Сыбайлас жемқорлық ел экономикасының дамуына үлкен кедергі келтіріп отырған қоғамымыздың ең басты қауіп-қатерлерінің бірі. Сондықтан да оны болдырмау, алдын алу мақсатында елімізде көптеген іс-шаралар жоспарланып, жүзеге асырылуда. Осы орайда, Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментімен 2022 жылдың 28 қазанында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағытындағы 9 айда атқарылған жұмыстарды қорытындылау туралы жедел мәжілісі өтті.
2022 жылдың екінші жартыжылдығынан бастап, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің аймақтық департаменттері сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің Картасы негізінде әрекет етуде. Бұл Картаға өңірлерде халық пен бизнесті толғандыратын мәселелер мен сыбайлас жемқорлыққа бейім салалар енгізілген.
Осылайша, Департаменттің нәтижелері облыс тұрғындарының әлеуметтік және экономикалық жағдайын жақсартуға және Картаға енген бағыттардың тәуекелдерін жоюға негізделіп отыр.
Департаментпен 36 сыбайлас жемқорлық қылмысы тіркеліп, олардың ішінде басым көбі қаржы саласы мен жергілікті атқарушы органдарда орын алған. Ал 34 тұлғаның қылмыстық іс-әрекеттері әшкерелені, қылмыспен келтірілген залалдың 114,3 млн. теңгесі өндірілген.
Сонымен қатар, мәжілісте превенция, яғни профилактикалық және алдын алу шараларының барысы талқыланды. Аталған жұмыстардың аясында көлік бақылау инспекциясы, квазимемлекеттік және көші-қон салаларында сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне 3 сыртқы талдау жүргізілсе, басқа да өзекті салаларға қатысты 12 сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг жасалған. Нәтижесінде жергілікті мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік мекемелерге ұйымдастырушылық шараларын қолдану жөнінде 162 ұсыным берілген. Анықталған жемқорлық тәуекелдерін жоққа шығару мақсатында, уәкілетті орталық органдарға салалық нормативтік-құқықтық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы 30 ұсыным жолданған.
Сондай-ақ, мемлекеттік сатып алулар бойынша жүргізілген мониторинг нәтижесінде біршама мемлекеттік мекемелерге сатып алу бағаларын қайта қарау туралы жолданған ұсынымдар негізінде 962 млн.теңге бюджеттік қаржының үнемделуіне қол жеткізілді.
Мәселен, «Қызылорда Су жүйесі» мекемесіне жүргізілген тексеру қорытындысымен мекеме тарапынан ауыз сумен жабдықтау, ағынды суларды бұру қызметтерінің тарифтеріне «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында жасалған несиелік келісім шарттары бойынша шығындардың мөлшері негізсіз қосылған. Есебі анықталғаннан кейін, Департаменттің бастамасымен тұтынушыларға жалпы 49,9 млн. теңгенің тарифтері қайта есептелді. Нәтижесінде ауыз сумен жабдықтау қызметінің орташа тарифі 1,94%-ға, ал ағынды суларды бұру қызметінің орташа тарифі 0,28%-ға төмендеді.
Сонымен қатар, Қызылорда облысының әкімдігі жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі комиссияның 3 отырысы өтіп, жер телімдерін табыстау, жол құрылысы, агроөнеркәсіптік саласын дамытуға арналған мемлекеттік бағдарламалардың орындалуы, бөлінген қаражаттың тиімді пайдаланылуы секілді мәселелер қаралды. Аталған отырыстардың нәтижесінде ішкі істер органдарында, квазимемлекеттік секторында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, сыбайлас жемқорлық тәуекелдер Картасына байланысты мәселелер талқыланып, тиісті шешімдер қабылданған.
Бір айта кететіні, сыбайлас жемқорлықтың алдын алуда, сондай-ақ әшкерелеуде қарапайым халық та белсенділік танытуда. Осы ретте, «Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық фактісі туралы хабарлаған немесе сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылда өзге де жолмен жәрдемдесетін адамдарды көтермелеу қағидаларына» сәйкес, жемқорлық деректері жөнінде хабарлағандары үшін 8 азаматқа жалпы 1 643 800 теңге сыйақылары берілген.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!