Қалааралық бағыттағы автобустардың бірінде табан астынан тіл мәселесі қызу талқыға түсті. Оған себеп: билет кесіп тұрған кондуктор қыздың орысша сөйлеуі болды. Өрімдей жап-жас қазақ қызы баратын мекен-жайын нақтылап алмақ ниетпен жөн сұраған жас жігітке орысша жауап берді. Ал ол жігіт кондуктордан мемлекеттік тілде жауап беруін сұрады. Тіпті талап ететінін айтты. Ана тіліне бүйрегі бұрған ініме ішім жылып қалды. Алайда, патриот жігіттің сөзіне қитығып, қырсығып қалған әлгі қыз оған қазақ тілінде қызмет көрсетуден бас тартатынын кесіп айтты. Үлкен кісілер, тіпті автобустағы жолаушылардың дерлік бәрі кондуктор қызға наразылық білдірді.
Алайда, ол қос құлағын құлаққаппен тас қылып бітеп алып, ішкі ашуы бойын кернеп орнына жайғасты. Құдай біледі, тыңдап отырған әні де қазақ тілінде емес. Егде кісілер ана тілін құрметтемейтін, үлкенді сыйламайтын қазақ қызының ұлттық намыстан жұрдайлығын сынға алып ашулы кейіпте сөйлеп жатты, бірақ, оны қыз тыңдаған жоқ. Келесі аялдамаға дейін мелшиіп отырды да қойды. Содан кейінгі әңгіме өз тілін менсінбейтін кондуктор емес, қазақ тілінің қазіргі мүшкіл хәліне ұласып кетті. Ду-ду аздап басылған соң алдыңғы орындықта манадан бері үндемей отырған егделеу кісі бір қырындап артына бұрылып алып, байыппен сөз бастады.
– Ол балаға неге ренжисіңдер?! Шындығына келсек, оның қазақша білмеуіне немесе біліп тұрса да өз тілін құрметтемеуіне, мақтан тұтпауына осы жерде отырған барлығымыз да кінәліміз. Осы Қызылордаңның басқа өңірге қарағанда қазағы басым. Бірақ көбі орысша сөйлейді. Қалада туып, қаланың тәрбиесін көрген мынадай жастарды айтпағанда, тіпті кейде өзім қатарлы ақсақалдыққа бет түзеген ер адамдар мен әйелдердің бір-бірімен орыс тілінде шүлдірлесіп тұрғанын көріп, қатты қынжыламын. Қазір кез келген қоғамдық ортада да, әлеуметтік желіде де осы тіл мәселесі көп талқыланып жүр ғой. Ара-тұра ұлтжанды азаматтардың аузымен үлкен мінберлерден де тіліміздің аянышты халі айтылып қалады. Иә, ана тіліміз үшін шыр-пыр болып жүрген аяулы азаматтар көп. Кейбірі тіпті мына қызымыз секілді мемлекеттік тілде қызмет көрсетпеген қаракөздерімізбен қызылкеңірдек болып айтысып, ұрысып, тіпті жаға жыртысып жатады. Ондай бейнежазбалардың талайы әлеуметтік желіні шарлап жүр. Бірақ содан не өзгерді? Тіліміздің жағдайы түзеліп кетті ме? Тым болмаса қоғамдық орындарда, әлеуметтік нысандарда халыққа мемлекеттік тілде қызмет етпеген, аяулы ана тілін менсібейтін, білмейтін, үйренгісі келмейтін өзге ұлттар емес, өзіміздің қаракөздерге заң жүзінде қандай шара қолданып жатыр? Ешқандай шара қолданбайды. Өйткені, ащы да болса айтайын, біз тілімізден безген, ұятымыздан азған халық болдық. Кешегі бабаларымыз қанын төгіп қорғаған жердің де қасиетін білмейміз, сол бабаларымыз «анамыздың тілі» деп ардақтаған тілдің де қасиетін білмейміз. Кейбіреулер өз тілін білмейтіндерді «мәңгүрт» деп атап жүр ғой қазір, ол бергі жағы. Өз тілін білмейтін адам – нағыз бейшаралық қамытын киіп, қор болған адам. Тіпті мен оларды «азғын» деп атаймын. Ауыр сөз әрине, бірақ ауыр да болса, соларға лайық сөз. Мына балама разы болып отырмын. Дұрыс, ана тілінің хақын сұрау керек. Талап ету керек. Қоғам болып солай жасау керек. Мүмкін сонда бір күндері тіліміздің күні де туар. Үмітсіз тек – шайтан ғана. Мен осы уақытқа дейін орыс тілді мәңгүрт қазақтармен соғысып келе жатқан адамның бірімін. Бірақ содан ештеңе өзгерте алмадым. Себебі жоғарғы биліктің өзі орыс тілінде сөйлейді, орысша ойлайды. Жоғарыдан талап етілмейді. Демек, мен босқа терлеп жүр екенмін. Қазір ана тіліміз үшін ешкіммен сөзге келмеймін. Дауласып отыратын денсаулығым да жоқ. Бірақ мен тіл үшін күресімді басқа тәсілмен жалғастырып келе жатырмын. Яғни бұрынғы позициямды өзгерттім. Мәселен, кез келген дүкенге немесе асханаға барғанда ондағы қызметкерлер маған мемлекеттік тілде қызмет көрсетпесе үндемей кетіп қаламын. Қазақ тілінде қызмет көрсететін дүкеннен сауда жасаймын, қазақ тілінде қызмет көрсететін асханадан тамақтанамын. Менің қасиетті тілімді менсінбеген мәңгүрттерді мен де менсінбеймін. Одан менің ештеңем де кетпейді, есесіне олар бір тұтынушыдан айырылып қалады ғой, – деп сақал-шашын қырау шалған кісі сөзінің аяғын күліп аяқтады. Бірақ ол күлкінің астарында елінің келешегін ойлайтын, тілінің мүшкіл хәліне алаңдайтын ұлтжанды қазақтың көкірегін кернеген ащы жанайқай бар еді. Кім білсін, әңгімесін аяқтап, алдына бұрылғанда әлгі кісінің қос жанарынан бір тамшы жас ыршып кеткен шығар…
Автобустағы ағамыздың әңгімесі маған үлкен ой салды. Расында, біз көбіне қоғамның кез келген қисық тұсының түзелуі үшін талап ету керек екенін біле бермейміз және талап етуді тек айқайлап, қоқан-лоқы жасап, қорқытумен шатастырамыз. Ал шындығында қазақ тіліне деген ең үлкен талап – мемлекеттік тілде сөйлемейтін, қазақ тілін білмейтін және үйренгісі келмейтін адаммен қандай жағдайда да диалог құрудан бас тарту және ол қарсылығыңды үндемей қоюмен немесе кетіп қалумен білдіру. Сонда мүмкін, қазақ тілінің қазақ қоғамында қолданыстағы тіл ретінде қажеттілігі артып, мемлекеттік тіл ретіндегі мәртебесі өсетін шығар.
Қуат АДИС
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!