа үндейтін бірден-бір өнер түрі. Шыдамдылықты талап етіп, жан-тәнін, бар уақытын бір кескінге арнап, қағаз бетіне телміріп отыру тек суретшілерге тән қасиет. Сондықтан жастар арасында сиқырлы да сырлы өнердің алар орны ерекше.


Ақтоты БҮРКІТБАЙ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: