Қызылорда қаласындағы «Өнер» орталығында «Үш дәуірдің астанасы – Қызылорда» атты республикалық ақындар айтысы өтті. Жыр додасын Парламент Мәжілісінің депутаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, филология ғылымдарының докторы Аманжол Әлтай жүргізді. Ашылу рәсімінде аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев қатысушыларға сәттілік тіледі.
– Биыл – еліміз, өңіріміз үшін мерейтойлар жылы! Қазақтың бас ақыны Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл, Қызылорданың Қазақ елінің астанасы болғанына 100 жыл, Ұлы Жеңістің 80 жылдығы, Байқоңыр ғарыш айлағының ашылғанына 70 жыл, Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы кең көлемде аталып өтуде. Бұл мерейлі даталардың ұлт тарихында алар өзіндік орны мен маңызы зор. Сыр өңіріндегі айтулы шаралар мыңжылдық асыл мұрамыз айтыспен басталуда. Мемлекет басшысы бірлік пен берекенің, өнер мен мәдениеттің құтты ұясы болған Сыр өңірін алтын бесікке теңеп, айрықша бағасын берген еді. Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайда келесі 5-ші отырысты Сыр бойында, кезінде Қазақ елінің астанасы болған Қызылорда қаласында өткізуді ұсынды. Алқалы жиында қабылданған тарихи шешім аймақ жұртының мерейін асқақтатты. Президентіміз халқымыздың «қазақ» деген байырғы атауы қайтарылған, тарихи әділдік орнаған Қызылордадағы маңызды оқиғалар ел жадында сақталуға тиіс екенін атап өтті. Бұл – біз үшін зор мәртебе, Президентіміздің өңірімізде атқарылған жұмыстарға берген оң бағасы деп білеміз. Сыр топырағынан түлеген ақындарымыз айтыс өнерін дамытуға үлкен үлес қосуда. Өйткені айтыс – мәңгілік киелі мұрамыз! Бүгінгі сөз додасына келген жүйріктерге ел рухын асқақтатудағы елеулі еңбектеріңіз үшін алғыс айтамын. Қазақылықтың қаймағы бұзылмаған, бірлік пен ұлт тұтастығының алтын діңгегіне айналған қасиетті Сыр өңіріне келген қадамдарыңыз құтты болғай! Халықты ізгілікке үндейтін өнердегі шын жүйріктер тыңдарманға келелі ой айтып, тағылымды сайыс жасаңыздар! Баршаңызға сәттілік тілеймін, – деді Нұрлыбек Машбекұлы.
Айтыс алаңында еліміздің әр аймағынан жиналған 12 ақын бақ сынады. Сыр жұртының төл өнерге деген құрметін, қызығушылығын, айтыс өнерін құрметтейтіні анық байқалды. Тіпті мың орындық «Өнер» орталығы бос орын қалмады. Айтыскерлер қазақтың бас ақыны Абай Құнанбайұлының туғанына 180, Қызылорда қаласының Қазақ елінің астанасы болғанына 100 жыл толуын, Ұлы Жеңістің 80, Байқоңыр ғарыш айлағының 70 және Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығын жырға қосты.
Қазылар алқасына мемлекет және қоғам қайраткері Сауытбек Абрахманов төрағалық етті. Құрамында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жүрсін Ерман, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Ғалым Жайлыбай, Мәдениет саласының үздігі, Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Құдайберлі Мырзабек, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры, жырау Алмас Алматов, сондай-ақ айтыскер ақын, филология ғылымдарының кандидаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мэлс Қосымбаев болды.
Аламан айтыстың бас жүлдесі Сара Тоқтамысоваға бұйырды. Ал I орынға қызылордалық ақын, аймақтың мақтанышы Мейірбек Сұлтанхан лайық деп танылды. Мұнан кейінгі орынға жерлесіміз, «Алтын домбыраның» 3 мәрте иегері Мұхтар Ниязовқа бұйырды. Сондай-ақ Абай облысынан келген Рүстем Қайыртай мен Қарағандылық Мақсат Аханов үштікті түйіндеді. Мұнан бөлек Батыс Қазақстан облысынан келген Жансая Мусина мен түркістандық Бекарыс Шойбековке арнайы жүлде бұйырды.
Сөз додасының көрігін қыздырған Қарағанды облысының ақыны Дидар Қамиевке, Павлодар облысынан келген Аспанбек Шұғатайға, ақтөбелік Злиқа Наурызалина мен Нұрбол Жауынбаевқа, сондай-ақ Түркістан облысынан келген Нұрмахан Жақыпбекке 500 мың теңгеден сыйақы табысталды.
Кенжетай ҚАЙРАҚБАЕВ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!