Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

19°C

, Дүйсенбі, 26 мамыр, 00:29

Тұрғындар талабы тыңдалды

24.05.2025

8

0

Елге қызмет етудегі басты мақсат – халықтың мұң-мұқтажын тыңдай отырып, соның шешілу жолын табу. Қай қызметтегі азамат болсын халықтың көкейіндегі мәселесін шешуге ықпал етіп, әлеуметтің әлеуетін көтеруге жұмыс жасауы тиіс. Қоғамдағы түйіткілді мәселені көтеріп, ауыл тұрғындарының ойындағысын тыңдай алсаң және оның тиімді шешілуіне үлес қоссаң, халық сол тірлікті лайық бағалайды.

Осы орайда «Amanat» партиясы облыстық филиалының атқарушы хатшысы Ләйлә Төрешова бастаған партия филиалы жанындағы мобильді топ өкілдері ауданға қарасты Аққыр және Жаңаталап ауылдарында қоғам­дық қабылдау өткізді.
Онда ауыл тұр­ғындарының көтерген мәселелерін тыңдап, қолданыстағы заң­на­маларға енгізілген өзгерістер мен толықтырулар, партия тарапынан ха­лықтың әлеуметтік жағдайын арт­тыру бағытында жасалып жатқан жұмыстар төңірегінде кеңінен ақпарат берді.
Қос ауылда өткен мобильді қабыл­дауға 30-ға жуық азамат келіп, өздерін толғандырған сауалдарына жауап ал­ды. Аққыр ауылдық округінде өткен қа­былдау барысында ауыл тұрғындары кәсіппен айналысуға, қайтарымсыз не­сие, «Дипломмен ауылға» және «Ауыл ама­наты» жобасы төңірегінде, сонымен қатар ауылға жаңа клуб салу, аяқсу мә­­се­лесін алға тартты. Мәселен, ауыл тұрғыны Нұрсейіт Болтаев «ауылға аяқ­­су келсе, тұрғындар бау-бақша егіп, өнімін алар еді» дей­ді.
– Жаз келсе, жаңадария­лықтардың тірлігі – бау-бақша баптау. Жылда қауын-қарбыз, асқабақ, картоп егеміз. Бірақ соңғы жыл­дары аяқсудан мә­селе туын­дап жүр­гені жасырын емес. Жал­пы ауылға су «Жаңадария» арна­сынан бас­тау ала­тын ұзындығы 29 шақырымды құ­райтын «Қышбөгет» каналы арқылы ке­­леді. Аяқсу ауылда 1 мамыр мен 20 мау­сым ара­лығында ғана болады. Су тап­шы­лығынан бау-бақша егу де қиын. Аяқсу мәселесі шешілсе, ауыл тұр­ғындары егін егіп, қажетті өнімдер­мен өзін-өзі қамтамасыз ететін еді, – дейді Нұрсейіт Болтаев.
Мәселе жақын уақытта шешімін тап­пақ, өйткені бұл жергілікті әкімдіктің де, партияның да назарында. Бұл мәселені жою үшін қазіргі таңда жалпы құны 560 млн теңге болатын ұзындығы 8 ша­қырым «Аққыр» каналын қазу бойынша об­лыстық табиғи ресурстарды және та­биғат пайдалануды реттеу бас­қар­масы тарапынан тиісті министрлікке қар­жы­сын шешу бойынша ұсыныс беріліп, тиісті жұмыстар атқарылуда.
Жаңаталап ауылында өткен қабыл­дау барысында тұрғындар ауыл­дың солтүстік беткейіндегі коллекторларды кесіп өтетін көпірлердің құрылысына жөндеу жұмыстарын жүргізу, мал жа­йы­лымы, аяқсу, ауылға клуб салу мә­се­лелерін көтерді.

Ауыл тұрғыны Тоқтаркүл Тұрмаха­нова біраз жылдан бері ауылдық клуб­та қарауыл болып жұ­мыс істейді. Мәдениет ошағының ірге­тасы 1960 жылдары қаланған. Ол ауыл клубы апаттық жағдайда бол­ған­дық­тан аза­мат­тардың қауіпсіз­дігіне алаң­дай­ты­нын айтып, тозығы жеткен клуб орнына жа­ңа мәдениет ошағы салынса деген өтінішін білдірді.
Мәселеге қатысты мобильді топ мү­­шесі, аудан әкімінің орынбасары Арнұр Нұрмағанбетов жауап берді. Аудан әкімінің орынбасарының айтуынша, Жаңа­талап ауылына жалпы құны 460 млн теңгені құрайтын 100 орындық жаңа клубтың жобалық-сметалық құ­жат­тары әзірленіп, сараптаманың оң қорытындысы алынған. Қызылорда облы­сының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасына қаржылан­дыру бойынша өтінім тапсы­рылған.
Мобильді топ өкілдері ауыл тұрғын­дары көтерген апаттық жағдайдағы ауылдық клуб­тың жай-күйімен танысты. Партияның облыстық филиалының атқарушы хат­шысы Ләйлә Төрешова тұрғындарға көтерілген мәселелер пар­тиялық ба­қы­лауға алынып, нақты ше­шімін таба­тынын жеткізді.

Ерлан СОЗАҚБАЕВ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: