Сыр елінде алғаш рет 7 жастағы қыз балаға тимпанопластика отасы жасалды. Ота облыстық көпбейінді балалар ауруханасында шамамен 2,5 сағатқа созылды. Оған оториноларинголог дәрігер Айбол Қонысбаев, анестезиолог Абзал Мамытбекұлы және мейірбике Жанат Жалғасбай қатысты.
– Кішкентай пацинетіміз бір жылда отит диагнозымен ауруханаға төрт рет жатып шықты. Ата-анасы оны басқа жаққа алып баруға мүмкіндігі жоқ екенін айтып, бізге сенім артты. Сондықтан қала емханаларының біріндегі аппаратты алып, алғаш рет ота жасауға бекіндік. Ота барысында Астанада оқып, жұмыс істеген уақыттағы тәжірибеме сүйендім. Сондай-ақ елордадағы профессорлардың кеңесіне жүгіндім. Абырой болғанда бастама сәтті өтті, – деді майталман дәрігер А.Қонысбаев.
Науқасты ұзақ жыл бойы құлағынан ірің ағу жағдайы мазалап келген. Тексеру кезінде науқастың құлақ жарғағы тесілгені анықталып, оған жаңадан жарғақ, яғни перде салуға тура келді. Дәрігер мұндай диагнозбен тіркелген адамдар өңірде жиі кездесетінін айтты.
– Бала тұмауратқанда тамағы іріңдеп, асқыну салдары құлаққа өтеді. Соның кесірінен құлақта ақау пайда болып, пердесі тесіледі. Өкінішке қарай мұндай ауру жас талғамайды. Дегенмен балаларда көбірек кездеседі. Қызылордада ота жасалмағасын Алматы, Астана сияқты мегаполистерге баруға тура келетін. Соған шамасы келмей, ауру асқынғасын аппаратқа таңылатын адамдар аз емес, – деді ол.
Айта кетейік, соңғы екі жылда облыстың барлық елді мекеніндегі денсаулық сақтау мекемелеріне 225 жаңа санитарлық автокөлік табысталды. Халық сұранысына сәйкес 45 жедел жәрдем көлігі алынып, облыстық медициналық жедел жәрдем стансасы 100 пайыз қамтамасыз етілді. Осылайша санитарлық автокөлікпен қамту мәселесі толық шешімін тапты.
Аймақтың медицина саласын өркендетуге бюджеттен тыс ресурстар да тартылуда. «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры соңғы екі жылда өңірдің денсаулық сақтау саласына 4 млрд теңге қаржы бағыттады. Бұл қаржыға облыстық балалар ауруханасы базасында «Қамқорлық» орталығы ашылып, қажетті дәрі-дәрмек алынды. Қор облыстық онкология орталығын құны 1 млрд 100 млн теңге тұратын скрининг жүргізуге арналған жылжымалы медициналық кешенмен қамтамасыз етті. Мұндай кешен республиканың 3 өңірінде ғана бар.
2023 жылы ауданға қарасты Мырзабай ахун, Есет батыр ауылдарында «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасымен дәрігерлік амбулатория салынып, ел игілігіне табысталды. Сондай-ақ былтыр дәл осындай медициналық ғимарат Қаракеткен ауылында да ашылды.
Ж.АРЫН
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!