Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

1°C

, Сейсенбі, 26 қараша, 04:47

Тұралаған мәселелердің түйіні

15.07.2023

771

0

Биыл «Қызылорда Жолдары» ЖШС Жалағаш кентінде 12 көшенің күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуде. Бүгінде олардың төртеуіне асфальт төселген. БАҚ өкілдерінің баспасөз-туры аудандағы жол сапасымен танысудан басталды. Алдымен Мөрәлі Шәменов көшесіне аялдаған тілшілер тобы мұндағы жол құрылысымен танысып, тұрғындармен тілдесті. Серіктестік жол құрылысын наурыз айында бастаған. Қазіргі таңда көше мен оның қос бетіндегі жаяу жүргіншілер жолына асфальт төселген. Мердігер мекеме өкілдері бүгінде мұндағы құрылыстың 90 пайызы аяқтағанын айтады. Жобаның жалпы құны – 479,4 млн теңге. Бүгінге дейін оның 285,3 млн теңгесі бөлінген.

Кент көшелері жаңаруда

Серіктестіктің бас инженері Болат Аманбайұлы кенттегі 12 ішкі кө­ше­ден бөлек шалғайдағы Аққыр ауылына кіреберіс жолдың да құрылыс жұмыс­тарын жасап жатқанын айтады. Бүгінде ұзындығы 20,6 шақырымды құрайтын жолға асфальт төселіпті.

Мөрәлі Шәменов көшесінің тұрғын­дары жол сапасына мән бе­рілгеніне дән риза. Айтуларынша олардың бұл мәселені жергілікті биліктің назарына салғанына бірнеше жыл болған. Мә­селенің шешімі осы жылға тура келіп отыр.

– Негізінен бұған дейін бұл көшеге жөндеу жұмыстары жүргізілген. Алайда құрылыс сапасының төмендігінен сапасы көп ұзамай сыр берді. Уақыт өте ол өте нашарлай берді. Тіпті үлкен көліктердің өзі жылдамдықты азайтып жүретіндей жағдайға жетті. Жеңіл көліктерді айтпай-ақ қойыңыз. Биыл өзіміз тұратын көшенің сапасына мән беріліп отыр. Олай болуы да заң­дылық. Себебі тұрғындардан бөлек бұл көшенің бойында әлеуметтік ны­сандар да көптеп орналасқан. Мә­селен, бұл көшенің бойында өзім білетін мектеп, өнер мектебі, оқу­шы­лар үйі, спорт клубы бар. Бұл нысандарға адамдардың көптеп қатынайтынын жақсы білесіздер. Сондықтан көше са­пасының жақсаруы тек тұрғындарға ғана емес, жалпы жолаушыларға ың­ғайлы болды десе де болады. Биыл ауданымызда жол құрылысы қарқын алды. Ел ішіндегі мәселелердің не­гізгісі де осы ғой, – дейді кент тұрғыны Гүлнар Жаңабергенова.

Жерлесінің жол сапасына қатысты пікірін кент әкімі Мардан Жамалатов жоққа шығармайды. Яғни ол да биыл аудан орталығы алып құрылыс алаңы­на айналғанын айтады.

Ол биыл кентте 12 көшенің құ­рылысы басталғанын айтады. Қазіргі таңда М.Шәменов, І.Нүркенов, А.Бекті­баев, А.Қазыбеков көшелеріндегі жұ­мыстар тәмам, яғни асфальт төсеу жұмыстары аяқталған. Қалған 8 кө­шеге асфальт төсеуге дейінгі жұ­мыс­­тар жүріп жатыр.

Мардан Жамалатовтың сөзінше, кентте биылғы жылдың еншісінде мұнан бөлек қаражаты қаралып, мем­лекеттік сатып алу жұмыстары жүріп жатқан басқа да жобалар жоқ емес. Яғни алдағы уақытта мер­дігерлер анық­таған жағдайда үш көшеге бағ­даршам орнатылады. Сондай-ақ аяқ су мәселесін тұсау мақсатында 3 насос сатып алынған. Оның үшеуі де алдағы уақытта Дәуімбай елді меке­ніне орнатылады.

Айта кетейік, соңғы 1-2 жылдың көлемінде ауданда жол құрылысы қар­қын алды. Біз жаңа тек аудан ор­та­лығында сапасына мән берілген ішкі көшелерге тоқталдық. Болмаса ауылдық елді мекендерде де тұрғын­дар талап-тілегіне арқау болған жол мә­селесі кезең-кезеңімен шешімін табуда.

Биыл жолдар мен ішкі көшелерді жөндеу бойынша 2,2 млрд теңгені құрайтын 8 жоба іске асырылуда. Қазіргі таңда мемлекеттік сатып алу рәсімдері аяқталып, 6 жобаның құ­рылыс жұмыстары басталған. Олар­дың қатарында Ақсу елді ме­кеніне кіреберіс автомобиль жолын орташа жөндеу, Жаңаталап-Аққыр бағы­тындағы автомобиль жолын күрделі жөндеу, Есет батыр-Жаңадария ба­ғы­тындағы автомобиль жолын орта­ша жөндеу, Жалағаш кентіндегі М.Шәменов, Т.Қыстаубаев көшелерін күр­делі жөндеу, аудан орталығындағы 10 көшені күрделі жөндеу, М.Шәменов ауылының 1 көшесін күрделі жөндеу, Бұқарбай батыр ауылындағы 3 көшені орташа жөндеу, Аққұм ауылындағы 1 көшені күрделі жөндеу жұмыстары бар.

Жалпы, кентте ұзындығы 84,17 шақырымды құрайтын 71 көше бар. Оның 61,23 шақырымы асфальт­талған, 12,14 шақырымына тас тө­селса, 10,8 шақырымы – қара жол. 71 көшенің 37-сі Дәуімбай елді мекенінде орналасқан, ал 34-і Жалағаш кентінің орталығына тиесілі.

Биыл кенттегі 11 көшені күрделі жөндеу жұмыстарына барлығы 1 млрд 35 млн теңге бөлініп, жөндеу жұмыстары басталды. Оның ішінде 3 көше, яғни М.Шәменов, Желтоқсан, Қ.Нұрпейісов Жалағаш кентінің орта­лық бөлігінде, ал Т.Әбжәлиев, А.Қазыбеков, Мысық би, А.Бектібаев, І.Нүркенов, И.Панфилов, З.Ижанов, Жеңістің 50 жылдығы көшелері Дәуім­бай учаскесіне тиесілі.

Аспалы көпір құрылысы қарқынды

Аудан орталығын бөліп тұрған темір жол бойына аспалы көпірдің қажеттігі де осыған дейін талай айтылған. Тұрғындардың талап-тілегін тыңдаған аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев былтыр тұралаған мәселенің шешіміне жұмыс жасауға уәде етті. Ауданға кезекті сапарында облыс әкімі жағымды жаңалығымен бөлісіп, аспалы көпірдің іргетасын қалауға өзі де қатысқан. Содан бері көпір құрылысы қарқынды жүруде. Кешегі баспасөз-турында журналистер бұл нысанды да айналып өтпеді.

Аудан әкімінің орынбасары Арнұр Нұрмағанбетов те бұл аудандағы тұ­ралаған мәселе екенін жоққа шы­ғар­майды. Биыл бұйыртса жарқын жоба елдің игілігіне айналғалы тұр. Бас­тысы, халық дән риза.

– Кент тұрғындарының көптен бері көтеріп жүрген мәселелерінің бірі те­міржол үстімен өтетін аспалы көпір құрылысы болатын. Кенттің ор­­та­­лы­ғында 14 мың халық тұрса, темір­­жол­дың арғы бетіндегі Дәуімбай учас­кесінде 6 мың халық қоныстанған. Әлеуметтік нысандардың басым бө­лігі орталықта орналасқанын ес­кер­­сек, арғы беттегі ағайын мек­тепке, балабақшаға, ауруханаға, ба­зарға, түр­лі үйірмелерге теміржол бойын­дағы 6 өткелді кесіп өту арқылы қа­тынап жүр. Бұл тұрғындар өміріне аса қауіпті екенін жақсы білеміз. Аймақ басшысының қолдауымен аспалы кө­пір салуды бастап кеттік. Былтыр жер­гілікті бюджеттен жоба-сметалық құжаттары әзірленді, мемлекеттік са­раптамадан өтті. Биыл көпір құры­лысына облыс тайқазанынан 184 млн теңге қаржы бөлінді. Мамыр айында құрылыс жұмыстары басталды. Бас мердігер – «Гүлнұр МК» ЖШС. Қазіргі таңда темір бетон құймаларын құю жұмыстары жүріп жатыр, – деді Арнұр Нұрмағанбетов.

Бұйыртса, аспалы көпір қазан айында елдің игілігіне беріледі. Жалпы көпірдің сипаттамасына келсек, ұзындығы – 55 метр, биіктігі – 12 метр, ені – 3,2 метр.

Мұнда мүмкіндігі шектеулі аза­маттарға да жағдай жасалады. Яғни аспалы көпірде алдағы уақытта 2 же­делсаты болады. Медрігер мекеме белгілеген кестеге сай жұмыстарын жүр­гізуде. Серіктестік мерзімінде құ­ры­лыс жұмыстарын аяқтап, аудан жұр­­тының қажетіне беруді жоспарлап отыр.
Осыған дейін жобаға бекітілген қаражаттың аздығы айтылған. Бұған қатысты «Алдағы уақытта құрылыс аяқсыз қалмай ма?» деген тілшілер сауалын да Арнұр Нұрмағанбетов жауапсыз қалдырмады.

– Облыстық бюджетке бюджеттік өтінім берілді. Алдағы уақытта қа­жетті қаражат бөлінетін болды. Мұ­нан бөлек ауданда биыл 5,2 млрд теңгенің 34 жобасы жүзеге асуда. Оның ішінде 2,3 млрд теңгесі жол сапасын жақсартуға бағытталды. Негізінен 4 елді мекенде мемлекеттік және өңірлік бағдарламалар аясында 16 көшеге күрделі жөндеу жұмыстары жүруде. Одан бөлек 3 аудандық маңызы бар жолға жөндеу жұмыстары жү­­руде. Жыл аяғына дейін құрылыс жұмыстары аяқталады. Оның ішінде 11 көше осы кенттің орталығында. Өздеріңіз көріп отырған аспалы көпір құрылысының бүгінде 40 пайызға жуығы бітіп тұр. Барлық жобаны уақы­­тында елдің игілігіне беруді көз­деп отырмыз, – деді аудан әкімінің орынбасары.

Дәуімбай елді мекенінің тұрғыны Әбілқайыр Ералиев ертеректе темір­жолды кесіп өтіп, орталыққа баруды көздеген азаматтардың көбісін отарба қағып жазым еткенін айтады. Жасы сексенге таяған ақсақал халық үшін бұл жобаның маңызы жоғары деп есептейді.

– 1975-1976 жылдары Дәуімбай­дағы мектепте мұғалім болып жұ­мыс жасағанмын. Сол мектептен зей­неткерлікке шықтым. Әріптесімді ертеректе осы теміржолдың бойында пойыз қағып кеткен еді. Одан кейін де осы шойынжолдың бойында талай қайғылы оқиғаның куәсі болдық. Бұл көпірдің халық үшін маңызы жоғары дейтінім де сондықтан. Уақытында ел игілігіне берілсе, бұл жобаның көптің қуанышына айналатыны анық. Құрылысшылар өз жұмысын атқарып жатыр. Сондықтан оның сапасына еш күмән жоқ. Талап-тілегімізге құлақ тү­ріп, мәселеге үңілген азаматтарға ал­ғыс айтамыз, – дейді Әбілқайыр ақсақал.

511 азаматқа жер телімі табысталады

Тілшілер тобының келесі сапары кенттің оңтүстік-батыс аумағындағы «Ақтерек» жер учаскесінде жалғасты. Келер жылы үй салуға мұнда 500 адамға жер табысталады. Жергілікті билік былтырдан бері мұнда инфрақұрылым тартуда.

2017 жылы ауданның жеке тұрғын үй секторын дамыту мақсатында бұл жердің жоспарлау жобасы әзірленген. Қазіргі таңда ауданда инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды дамыту бойынша 925,7 млн теңгені құрайтын 4 жоба іске асырылуда. Олардың қатарында «Ақтерек» учас­кесіндегі сумен жабдықтау жүйесінің құрылысы да бар. Өтпелі жобаның құрылысы негізінен былтыр басталған, биыл аяқталады. Былтыр электр желісі толықтай тартылған. Биыл газ тарту жұмыстары қолға алынуда. Жыл аяғына дейін газ құрылысы аяқталады деп күтілуде. Оған 500 млн теңгеден астам қаражат қаралған. «Ақтерек» жер учаскесіндегі жолдар мен көшелер құрылысына қатысты жалпы құны 2,1 млрд теңгенің жобасы әзірленген. Тіпті бюджеттік өтінім де тапсырылған.

Аудан әкімінің орынбасары инфра­құрылым толық тартылғаннан кейін халыққа жер телімі табыс­талатынын айтады. Қазірдің өзінде кентте 2 мыңнан астам азамат жер кезегінде тұр екен. Жер телімі әрбір азаматқа 3 жылға беріледі. Ол осы мерзімде игеруі тиіс, егер олай болмаған жағдайда мемлекетке қайтарылады.

Аталған жер учаскесінде тұрғын үйлерден бөлек әлеуметтік нысандар да болады. Мәселен, 600 орындық мектеп, 320 орындық балабақша, үлкен сауда орындары мен орталық моншалар түседі. Қазіргі таңда жарық, газ, су тартуға қаржысы қаралып қойған. Енді жол құрылысы қалып тұр.

Бұған дейін бас жоспарға сай 2 жер учаскесі ашылған болатын. Оның бірі Ақсуға баратын жолдың бойындағы «Береке» жер учаскесі болса, келесісі – «Дәуімбай» жер учаскесі. Қазіргі таңда оның екеуі де толықтай игерілді.

Арнұр Нұрмағанбетов алдағы уақытта тұрғын үй секторын дамыту мақ­сатында тағы да жер учаскелерін ашу жоспарда барын айтады. Тұрғындар келер жылы пайдалануға берілетін «Ақтерек» жер учаскесін игерсе, тағы да 2 жер учаскесін ашу жұмыстары кезекте тұр екен.

Мұнан кейінгі баспасөз-туры ая­сындағы сапарымыз Қаракеткен ауыл­дық округінде жалғасты. Биыл ауылда тұралаған мәселе шешімін тапқан. Қазіргі таңда Қаракеткендегі электр желісі жаңарып жатыр. Мердігер ме­кеме тиісті жұмыстарды мерзімінен бұрын аяқтауды көздеп отыр.

– Бүгінге дейін жоба бойынша 317 бағана ауыстырылды. Ұзындығы 11 шақырымды құрайтын электр желісі жаңартылды. Арнайы 3 аппарат орнатылды. Құрылыс жұмыстарын мамыр айының аяғында бастадық. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстарының 90 пайызы тәмам. Толықтай осы айдың жиырмасына дейін аяқтап, елдің игілігіне беруді көздеп отырмыз, – дейді мердігер мекеменің бас маманы Жайдарбек Есжанов.

Тәттілердің түр-түрін өндіретін кәсіпорын

Ауылда кәсіпкерлік саласы да қарқынды дамыған. Бұл жергілікті тұрғындардың еңбекқорлығын аң­ғартса керек, болмаса Қаракет­кет­кенде басқа ауылдардай күріш еге­тін егіс алқаптары жоқ, кешеге дейін бақша салуға аяқ су мәселесі қолбайлау болған. Биыл арнайы на­сос орнатылып, елдің мәселесі ес­керіліп жатыр. Алдағы уақытта бақ­ша саламын деген мұндағы ағайын­ға бар жағдай жасалады деген сөз. Бірақ мұндай шектеулер ауыл тұр­ғын­дарының сағын сындырмайды. Жергілікті халық мемлекеттік бағдар­ламаларды тиімді пайдаланып, кәсіп ашуға машықтанған. Олардың алды бүгінде қолға алған жобаларының жемісін көріп отыр.

Пайыздық үстемақысы төмен не­сиеге қол жеткізу арқылы кәсіп баста­ғандар қатарында Назгүл Сы­дық­қызы да бар. Ауыл тұрғынының кондитерлік өнім өндіруді қолға алғанына көп болмаған. Алайда кәсібінің көкжиегін кеңейтуді әлден жоспарлап отыр. Бұл мұндағы өнімдерге сұраныстың көптігін аңғартса керек.

– Мемлекеттік бағдарлама арқылы 6 пайызбен 6 млн теңге несие алдым. Тиісті қаражатқа цехқа қажетті құ­рылғылар сатып алдым. Өнімге сұ­раныс мол. Маусымның аяғында өз өнімдерімізді нарыққа шығара бас­тадық. Алдағы уақытта кәсібімнің көк­жиегін кеңейту жоспарда бар. Мұнда ұннан жасалатын тәттілердің барлығы бар. Мұны отбасылық бизнес десем де болады. Жолдасым да маған қол­ғабыс етеді, – дейді кәсіпкер келіншек.

Назгүл қазіргі таңда өз өнімдерімен 3 ауыл мен кент тұрғындарын қам­тамасыз етіп отыр. Қаракеткен, Дал­­дабай және М.Шәменов елді мекен­дерінің халқы бұл шағын цехта өндірілетін өнімдердің тұрақты тұты­нушысы десе де болады. Ал аудан орталығындағы сауда орталықтары мұндағы өнімдерге көптеп тапсырыс береді екен. Демек, кентте де ауыл өніміне сұраныс жоғары деген сөз.

– Негізінен сұраныс жоғары, қазір айтсам, мақтанғандай боламын ғой, бірақ бұл бір жағынан мұндағы өнім­дер сапасының жоғары екенін аңғартса керек. Бізге жан-жақтан той-томалақ, құдайы-астарда да сұраныс түсіп жатады. Оның барлығын өз өніміммен қамтамасыз етіп отырмын. Бүгінде шағын цех менен бөлек тағы 2 адамды жұмыспен қамтып отыр, – дейді Назгүл Сыдыққызы.
Назгүлге қалай мақтанса да жара­сады, бірақ ол мақтанбайды, жасап жатқан жұмысына қарап марқаяды. Халық саны көп қалаларда мұндай істі қолға алуға жүрексінетіндер де жетерлік. Оның қасында кейіпкеріміз шағын ауылда кәсібін ширатып отыр.

Салада серпін бар

Аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Жасұлан Еспенбет өңірде кәсіпкерлік саласының даму қарқыны жоғары екенін айтады. Сондай-ақ ол жер­гілікті тұрғындардың мемлекеттік бағдар­ламалар арқылы іс бастауы жергілікті кірістің артуына да айтар­лықтай қолғабыс болғанын айтады.

Айта кетейік, 2023 жылдың 6 айында ауданда 3 302 кәсіпкерлік субьектісі тіркелсе, оның ішінде 3 155-і, яғни 94,9 пайызы қазіргі уақытта нақты жұмыс жасап тұр. Жыл басымен салыстырғанда ауданда кәсіпкерлік субьектісі 218-ге көбейген. Макроэкономикалық көрсеткіштерке тоқталатын болсақ, 2023 жылы 18 млрд 769 млн теңге инвестиция тарту жоспарланған. 2023 жылдың 5 айында 6 млрд 628 млн теңге инвестиция тартылып, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 5 есеге жоғары орындалған.

– Өнеркәсіп өнімдері өндірісіне байланысты ауданда 6 айда 18 млрд 110 млн теңгенің өнеркәсіп өнімдері өндіріліп, меже 199,8 пайызға артық орындалып отыр. Оның ішінде өндеу өнеркәсібіне тоқталатын болсақ, 5 млрд 225 млн теңгенің өнімі өндіріліп, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыс­тырғанда 30,6 пайызға жоғары орын­далды. Бөлшек сауда айна­лы­мына тоқталсақ, 1 млрд 198 млн теңгенің айналымы жасалып, өткен жылдың ұқсас кезеңімен са­лыс­тырғанда 15,7 пайызға артық орындалып отыр. Аудандағы кәсіп­керлік субьектілерін дамыту, жұмыс жасап тұрғанын одан әрі жақсарту мақсатында мемлекеттік және өңірлік бағдарламалар арқылы 76 жоба 1 млрд 494 млн теңгеге қаржы­ландырылды.

Қазіргі уақытта Президентіміздің ауылдық елді мекендерді, ауыл аймақты дамыту бағдарламасын іске асырылайын деп жатыр. Оған облы­сымызға 3 млрд теңге қаржы бөлінген. Қазіргі уақытта ауда­нымызда 1 млрд 49 млн теңгені құрайтын 149 жобаның құжаттары дайындалды. Келер апта жұмысты бастайтын бо­ламыз. Облыста агент болып «Байқоңыр әлеуметтік кәсіпкерлік кор­порациясы» белгіленді. Осы жұ­мыс­тарды үйлестіріп, ауданымызға қажетті қаржыны алатын боламыз. 149 жобаның ішінде өңдеу саласына байланысты 9 жобамыз бар. Жы­лыжай бар, қызмет көрсету саласы мен 7 кооператив құрылды, оның ішінде 1-еуі сүт өңдеу, алтауы ет өң­деу бағытында жұмыс жасайтын болады. Несие негізінен 2,5 пайызбен жеке кәсіпкерлік субьектілеріне 8 млн 600 мың теңгеге дейін, кооператив төрағаларына 27 млн 600 мың тең­геге дейін беріледі. Несиенің мерзімі мал шаруашылығы саласына 7 жылға дейін, басқа да салаларға 5 жылға дейін, бұл – кәсіп ашамын де­гендер үшін үлкен мүмкіндік, – дейді Жасұлан Ерданұлы.

Аудан халқы 500 гектар алқапқа бақша салған

Мұнан кейінгі сапарымыз Таң ауы­лындағы бақшалық жерде жал­ғасты. Естеріңізде болса, былтыр ай­мақ басшысының тапсырмасына сәй­кес ауданда тұрғындардың бақша салуына 500 гектар жер дайындалған. Бүгінде жергілікті халық оның игілігін көріп отыр.

Ауданда 2023 жылы орналасты­рылатын ауыл шаруашылығы да­қылдарының бекітілген сызбасына сәйкес, 37052 гектарға егiн орна­ластыру жоспарланып, 37079 гектар егін егілген. Көктемгі егін орналастыру жұмыстарына бүгінге дейін 75 ша­руашылық операторлармен келісім-шартқа отырып, 1 850 тонна ди­зел алған. 2 666 тонна дизель жанар­майын бөлуге сұраныс берілсе, қа­зіргі таңда оның 69,4 пайызы жеткізіліп отыр.

12 шілдеге дейін ауданға жоспар бойынша секундына 96,57 текше метр су келуі тиіс болса, нақты келген судың көлемі секундына 92,07 текше метрді құрап отыр. Су тапшылығы жағдайында аудан шаруашылықтары насос қондырғыларын пайдалану ар­қылы егінді сумен қамтамасыз ету­де. Қазіргі таңда аудан шаруа­шы­­лықтары 40 дана су тартқыш на­сос қондырғыларын егінді суаруға пайдалануда, оның ішінде 12 дана насос қондырғысы «Жалағашсушар» өндірістік учаскесінен шаруашылық­­тарға берілсе, 28 дана насос қон­дыр­ғысын шаруашылықтар өз қар­жысына алған.
Бүгінде 179 гектар күріш алқа­бына су шықпай қалған. 19800 гек­тар күріштің 14 320 гектары жақсы жағдайда, 4 550 гектары қанағат­та­нарлық, 930 гектары нашар жағ­дайда екен.

Биыл 7 200 гектар ескі жоңышқа күтімге алынса, 6 750 гектар жоңыш­қаның бірінші орымы аяқ­талған. Орта есеппен 1 гектардан 22,2 цн өнім алы­нып, барлығы 14 985 тонна өнім жиналған.
Облыстық ауыл шараушылығы мен жер қатынастары басқармасы және «Казсушар» өндірістік учаскелері өкілдерінен құрылған жұмысшы топ ауданда 7 443 гектар суармалы жерде дақылдарды кезектестіру тәр­тібі бұзылғанын анықтаған. Бұл жерде күріш дақылының көлемі артық егілмеген. Нақты айтқанда, су тапшылығы жағдайы ескеріліп, күріш егуге кезегі келген 1 400 гектар егіс­тік жерге ескі жоңышқа дақылы қал­дырылған, 1 420 гектар жаңа жоңышқа дақылы орнына күріш, 1420 күріш дақылы орнына жаңа жоңышқа орналастырылған. Сонымен қатар аудандағы Аққұм, Бұқарбай батыр, Мәдениет, Таң ауылдық округтерінде «Ирригация және дренаж жүйелерін жетілдіру» жобасының 2-кезеңінің құрылыс жұмыстарын жаз айларында жүргізу үшін ауыл шаруашылығы дақылдарының орналасу тәртібі өзгерген шаруашылықтар бар.

Тиісті сала мамандары аудандағы суармалы жерде дақылдарды орна­ластыру тәртібіне тұрақты бақылау жұмыстарын жүргізуде. Бүгінге дейін 1 346 гектар күріш дақылын артық егіп, ауыспалы егіс тәртібін өрескел бұзған 16 шаруашылық анықталып, заңға сәйкес тиісті шаралар қабылдау үшін Қызылорда облыстық жер ресурстарын басқару департаментіне жолданған.

Күзгі егін жинау жұмыстарына GosAgro.kz порталы арқылы аудан ша­раушылықтары тарапынан 1 475 тонна жеңілдетілген дизель жа­нар­майына өтінім берілген. Жос­пар бойынша 2 234 тонна дизель жа­нармайына сұраныс берілуі тиіс. Бү­гінде жоспар 66 пайызға орын­далған.

Ауданда жеке тұрғындар тара­пынан 500 гектар жер дайындау жоспарланған болатын. Бүгінге дейін дайындалған 500 гектар жерге 921 отбасы 217,3 гектар картоп, 63 гектар көкөніс, 219,7 гектар бақша дақылдарын орналастырған. Бұл жобаның жемісін бүгінде Таң ауы­лының тұрғындары да көріп олтыр. Олардың бүгінде картобы гүлдеуге жақын, ал қауын-қарбызды бұйыртса, жуырда сабағынан үзетін уақыт та алыс емес.

Тәуелсіздік жылдары түлеген Таң

Тілшілер тобы егіс даласынан шығысымен кеше ғана үлгілі ауылдар қатарынан көрінген Таңның бүгінгі тынысымен танысты. Елді мекенде 244 отбасы бар, халық саны 133-ге жуық. Ауылдың негізгі тыныс-тіршілігі ауыл шаруашылығына тәуелді.

Ауылда 17 шаруа қожалық егін ша­руашылығымен айналысады. Биыл олар 3 852 гектар жерге егіс ор­на­ластырған. Оның ішінде негізгі да­қыл күріш көлемі – 2 602 гектар, жаз­дық бидай – 104 гектар, бақша – 95 гек­­тар, жаңа жоңышқа – 452 гектар, ескі жоңышқа – 506 гектар.

Таңда тұрғындардың әл-ауқатын, тұрмыстық жағдайын жақсарту мақ­сатында 35 гектар жерге картоп, 5 гек­тар жерге қызанақ, 5 гектар жерге қияр, 15 гектар жерге қауын-қарбыз егу үшін ауыл сыртынан шаруа қо­жа­лық төрағаларының демеу­шілігімен жер дайындалған.

Елді мекенде егінмен қатар мал шаруашылығы да жақсы дамыған. Бүгінде ауыл тұрғындарының есе­бінде 1 357 мүйізді ірі қара, шаруа қожалықтарда 1 233 бас мүйізді ірі қара бар. Мұнан бөлек 3 182 бас уақ мал, жеке тұрғындарда 437 бас жылқы, шаруа қожалықтарда 660 бас жылқы бар. Ауыл бойынша 178 бас түйе, тіркелген.

Таңда кәсіпкерлік саласының даму қарқыны да жоғары. Себебі мұнда саланы дамыту жұмыстары өз деңгейінде жүреді. Қазіргі таңда 123,5 млн теңгенің 8 жобасы қар­жыландырылған. «Ауыл аманаты» жобасына ауылдық округтен «Агро лидер Таң» ЖШС-ның «Таң Фуд» ет өндеу цехына зәкірлік жүйемен 3 кооператив 11 жоба ұсынып отыр.

Жыл басынан бері ауылда ақылы қоғамдық жұмысқа 24 адам қабылданып, ауылды көркейту-кө­галдандыру мақсатында тиісті жұ­мыс­тарды атқаруда. Сонымен қатар жастар тәжірибесіне 3 адам жібе­ріліп, ауылдық округке қарасты ме­ке­мелерде жұмыс жасауда. Биыл 6 айда 12 ауыл тұрғыны тұрақты жұмысқа орналасқан. Алғашқы жұ­мыс орнымен 1 адам, Әлеуметтік жұмыс орны бойынша 1 адам екі қолға бір күрек тауып отыр. Қазіргі уақытта Таңда 3 отбасы атаулы әлеуметтік көмек алады.
Бұдан бөлек ауылды дамыту бағы­тында бірқатар жұмыстар атқа­рылуда. Атап айтқанда, көркейту-көгалдандыру жұмыстары барысында көшелер бойындағы арықтар қо­қыстан тазар­тылып, аяқ сумен қам­тамасыз етілген. «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы бойынша 999,9 мың теңгеге күл-қоқыс тастайтын По­лигон қоршалып, қазіргі таңда пай­далануға берілді. Дәл осы бағ­дарлама шеңберінде Жаңа қоныс елді мекеніндегі ойын алаңын жөндеу жұмыстарына 5 млн теңге бөлінген. Бүгінде бұған қатысты мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүруде.

Елді мекендердің санитария, тазалық жұмыстарына аудандық бюд­жеттен 200 мың теңге бөлініп, санитарлық-тазалық жұмыстары жүр­гізілуде. Елді мекендердің сани­та­риясын қамтамасыз ету бағдар­ламасымен аудандық бюджеттен 162 мың теңге бөлініп, 3 дана күл-қоқыс тастайтын контейнер алынған. Ауыл­дық мәдениет үйінің сыртқы келбетін жөндеу жұмыстарына аудандық бюд­жеттен 2 млн теңге бөлінді. Қазіргі таңда жұмыстар жүргізілуде. Ал орталық көшелерге аудандық бюд­жеттен 1 млн 399 мың теңге бөлініп, 3 көшеге жасанды жол кедергі белгілері орнатылған.

Ауылда аудандық бюджеттен 666,4 мың теңге қаржы бөлініп, аяқ су айдайтын насос сатып алынды. Сонымен қатар демеушілік есебінен де бірқатар жұмыстар атқарылуда. Атап айтқанда, «Таң ЛТД» жауап­кершілігі шектеулі серіктестігінің де­меушілігімен 22 млн теңгеге Құл­манов, Мүсірәлі баба, Манақ баба көшелеріне жарықтандыру жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ 6 млн теңгеге «Әбжәли ишан» мешітіне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді және «Бозарық» каналының бойындағы көпірге ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, ауылдағы орталық көше­лердің темір шарбақтары жаңадан сырланып, жөндеу жұмыстары жүр­гізілген. Сонымен қатар орталықтағы гүлзарларға 15 млн теңгеге сальво, котарантус гүлдерінің көшеттері отыр­ғызылды және ауылдағы орталық алаң­дарға 300 түп павловния және 3000 түп терек көшеті отырғызылды. «Батыс Қытай-Батыс Европа» дә­лі­зінен бастап ауылға дейін жолдың екі жақ бетіне және Жаңа қоныс елді ме­кені мен ауыл жанында орналасқан Самұрат күріш алқабына дейін суар­малы арықтар қазылып, жаңадан қоршау жұмыстары жүргізіліп, қа­лем­шелер отырғызылған. «Нұр» ша­руа қожалығының демеушілігімен А.Мық­­тыбаев, С.Сейфуллин, Қарасу кө­шелеріне жарық шамдарын орна­туға жоба-сметалық құжаттар дайын­далуда.

Жалпы, үлгілі ауылда ауыз тол­тырып айтатын дүние көп. «Ауы­лына қарап, азаматын таны» де­гендей, Таңның түлеуіне Имамзада Шағыртаевтың үлкен еңбек сіңіргенін аудан жұрты жақсы біледі. Іскер азамат туған жерге тағзым етуде жо­лы­нан жаңылған емес. Кешегідей үлкен додада үздік үштіктен табы­луында да Имамзада ағамыздың өзін­дік қолтаңбасы барын жұрты жақсы біледі.
Сыр бойындағы тілшілер тобының ауданға сапары аудан орталығында қорытындыланды. Елді мекендер тынысымен танысқан әріптестеріміз ауданда атқарылып жатқан жұмыс­тарды көзімен көріп, уақыт тауып тұрғындармен де тілдесті.

Ауданда ауқымды жобалар бар

Жалағаш ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуы бойынша биыл 6 айда жоспарланған барлық макро­­экономикалық көрсеткіштер бойын­ша өсім қалыптасқан. Оның бас­тысы, негізі капиталға тартылған ин­вестиция көлемі 5 айда 6,6 млрд тең­гені құрап, өткен жылдың тиісті ке­зеңімен салыстырғанда 5,1 есеге артқан. 6,6 млрд теңгенің 5,2 млрд теңгесі меншікті қаражат есебінен қалыптасып отыр. 934 млн теңге бюджет есебінен, 223 млн теңге өзге де көздерден түскен. Сонымен қатар өнеркәсіп өнімдерінің көлемі 18,1 млрд теңгені құрады. Өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 199,8 пайызға артып отыр. Оның ішінде өндеу өнеркәсібі 5,2 млрд теңгені құрап, 130,7 пайызға артты.

Сонымен қатар пайдалануға бе­рілген тұрғын үй көлемі 13 мың 509 шаршы метрді құрап, 100,3 пайызға орындалды. 3,5 млрд теңгенің ауыл ша­руашылық өнімдері өндіріліп, 101,7 пайызды құрады. Барлық мак­роэкономикалық көрсеткіштер бойын­ша аудандардың ішінде Жалағаш ал­дыңғы қатардан көрініп отыр.

Бюджет салық саясатына келсек, жыл басында аудан бюджеті 8 млрд 755 млн теңге көлемінде бекітілген. Жыл көлемінде бюджет нақтылануы мен түзетулердің нәтижесінде 10 млрд 242 млн теңгеге жетті. 6 айдың қорытындысымен жос­пар­ланған 5 млрд 234 млн теңге игеріліп, бюджет 100 пайызға атқарылды. Сонымен қатар өз кі­ріс­теріміз 2 млрд 85 млн теңгені құ­райды. Жылдық жоспар 6 айдың қо­ры­тындысымен 1 млрд 10 млн теңге түсіп, жоспар 155 млн теңгеге орындалды.
Жалағаш ауданын одан әрі да­мыту мақ­са­тында 2022 жылы 2023-2025 жылдарға арналған перс­пев­тикалық жоспар әзірленген болатын. Осы жоспар аясында аудан көлемінде іске асырылатын жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асуда.

– Биыл 5,2 млрд теңге бюджет есебінен бөлініп, бұл қаражатқа 34 жобаны іске асырып жатырмыз. Оның ішінде 8 жоба жол, көше тораптарын дамыту бағытында, оған 2,3 млрд қаржы бөлінді бюджеттен. 4 елді мекенде 16 көше жөндеуден өткізілетін болады. Бұқарбай батыр елді мекенінде, Аққұм елді мекенінде, Жалағаш кентінде және М.Шәменов елді мекенінде. Бұдан бөлек 3 аудандық маңызы бар жол жөндеуден өткізілетін болады. Жаңаталап-Аққыр бағытындағы, Есет батыр-Жаңадария бағытындағы және Ақсу елді мекеніне кіреберіс аудандық маңызы бар жолдар толық жөндеуден өткізілетін болады. Сонымен қатар денсаулық сақтау саласы бойынша 2 дәрігерлік амбулаторияның құрылысы бас­тал­ды. Облыстық құрылыс басқар­масы арқылы республикалық бюд­жет есебінен Мырзабай ахун елді ме­кенінде және Есет батыр елді ме­кенінде құрылыс жұмыстары баста­лып жатыр. Жыл аяғына дейін толық пай­далануға берілетін болады, – деді Арнұр Нұрмағанбетов.

2021 жылы кент толық табиғи газға қосылды. Сол уақыттан бастап бар­лық әлеуметтік нысандар, мемле­кеттік мекемелер қазандығын газға ауыс­тыру жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асуда. Биыл 2 әлеуметтік нысанның қазандығы газға қосылады. Алдағы жылу маусымында аудандық кітапхана мен «Наркескен» спорт клубы көгілдір отын тұтынады.

– 2 елді мекенді газдандыру жұ­мыстарын бастадық, Ақсу елді ме­кені және М.Шәменов елді мекені. Сонымен қатар аяқ сумен қамтамасыз ету мақсатында 2 жо­баны іске асырып жатырмыз. Аяқ су көздерінен шалғай орналасқан Қара­кеткен мен Жаңаталап елді мекенінде бес су ұңғымасын қазу жұ­мыстары жүруде. Толықтай аяқталған уақытта 2 елді мекен аяқ сумен қамтамасыз етіледі. Бұдан бөлек республикалық бюджет есебінен 480 млн теңге қаржы бөлінді. Бұл қаржы тұрғын үй кезе­гінде тұрған халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына арналып табыс­та­латын бо­лады. Қазіргі уақытта тұр­ғын үй құрылыстары жүргізіліп жа­тыр. Жыл қорытындысымен кезең-кезеңімен ке­­зектегі азаматтарға та­быстайтын бо­ламыз. Осындай жұ­мыс­тар атқа­ры­луда. Бұдан бөлек бізде 12,9 млрд теңгені құрайтын 34 жобамыз дайын. Алдағы жылдары іске асыру жоспарланып отыр. Бұл жобалар бойынша барлық бюджеттік өтінімдер республикалық және об­лыстық бағ­дарлама әкімшілігіне тап­сырылды. Аудандық бюд­жет есебінен 111 млн теңге қаржы бөлініп, 21 жобаны әзір­леудеміз. Жыл соңына дейін толық мемлекеттік сарап­тама­сының қо­рытындысын ал­ғаннан кейін тиісті бағ­дарлама әкімші­леріне тап­сы­­ры­лады, – дейді аудан әкімінің орынбасары.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: