Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

10°C

, Жұма, 29 қараша, 13:43

Түйеге отырғаннан кейін қызылордалық бүлдіршіннің тілі шықты

17.01.2024

563

0

Қызылорда облысында 3 жасқа дейін тілі шықпаған бүлдіршін түйеге мінгеннен кейін сөйлей бастаған. Анасы Жарқын Дархан бұл терапияның баласына қалай әсер еткенін Turkystan.kz тілшісіне берген сұхбатында айтып берген.

Анасы Жарқын Дарханның айтуынша, Бексұлтан – отбасындағы бесінші бала. Үш жарым жасқа дейін тілі шықпаған қызылордалық бүлдіршін бірде түйеге мінгенде тілі анығырақ шығыпты. Анасы баланың түйені көрсе бар эмоциясын көрсетіп, дауыстап сөйлей бастағанын айтты. 

«Бастапқыда мән берген жоқпыз. Тек ым-ишара арқылы сөйлесетінбіз. Қасық та, тәрелке де ұстай алмайтын. Еркелігі болар дедік. Қазақпыз ғой, түрлі себеп ойлап туып, әр нәрсені сылтау етіп жүрдік. Бірақ одан кейін өмірге келген 4 баламда мұндай жағдай болмаған. Бәрі екі жасынан бастап анық сөйлеп тұрғанда кәдімгідей алаңдай бастадым. Үш жасқа тола сала алдымен терапевт, кейін невропатолог дәрігеріне апарып, қараттым. 2022 жылы қарашада диагноз қойды. Әдепкіде аутизм деп күдіктенген едік. Негізі кез келген бала қалыпты жағдайда 1 жасынан бастап «ана» немесе «әке» деп сөйлеп кетуге тиіс. Ұлым қазір 4 жас 2 айда. Мамандармен де жұмыс істеуді қолға алғанбыз», – дейді анасы.

 Анасы дефектологтардың кеңесіне құлақ асып, баланың тез сөйлеуі үшін эмоциясын шығаруға тырысқан. 

«Бірде төрт түлік асырайтын туысқандарымызға барып, балама түйе, жылқыны көрсеткіміз келді. Түйе күншуақтап жатқан сәтте оған баламды отырғыздық. Сол кезде бірден өркешін құшақтап, қатты ымдап, дауыстап «чу-чу», «көс-көс» деп сөйлеуге тырысты. Бірінші қуанған кездегі көрсеткен эмоциясы бізді де таңғалдырды. Сол кезді пайдаланып, көп сұрақ қойып, диалог орнатуға тырыстық. Ол уақыт шамамен қазан айының соңғы күндері болатын. Балам жануарларды қатты ұнатады. Кейін түйеге мінгізу үшін аптасына 1-2 реттен апарып жүрдім. Қос өркешінен айрылмай, жанынан кеткісі келмейді. Әр барғанда 1-1,5 сағаттан серуендетемін. Тіпті бірге отыруға рұқсат етпейді. Одан бұрын жылқыларға деген махаббаты да ашылып, мінетін. Бізге керегі – оның эмоция көрсеткені. Сондай сәттерде видеоға түсіру үшін ұзақ әңгімеге тартамын. Мұның нәтижесінде жалпы сөйлеу тілінің дамуында тежеліс болып жатқан жоқ және сөйлеу белсенділігі ақырындап артып келеді», – дейді ол. 

Анасының сөзінше, Бексұлтан дамыту орталықтарына үзбей барып, қаралып тұрады. Баламен неғұрлым көп жұмыс жасалса, оның тілін шығару соғұрлым оңай болады, дейді ол. 

«Емханада кезекте тұрғанда Қазақстанда мұндай диагнозбен балалар саны көп екенін аңғардым. Оған анасының жүкті кезіндегі қан аздық, тұмау сынды вирустық ауруларды жұқтыруы және дәрумендер жетіспеушілігі де баланың сөйлеу тіліне әсер етеді», – деді анасы.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: