Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

-5°C

, Бейсенбі, 26 желтоқсан, 22:53

Тұтынушылар тарапынан тәттіге тапсырыс мол

14.12.2022

339

0

Шоколад пен тәттілер – адам көңіл-күйінің параметрі. Психологтардың айтуынша, өмірге ғашық, көңілі көте­ріңкі, жүрегі махаббатқа толы жандар тәттіге құмар келеді. Алайда көбіне қыздар қауымы стресске түсіп, бір жағдайды жиі уайымдап кеткенде де автоматты түрде тәтті жеу арқылы мәселені уақытша ұмытады екен. Демек тәттілер адамның физикалық жайымен ғана емес, ішкі күйімен де тығыз байланыста.

Қызылордалықтарды жаңа тәтті түрлерімен қамтамасыз етіп жүрген кәсіпкерлер көп емес. Соның бірі – жеке кәсіпкер Дархан Асан қала ішінде «Qyzylorda» арнайы белгісімен шоколад шығаруда. Сіз бен біз білетін «Қазақстан» мен «Аlpen gold» тәттісінен кем түспейтін өнімді жерлестеріміз дайындап, тұрғындарға тұрақты түрде ұсынады. Кәсіпкердің айтуынша, цехтан шығатын өнім облыстың жиырмадан аса дүкендеріне өткізіледі.
– Кәсіпті бастағанымызға бір жылға жуықтады. Мені бұрыннан шоколадтың дайындалу әдісі қызықтыратын. Сол кезде осыны өзіміз дайындасақ, Қызылордада жасалған, өз өніміміз болар еді деп ойлайтынмын. Сол идеяны іске асыратын уақыт келіп, қолға алған жайымыз бар.
Керек шикізатты Ресейдің Калининградынан, сосын өзіміздің Қарағандыдан алдырамыз. Алғашында қиын болды. Шығын да аз емес. Шоколадты дәміне келтіру – өте қиын жұмыс. Қазір екі түрлі тәттіні халыққа ұсынып отырмыз. Ең бастысы Сыр өңірінен шығатын өнім екені бізді қатты қуантады. Әу баста осыны армандадық, – дейді кәсіпкер.
Дизайны өзгеше, салмағы 90 грамм болатын тәттінің келешекте аймақтық брендке айналатынына сенім мол. Бүгінде олар аптасына 300-ден аса тәтті өнімді сатылымға шығаруда. Яғни шоколадтың екі түрі бар. Цехтың өніміне қала дүкендері де қызығушылық танытуда. Тек жергілікті кәсіпкерлік саласына жетекшілік ететін орындар қолдауын аямаса болғаны.
«Қазір екінің бірі кәсіп бастауға ниетті болғанымен, оны неден бастау керегін, жолын біле бермейді. Өндіріспен айналысып, өз өніміңді шығару оңай шаруа емес. Істің көзін тапқанмен, оны әрі қарай алып кетуге де көп күш керек. Қаржы табу, дұрыс жоспарлай білу, қаржылық сауаттылықтың маңызы зор. Мемлекеттік «Бізнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы аясында қайтарымсыз грант ұтып алып, кәсібімізді дөңгелетіп отырмыз. Одан бөлек «Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығы арқылы несие алғанбыз», – дейді Дархан.
Иә, көбіміз тәттіге құмар болғанымызбен оның жасалу жолы, әдіс-тәсілінен бейхабармыз. Тәттілерді дайындаудың өзіндік технологиясы әдіс-тәсілі бар. Одан ауытқысаң, өнім ойдағыдай шықпауы мүмкін. Яғни құрамына енетін бір грамм қанттың өзі маңызға ие. Дархан Асан шоколад жасаудың арнайы курсынан өтіп, сол арқылы оны әзірлеу әдісін игерген.
Жалпы құны 14 млн теңге болатын жоба бойынша кәсіпорыннан айына 300 келі шоколад өндіріледі. Өнімді жасаған соң, оны сатылымға шығару да – еңбек. Қазір облыстың барлық ауданы өзіміздің өніммен қамтылған. Олар да Қызылордадан шыққан өнім деп ерекше қуанып, мақтанышпен тапсырыс береді екен. Ауыл-аймақтан да тапсырыс көп. Әрі қарай дүкен иелері өз бағасын қояды.
«Үш қыздың әкесімін. Бір күні дүкеннен «Қызылорда» деген шоколадты көріп, қызығып кеттім. Қыздарыма күнара шоколад, тәттілер алып берем ғой. «Alpen qold»тың орнына өзіміздің өнімді алып көрейінші дедім. Үйдегілер де өзіміздің бренд екенін көріп таңданды. Ал қыздарыма дәмі де, сыртқы дизайны да ұнады.
Енді біз де – тұрақты тапсырыс берушіміз. Жаңа кәсіпті қолға алған бауырларыма сәттілік тілеймін! Өзіміздің өнімді қолдайық!», – дейді Бақытжан Исмаилов есімді тұрғын.
Өндіріс орнының, кәсіпкердің ісіне сәттілік тілеп, отандық өнімді өндіріп, ел тұрғындарын сапалы өніммен қамтуда аянбай еңбек ете беруіне тілектеспіз.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: