16 мамырда басталған негізгі ҰБТ-дан бері 52 мыңнан астам тестілеу өткізілді, деп хабарлады ғылым және жоғары білім министрлігі.
Бірінші аптаның қорытындысы бойынша талапкерлердің 62%-і шекті балл жинады. Бес пән бойынша орташа балл 61-ді құрады. Ең жоғары нәтиже – 140 баллды Түркістан облысының түлегі алды.
«ҰБТ-ны өткізудің бірінші аптасында 55 ереже бұзушылық анықталды. 26 талапкер смартфондарды, шпаргалкаларды және басқа да тыйым салынған заттарды алып кірмек болғаны үшін тестілеуден шеттетілді. Тағы 29 адам тестілеу кезінде ережелерді бұзғаны үшін аудиториядан шығарылды, олардың нәтижелері жойылды. Өзге адамдардың орнына кіру фактілері анықталған жоқ», – дейді министрлік.
Талапкерлердің тест тапсырмаларының мазмұны бойынша тестілеу аяқталғаннан кейін 30 минут ішінде апелляцияға беру құқығы бар.
Естеріңізге сала кетсек, тестілеуге қатысуға 216 мың талапкерден 399 мыңға жуық өтініш келіп түскен. Қазіргі таңда тестке қатысушылардың басым бөлігі, атап айтқанда:
«Математика-Физика» – 20%-і;
«Шығармашылық емтихан» пәндер комбинациясын – 17%-і;
«Биология-Химия» комбинациясын – 11%-і таңдады.
2025 жылғы ҰБТ аяқталғаннан кейін 31 қазанға дейін бейнежазбаларға талдау жүргізіледі. Тыйым салынған заттарды пайдалану немесе ережелерді бұзу фактілері анықталған жағдайда ҰБТ нәтижелері жойылады.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!