Сыбайлас жемқорлық қандай да болмасын мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық дамуына, өсіп-өнуіне аса қауіп-қатер төндіреді. Әлеуметтік құбылыс ретінде сыбайлас жемқорлық кез-келген қоғам үшін күрделі мәселе болып табылады. Қазақстан Республикасы ТМД елдері арасында бірінші болып 1998 жылы «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заң қабылдады. Осы заңның көптеген тармақтарын көрші елдер өз заңдарын қабылдау барысында пайдаланған.
Сыбайлас жемқорлық мемлекеттік органдардың тиісті қызмет атқаруына кері әсерін тигізіп, беделіне нұқсан келтіреді, азаматтардың конституциялық құқықтары мен заңды мүдделерінің бұзылуына себеп болады. Қазақстан Республикасының «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заңына сәйкес, сыбайлас жемқорлықпен күресті барлық мемлекеттік органдар мен онда қызмет атқаратын лауазымды тұлғалар жүргізуі тиіс.
Сыбайлас жемқорлық әрекеттері бойынша тиісті шара қолданудың негізі – ол азаматтардың арыз-шағымы. Мемлекетіміздің әрбір азаматы Қазақстан Республикасының Конституциясын және заңдарын сақтауға, басқа адамдардың құқықтарын, бостандықтарын, абыройы мен қадір-қасиетін құрметтеуге міндетті.
Егеменді болып еңсемізді көтергенімізге, тәуелсіздігімізді алып, тұрмысымызды түсегенімізге ширек ғасырдан астам уақыт өтті. Өткенімізге көз жүгіртетін болсақ, Елбасымыздың көреген саясатының арқасында мемлекетіміздің тамыры тереңге тартып, нығая түсуіне бағытталған құқықтық заңнамалар мен іс-шаралар қабылданып, ел экономикасы мен әлеуметтік жағдайы түзеліп, әлем мемлекеттерінің ортасынан өз орынын айқындады. Бүкіл әлемге өзінің біртұтастығымен, ажырамас бірлігімен танылды. Қоғам дамуының жаңа жолын таңдап, уақыттан туындаған әртүрлі кеселдерден айығуды міндет етіп қойды.
Жемқорлықпен күрес бүгінде елімізде мемлекеттік маңызы бар түйткілді мәселеге айналып отырғандығы шындық. Елдің ертеңі үшін, болашақ келер ұрпақ алдында еңсеміздің биік көтеріліп жүруі үшін, жемқорлық індетімен белсене кұресіп, түп-тамырымен жою қажет. Бұл індет – адамзат баласына жат қасиет. Жемқорлыққа қарсы күрес – бұл қоғамның біртұтас жұмысы. Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, оны болдырмауға бүкіл қоғам атсалысу керек.
Қорыта айтқанда, әрбір мемлекеттік қызметшінің өзіне бекітілген қызметтік міндетін мүлтіксіз орындауы, сыбайлас жемқорлықты болдырмаудың негізі болады және сыбайлас жемқорлық сипатындағы көріністерге қарсы тұрғанда ғана жеңе аламыз. Сондықтан, сыбайлас жемқорлықпен күресу барлық Қазақстан Республикасы азаматтарының азаматтық борышы деп қабылдауымыз керек.
Г.Касымова
Жалағаш аудандық қазынашылық басқармасының
бас маман-бас қазынашысы
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!