Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

19°C

, Сәрсенбі, 28 мамыр, 05:26

Тау тұлға атындағы турнир

27.05.2025

23

0

Өткен аптада жалағаштықтар 3 күн бойы былғары қолғап шеберлері додасының куәсі болды. Жаңадан ашылған спорт кешенінің аумағында «Кім чемпион атанады? Өзбекстаннан боксшы келіпті. Жекпе-жек тартысты болды» деген спорт төңірегіндегі сөздер өріп жүрді. Үш жыл қатарынан өткізіліп келе жатқан медицина саласының үздік дәрігері Ақназар Бектасовты еске алуға арналған ашық турнирге халықтың қызығушылығы мұндай жоғары болатыны заңдылық.

Турнирге аймағымызға қарасты ау­дандардан, сондай-ақ Шығыс Қа­зақ­стан, Ұлытау облыстарынан және Өз­бекстан елінен жалпы 16 ко­манда келді. Бақ пен бапты сынауға келген 200-ден астам жасөспірім спорт­шы 25 салмақ дәрежесінде жұды­рықтасты.
Турнирді аудан әкімінің орын­баса­ры Ғани Сүлейменов ашып, ме­ди­цина саласының үздігі Ақназар Бек­тас­ов­тың қызмет жолына тоқта­лып, тур­нирге қатысушыларға сәттілік тіледі. Сондай-ақ тау тұлғаның өнегелі өмір жолын өңіріміздің азаматтары мен кө­зін көрген ақсақалдар бір сәт еске алып, спортшыларға тартысты додада сәттілік тіледі.
Ақназар Бектасов 1944 жылы Аққұм ауылында дүниеге келген. Ол Алматы қа­ла­сындағы қазақ мем­лекеттік меди­цина институтына түсіп, оны 1966 жылы емдеу факуль­теті бо­йынша бітіріп шығады. Ал­­ғаш­қыда аудандық орталық аурухана­да балалар дәрігері болып жұмыс іс­тейді. Жұмыс жасай жүріп, Мәскеу, Ленинград, Пенза, Киев, Ал­­маты, Ақтөбе қалаларындағы білі­мін же­тілдіру институттарына ба­рып, қысқа курстардан өтіп, адам емдеудегі ме­дицинаның озық тәсіл­дерімен таны­­сады. Тынымсыз еңбек, үздіксіз із­денудің арқасында 1970-1980 жылдары ол хи­рург-дәрігер дәре­жесіне көтерілді.
Ақназар Бектасов алғаш рет нар­­­коз­бен ота жасауды ауданда сәтті іске асырған хирург ретінде та­рихта қал­ған. Сондай-ақ ол аудан орта­лы­ғынан қан дайындайтын арнайы бөлім ашуды қолға алды. Хирургтік мін­детін атқара жүріп, ауыр науқастар кездескен кезде донор болып, қан беруді әдетке айналдырды. Осы са­лада еңбек еткен жылдары қан беру арқылы 75 нау­қастың өмірін сақтап қалды. Сол еңбегі үшін 1989 жылы «ҚСРО-ның құрметті доноры» атағын иеленді.
Саналы өмірін денсаулық сақтау са­ласына жұмсаған Ақназар атамыз бір ұжымда, бір ауруханада үздік­сіз жарты ғасырға жуық еңбек етіп, «КСРО-ның үздік дәрігері» ата­ғына ие болды. 1994 жылы Жала­ғаш ауданының бірінші ша­қырылған мәслихатына депутат бо­лып сай­ла­нды. Ден­­сау­лық сақтау са­ла­сы­ның өзекті мә­се­ле­ле­рін ше­шуге зор үлес қос­­қаны үшін 2012 жылы «Ша­па­­ғат» медалімен марапатталды.
Аяулы жары Қанымкүл Шаханова екеуі 5 баланы дүниеге әке­ліп, та­ғы­лымды тәрбие берді. Бүгінде балалары елі­міз­дің әр саласында абы­ройлы ең­бек етіп жүр.
Жарысқа келсек, бірінші күннен бас­тап келген спортсүйер қа­уым­­ның қатары қалың болды. Бірі баласын, бірі немересін, енді бірі іні­сін до­даға қосқан жалағаштық жан­күйер­лер таң атқаннан кеш батқанға дейін тапжылмай турнирді та­­ма­­шалады. Оғландардың мықты да­­йын­­­дықпен келгені шалт қимыл­ы­нан байқалды. Жеңісті оңай­лық­­пен бер­мей­тіні алғашқы күннен-ақ бел­гілі бол­ды.
Бірінші күні турнирдің 1/8 кезеңі өтсе, келесі күні 1/4 және жартылай фи­налдық кезеңге жалғасты. Екінші күннің жекпе-жектерінде спорт­шы­лар жан алыспай, беріспеді. Жан­күйер­лердің күткені де осы болды, өйткені боксшыларды енді бір аттаса, алда финалдық кезең күтіп тұр, яғни жүлдеге іліктің деген сөз. Сөйтіп 2 күн ішінде ақтық кезеңге кіл мықтылар іріктеліп шықты. Додада Жа­ла­ғаштың боксшылары жарады.
Үш күнге созылған бокс додасында спортшылар өзара мық­тыны анық­та­ды. Ақтық кезеңнің қоры­тындысы бо­­йынша жалағаштық команда жер­гі­лікті жанкүйерлердің мерейін үстем етті. Командалық есепте 7 алтын, 2 күміс, 7 қоламен көш бастады.
Көрші Өзбек елінің жас боксшы­лары да осал емес екен. Өзге мем­ле­кетке жұдырықтасуға келіп тұрған жасөспірімдердің көзінен қорқыныш немесе тартыну байқалмады. Бала болса да мұндай жігерлік танытқан қонақтарға жергілікті жанкүйерлер де дән риза болды. Сондай-ақ турнирдің ең үздік боксшы атағын Ернұр Ал­мат­бекұлы иеленді. Үздік былғары қолғап ше­берлеріне ерекше кубок табысталды.
– Жарыс жоғары деңгейде өтті. Ақназар атамыздың өмір жолынан ха­бардармын. Осындай тау тұлға атын­­дағы турнирде барыңды салмау – мен үшін үлкен сын. Қарсыластарым­ның барлығы мықты, осалы жоқ. Ақтық ке­зеңге дейін сенімді жұ­дырық­тастым деп айта аламын. Бірақ финалда жұ­дырықтасу қиынға соқты. Қарсы­ла­сым да мықты спорт­шы екен. Жекпе-жек тар­тысты өтті. Менің бағым жанды, десе де қарсы­ласыма басымды иемін. Әрине, финалға шығу оңай емес. Өнерім кө­­рер­менге, төрешілерге ұнап, тур­нир­дің «Үздік былғары қолғап шебері» атан­­дым. Ұйым­дастырушыларға ал­ғыс айта­мын, – дейді чем­пион Ернұр Алмат­бекұлы.
Дүркіреген дода демде өте шықты. Ең бастысы, турнирге келген қо­нақтар дән риза. Ал Өзбек­стан жаттық­ты­ру­шысы мұндай жа­рыс­тар­дың жас­өс­пі­рім­дер үшін үлкен тәжірибе бе­ре­тінін ай­тады. Осы­лай­ша тау тұлға Ақназар Бек­тасовтың өскелең ұрпаққа өнеге бо­ларлықтай өмір жолы кең көлемде ұлықталды.


Ж.АРЫН

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: