Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

-7°C

, Жексенбі, 22 желтоқсан, 08:56

Тойға тоқтам бола ма?

26.11.2023

434

0

Қазақ сәбидің іңгәлап дүние есігін ашқан сәтінен бастап өмір бойына ән арнап, би билеп, қуанышты сәттерін міндетті түрде тойлатып өткізеді. Той ата заманнан қазақ өмірінің мәні мен сәніне айналған. Жасыратыны жоқ, соңғы уақытта қоғамда той өткізу туралы екұдай пікір қалыптасты. «Тойдың не қажеті бар? Қарызға батқан халыққа той жасап не керек?» деген пікірмен жиі ұшырасатын болдық. Десе де дүркіретіп той тойлауды құп көретін азаматтарымыз да аз емес. Кейбірі «Сонда кезінде бар байлығын баласының қызығына арнаған, жиған-тергенін тойға шашқан ата-бабамыз дарақы болды ма?» деп тойды ұлт тарихымен ұштастырып та жатады.

Иә, бұл пікірлерді туғызған ха­лық­тың өзі, яғни біз. Не істесе де мақ­тау мен мадақты жақсы көретін жұрт «пәленшеден кем болмайық, қа­та­рынан қалмасын» деп санасып, орын­сыз жерде жарысып, тойды бәсеке алаңына ай­нал­дырып жібергені рас. «Ба­ла­сына бір той жасап бере алмай, Бұл өмір­ден өтіп кетті қанша адам» деп ән де шығарып алдық.
Бүгінгі тойлардан халқымызда той туралы қасаң, теріс түсінік қалыптас­қанын аңғару қиын емес. Оны жасау­дың міндетінен бөлек дүбірлетіп, сән-салтанатымен өткізу тағы бар. Бұл қал­талы азаматтарға қиындық тудыра қой­масы анық, алайда халықтың бәрі бай емес қой, жалақыдан жалақыға «шықпа жаным шықпамен» әзер жететін жандар жетерлік.
Иә, 2000 жылдардан кейін еліміз әлеу­меттік-экономикалық жағынан сер­пін алған соң мейрамханада той жасау дәстүрі қалыптасты. Мемле­кеттен кәсіп ашуға, еңбек етуге, жағдайымызды жақсартуға берілген несиеге дүркіретіп той жасап, шаша шықтық.

Ащы болса да шындық, дарақы тойлар халық әлеуетіне теріс әсерін тигізгеннен бөлек қоғамның рухани, мәдени азғындауына жол ашып жатқандай. Тойда шайтан суға тойып алып, тамаданың ойына кел­ген ойынын ойнап, мәз боламыз, марқаямыз.
Сөзіме тұздық болсын, жақында бір танысымның тойында болдым. Той жүргізуші ортаға 2 жас жігітті ша­қы­рып, ойын ойнатты. «Қандай ойын?» дей­сіз­дер ғой, бір жігіт қазақтың киелі музы­калық аспабы домбыра болса, екін­шісі сол домбыраны тартатын күйші болады екен. Сонымен не керек, әнші жігіт домбырамызды көтеріп алып, анайы жерінен шерте жөнелді. Той­­шыл қауым мәз, екі жігітке қол ша­па­лақтап, құрмет көрсетіп әлек. Сонда тамаданың 300-400 адамнан жи­нал­ған тойшыл қауымды осы ойынға лайық­ты санағаны ма? Әлде қоғамның сұра­нысы осы болды ма?
Айтып-айтпай не керек, «жиған-тер­генің тойға шашылсын» дейтін қазақтың шаш та төк мінезін аша түскен қазіргі той өткізу салтымызға реформа жасауға сұранып-ақ тұрғандай. Мысалы, қуа­нышқа келген қонақ санын 100 адам­нан асырмай, тойханалар мен той­шыл әншісымақтардың бағасын ба­қы­лауда ұстаса, мүмкін бүгінгідей есі кеткен дарақылық тыйылар ма еді?. Әйт­песе тойдан есі кеткен қара ха­лық, қоғамда ән айтып, билеуден де басқа мәселелер бар екенін естен шығарғандай.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әр сөзінде бүгін той тойлап жа­ры­сатын заман емес, білім, ғылым үй­ре­нуден, еңбек етуден жарысатын за­ман екенін бекер ескертпеді.
– Қазір «тойың тойға ұлассын» деп әндетіп, той тойлап жүретін уақыт емес. Бүгінгідей технологияның заманында той-томалақтың әңгімесін айтып, бір-бірін асыра мақтап, ас ішіп, аяқ бо­сатқанға риза кейіпте жүру әдетінен ары­лу керек. Той қуалайтын емес, ой қуа­лайтын кезеңмен бетпе-бет келдік. Бұл дәуір – ақыл-ойдың, ғылым мен білімнің, еңбектің дәуірі, – деді Ел Президенті.
Бір қуантарлығы, бүгінгі жас буын­ның басым көпшілігі дарақы тойды қолдамайтынын айтады. Жастардың бірі той өткен соң өмір бар екенін тілге тиек етсе, енді бірі «жақындарымның ортасында шағын ғана атап өткенге не жетсін», «тойға шашқан ақшаға пәтер сатып алар едім» деген пікірде. Әрине бұған елдегі әлеуметтік ахуал мен жастардың жаңаша көзқарасы, оқы­ғандығы, сауаттылығы әсер етсе керек.
Расында шаш етектен шығынға бат­пай, тек жақын адамдарыңа ғана арнап ақ дастархан жайып, бір-бірімізге тілеулес болып, кішігірім мереке ретінде атап өтуге дағдылансақ, той тойлау мәдениетіміз де, әлеуметтік әлеуетіміз де арта түсер еді. Түптеп келгенде, біз­ден бірнеше жыл алға дамып кеткен Жапония, Германия, тағы да басқа елдер сияқты болғымыз келсе, тойға шашқан қаржыны баланың сапалы білім алуына, кәсіп ашуына, келешегіне инвестиция ретінде құйған дұрыс деп ойлаймын. Тойға 500 адам емес, 100 адам шақырсақ та, ата-баба жолымен отқа май құйып, өсиетке толы бет ашу рәсімін жасап, жөн-жоралғысымен баланың тұсауын кесуді де ата-баба жолымен дарақылықсыз өткізуге әбден болатындай. Ойланайық…

Жандос Жазкен

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: