Қазақ «той дегенде қу бас домалайды» деп санаға сақтап, ойын-тойға шектеу жасамаған. Пандемия екі жыл уақытымызды алып бөгемесе, шіркін қазекең басқа нәрседен тыйылса да, той жасауға шебер-ақ. Кішкентай қуанышты үлкен дүрмекті тойға айналдырар қасиет қазақтың бойына біткен жомарттығы, жайсаңдығы, қонақжайлығы десек те, сол дүрмектің біразынан бас тартқан да дұрыс-ау. Себебі қалың жұрттың ауызынан «қазір тойға шақырмай-ақ қойса екен деп отырамыз» деген сөздерді естиміз. Мүмкін ол қымбатшылық заманның ықпалы болар немесе бірін-бірі қайталайтын осы бір дүрмектен мезі болған да шығар? Кім білсін? Әйтеуір сан-саққа жүгірген осы бір мәселеге орай «Шаншар» әзіл-сықақ театрының әртісі Жүсіп Ақшора қазақ тойы түрлерінің тең жартысын алып тастау керек деп санайды. Ол тойдан береке кетіп, қазақты әбден шаршатып, қажытып жіберді дейді.
– «Мерекесі көп елдің берекесі болмайды» деп Қадыр Мырзалиев ағамыз айтып кеткен. Көшедегі халықтың 71 пайызы қазір тойдың қамымен жүр. Қанша күн жұмысынан қалады, қаншама қиыншылыққа тап болады. Шетелге барсаң, ондай емес. Өз-өзін күткен, өз-өзін дамытқан халық. Қарасаң біреу ұшақтың үлгісін жасап алып, соны қалай дамытсам деп ойланып отырады. Кәдімгідей қызығасың оларға. Ал біздікі бар тапқан-таянғаныңды құр шашу, – дейді ол.
Сондықтан ол қазақтың той түрлерінің басым бөлігін қысқартып тастау керек, бесік той, туған күн дегенді тойлаудың мүлде қажеті жоқ деп санайды. «Қазаққа тойды тоқтату керек. Жартысынан көбісін алып тастау қажет. Үйлену тойды, қыз ұзату тойын қалдыру керек, болды! Қалғанының керегі жоқ. Сүндет той, бесік той деген мал сойылып, туғандарының ғана өз ортасында жасалатын дүние ғой. Оған алашапқын болып, үлкен той жасап, далақтаудың қажеті жоқ деп ойлаймын. Бұрын «тышты ма, тышты ма» деп бесікті ұстап, бес кемпір келіп, бесік тойын жасап кететін. Ал қазір 250 адамды бір-ақ шақырады. Анау, алыстағы ағайындарды шақырасың. Ат әуре, көп әуре болып келеді еріксіз олар. Оның бәрі шын ниетімен қуанып келіп жатыр дейсің бе? Бәле болды ғой, өткенде ғана той жасаған, енді немене тағы да деп ренжиді. Жолда кейбірі бәлеге ұшырап жатады. Тойға деп шығып, жол апатына ұшырағандар, сөйтіп өліп кеткендер де бар.
Юбилейді бұрын ақын-жазушылар, қоғам қайраткерлері тойлайтын. Қазір бәріміз тойлағыш болып алдық оны да. Біреудің туған күнінің кімге керегі бар? Туса өзі үшін туып, өзі үшін жасқа толып жатыр. Оған елдің бәрін әуре қылып, жан-жақтан шақырып жатады. Кішкентай баланың 1 жасқа толған тойының не керегі бар? Сондай тойларды қысқарту керек бізге» дейді ол.
Шынында қалың қазаққа ой саларлық дүние. Қаншама ысырапты айтсаңызшы. Тіпті балалардың шілдеханасына ер адамдар келіп, арақ-шарап ішілетін болған. Бұрын шілдеханаға ер адамдар жоламаған. Жас босанып, белін жаңа буып жатқан әйелдің денсаулығын да, тыныштығын да ойлаған жөн. Кейбір әйел отамен босанып келеді. Біз болсақ, көлікті безендіреміз, үйді әдемілейміз. Заманына қарай адамы дегендей, ол да жарасымды шығар. Бірақ перзентханадан шыққан әйел үйге келіп, «қалжасын» жесін, арнайы сойылған малдың сорпасын ішсін, бөбегін суға түсірсін, өзінің, бөбегінің күтімін жасасын. Ол үйге бара салып, көпті жиып, шілдехана істеу меніңше обал секілді. Белін бекем байлағаннан кейін жасаса да көштен қалмайды ғой.
Бұрын аналарымыз келін босанғаннан кейін «белі қатайсын» деп жас босанған келінді ауыр жұмысқа араластырмай, белін байлатып, қырық күнге дейін үйден шығармай күтіп-баптаған. Мүмкін қазіргі жас келіндердің көп ауыратыны да осы күтімді жасамағаннан болар?
Менің құрбым қызын Жапонияға ұзатты. Тойына өзі барып келді. Үйлену тойында көп болса отыз шақты адам болды деп таңғалды. Ал бізде ол тойға кемінде 150 адам келмесе, бет шымшимыз. Не нәрсенің болса да көп болғанын қалайтын қайран, қазағым-ай. Артыңда жиғаның болмаса да, астыңдағы жалғыз атыңды сойып, той жасаудан тартынбайсың.
“Той – халықтың қазынасы” деген қастерлі сөз бар. Бірақ қастерлі сөздің парқына түсінбей, шашылып, шамамыз жетпейтін несиеге кіріп, несібемізді кемітетініміз қиын-ақ. Соны ойлайық…
Г.ҚОЖАХМЕТОВА
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!