Қонысбек Қазантаев атындағы аудандық мәдениет үйінде Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, Жалағаш ауданының құрметті азаматы, белгілі актер, жерлесіміз Ғани Құлжановтың 60 жас мерейтойына арналған мерекелік кеш өтті. Аталған шарада Дональд Кобурнның «Ойыннан от шығар» трагикомедиясы сахналанды. Мерекелік кешке облыс әкімінің орынбасары Ардақ Зебешев пен аудан әкімі Ардақ Ибраимов қатысты.
Спектакльде басты рөлдерді Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Ғани Құлжанов пен Қазақстан Жастар одағы сыйлығының лауреаты Нұржан Бексұлтанова жоғары кәсібилікпен сомдап, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ермек Аманшаев тәржімалаған қойылым бүгінгі қоғамның тыныс-тіршілігін көрсетеді.
Қарттар үйі. Тағдырдың басқа салғанына көнген Веллер Мартин мен Фонсия Дорсидың таныстығы. Жалғыздықтан қажыған екеуін карта ойыны табыстырады. Веллер де, Фонсия да алғашқыда «сырты бүтін, іші түтін» болып көрінгенімен, әңгімелесе келе бір-бірін жақыннан танып, тіл табысады. Көңіліне қаяу түскенде жан рахатын карта ойынынан іздеп, уақыт өткізеді. Фонсия қылықты, әйелге тән мінезімен Веллерді өзіне баурап алады.
Фонсия күйеуінен ерте ажырасқан, жалғыз ұлынан екі немересі бар. Ал Веллер ажырасқаннан кейін әйелі балаларымен араласуға тыйым салған. Екеуіне картадан басқа ермек жоқ. Джин ойынының түбін түсіретін Веллер «Мен сені ойсырата ұтамын» деп кіріскенімен, ойындағы қулық-сұмдықтың бәрін жақсы меңгерген Фонсия үнемі жеңіп шығады. Арадағы қызғаныш оты үдеп, Веллер өз үстемдігін көрсеткісі келіп, мазасы қашады. Қызғаныштың соңы қашанда жақсылыққа апармасы анық. «Ойыннан от шықты…» деген осыдан қалған. Веллер жүрегі тоқтап, ойын үстінде қайтыс болады. Фонсия «Мұныңыз не? Сізге не болды? Бұл жәй ғана ойын ғой. Кешір мені, Веллер!» деп қойылым аяқталады. Қойылымда жанын жегідей жеген ойдан арыла алмаған екеуінің тағдыры осылай өрілген.
Кеш барысында облыс әкімінің орынбасары Ардақ Зебешев сахнаға шығып, облыс әкімінің және Сыр жұртшылығы атынан мерейтой иесін құттықтады.
– Жалпы ұлт мәдениеті – халықтың рухани келбеті, оның ішкі жан дүниесінің көрінісі. Бұл ретте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Еліміздің рухани дамуы ұлттық рухқа тікелей байланысты. Сол себепті азаматтарымыздың рухы әрқашан биік болуы үшін мәдениетімізге, яғни руханиятымызға баса мән бергеніміз жөн», – деп атап өткен болатын. Ел мерейін үстем етіп, туған топырақтың даңқын асырған азаматтар – халық мақтанышы. Сол азаматтардың алдыңғы қатарында жүрген жерлесіміз Ғани Әбдуәлиұлы Құлжановтың есімін мақтанышпен айтамыз. Сізді мерейлі 60 жасыңызбен облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлы және Сыр жұртшылығы атынан шын жүректен құттықтаймын! Сізге зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, сарқылмас шабыт пен шығармашылық табыс тілейміз. Мерейтойыңыз құтты, мерейіңіз үстем болсын, – деді А.Зебешев.
Айта кетейік, Ғани Құлжанов 1980-1984 жылдары Қызылорда музыкалық училищесінде білім алған. Кейін, яғни 1987 жылы Алматы мемлекеттік «Театр және Кино» институтында оқуын жалғастырып, театр және кино өнерінің негізін үйренген. 1990-2007 жылдары М.Әуезов атындағы академиялық драма театрында қызмет атқарды. Алғаш рет М.Мақатаевтың «Қош, махаббат!» қойылымында Айбар рөлін сомдаған. Осыдан бастап ол көптеген спектакльде маңызды рөлдерде ойнаған. Мәселен, М.Байджиевтің «Қалыңдық пен күйеуде» күйеудің, У.Шекспирдің «Асауға тұсауындағы» Гортензио, М.Әуезовтың «Айман-Шолпанында» Арыстан, Е.Замятиннің «Еділ патшасында» Вегила, Ғ.Мүсіреповтың «Махаббат туралы аңызында» Қодар, Иран Ғайыптың «Шыңғыс ханында» Сүбітай, «Абылай ханында» – Әбілмансұр, Қ.Аширдің «Қабыл – Адам ата перзентінде» Абыл, Р.Мұқанованың «Мәңгілік бала бейнесіндегі» Құмар, Г.Гауптманның «Ымырттағы махаббатында» Эрих Кламрот, У.Шекспирдің «Гамлетінде» Король Клавдий, Д.Исабековтің «Әпкесіндегі» Омар, Шахимарданның «Қазақтарында» Қасымсұлтан, Ш.Айтматовтың «Ақкемесінде» Оразқұл, Ә.Нұршайықовтың «Қан мен терінде» Тәңірберген рөлін ойнап, «Қазақфильм», «Қырғызфильм», «Өзбекфильм», Ресей киностудияларында киноға түскен. Мұнан бөлек «Тоғысқан тағдырлар», «Қара шегіртке», «Ләйләнің зары», «Жас ұлан» фильмдерінде басты рөлді сомдаған. Ол театр сахнасында көптеген классикалық және заманауи қойылымда басты рөлдерде ойнап, өнерсүйер қауымның көзайымына айналған. Оған «Мәңгілік бала бейне» спектакліндегі Құмар рөлі үшін Қазақстан Жастар Одағының сыйлығы табысталған. Өнердегі ерен еңбегі үшін көптеген мемлекеттік марапаттарға ие болған. 2015 жылы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері атанса, 2016 жылы «ҚР Тәуелсіздігіне 25 жыл» мерекелік медалімен марапатталған.
Қойылымның аса шеберлікпен сомдалды, көрермен ерекше ықылас танытып, зор қошемет пен алғыс білдірді. Шынайы сезім мен терең мәнге толы театр өнері көрермен жүрегіне жол тауып, жоғары бағаланды.
Ақтоты БҮРКІТБАЙ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!