Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

19°C

, Дүйсенбі, 26 мамыр, 00:34

Сушы Талғат

25.05.2025

7

0

Тілшілік тіршілікпен Ақбостайдағы «Сәрке батыр» шаруа қожалығына атбасын бұрдық. Дала жұмысын наурызда-ақ бастап кеткен дала дарабоздарының шаруасы ширақ. Алып техникалар көрінбегенімен күрішшілер алқап басында. Әрине, қазір диқан атаулыны егістік алқабынан табасың. Не керек, каналды ашып, атызға қарай суды бағыттап жатқан сушыны әңгімеге тарттық.

«Қазір мен канал суын реттеп жа­тырмын. Бір жағына аз, екінші жағына көп мөлшерде су жіберуге бол­майды. Барлығын бақылауда ұстап отыру керек. Күріш бітік шығуы үшін суын дұ­рыс қоя білу маңызды. Өйткені кү­ріш­тің шығымы берілген суына бай­ланысты. Ауа райының ерте ысуына бай­ланысты суару маусымы ерте бас­­талды. Биыл 59 гектар жерге кү­ріш ектім. Әрине, соңғы жылдары су тап­шылығы шаруаларға қиын­дық туғызғанын білемін. Жалпы су шығынын азайтуда егістік жерді ла­зерлік тегістеудің маңызы зор. Сон­дықтан дән сеппей тұрып, лазерлік жер тегістеу әдісін пайдалану арқылы су үнем­деуді қолға алуға тура келді» деп бас­тады әңгімесін сушы Талғат Мұса.
Сондай-ақ күрішші күріш дәнін то­пы­­раққа дискілеп енгізу арқылы егіп көріпті. Тәкеңнің айтуынша, бұл әдіс жер­ді тегістеуге, суды үнемдеуге, мол әрі сапалы өнім алуға мүмкіндік береді. Со­нымен қатар тыңайтқыш пен тұ­қым­ды үнемдеп егуге де үлкен септі­гін тигізеді.
Егін саласында 7 жылдан бері еңбек етіп жүрген Тәкең бүгінде бұл жұ­мыс­­­тың қыр-сырын меңгерген. Егінжайға орақ түскенше күтіп-баптау, суын қою секілді тірліктердің әртүрлі әдіс-тәсілдерін жітік біледі. Ол биыл тек «Лидер» сұрпын баптауда. Былтыр егін шығымы жақсы болыпты, әр гектарынан 55 центнерден өнім алған. Биыл да сол межеден төмендемей, тіпті рекорд орнатуға ниетті. Өйткені шаруа­шылық тарапынан жоғары өнім алған шаруаларға қаржылай сыйақы, тіпті автокөлік те беріледі екен.
– Өзіме жұмысым қатты ұнайды. Ерін­бесең ғана еңбегіңнің жемісі тәтті болады. Жалқаулық жаман әдет еке­нін білеміз ғой. Иә, жеңіл жұмыс еш жерде жоқ. Күріш өсіру ең алдымен жердің бабына, аяқсуға, ауа райына да байланысты. Оның дәмді, өнімді бо­луы үшін топырақтың құнарлығына, аяқ­судың молдығына аса мән берген жөн. «Піс, аузыма түс» деп отырған мен жоқ. Барлығы еңбектің арқасында келеді. Жаз бойы күн-түн демей күтім жа­сай­мын. Соның арқасында жоғары өнімге қол жеткіземін, – дейді Талғат Шәмшатұлы.
Иә, шаруа адамдарының көңіл-күйі керемет, тірліктері тындырымды. Ұйым­дастыру жұмыстары, еңбек­кер­лердің ауызбіршілігі де ойда­ғыдай.
Көктемнен бастап еңбек көркін қыз­дырып келе жатқан дала дарабоз­да­рының күріштен тау тұрғызатынына күмәніміз жоқ. Былтыр жалағаштық диқандардың күріштен рекорд қойып, аймақта «Үздік аудан» атанғаны сөзіме дәлел. «Басын көтеріп елден сұрағанша, басын иіп жерден сұрайтын» еңбек адамдары аман болсын!

Жандос ЖАЗКЕН

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: