Мәдениет – ұлт өмірінің айнасы, ғасырлар бойы үзілмей келе жатқан халықтың рухани келбеті, мейірімі мен парасат-пайымы. Бүгінде Еуразияның ең бай да бірегей мәдениетінің қатарына қазақ мәдениетінің де кіргені біз үшін үлкен мақтаныш. Дана халқымыз «Өнер – ұлттың жаны» деп бекер түстемесе керек. Өркениетті ұлт, ең алдымен, тарихымен, өнерімен, әлемдік мәдениеттің алтын қорына қосқан үлесімен танылып, бағаланады. Осы орайда өркениетті ұлт ретінде танылуда өзіндік үлес қосып жүрген ауданның тумасы Қарақат Ғаниқызы кеше ғана Грузияның Кутауиси қаласында өткен халықаралық жарыста топ жарды.
Жаңаталап ауылдық клубы жанынан құралған «Домбыра» үйірмесінің мүшесі, аудандық облыстық, республикалық байқаулардың бірнеше дүркін жүлдегері, жерлесіміз осы жолы тек ауданның емес, елдің абыройын асқақтатып, жүлделі орынмен оралды.
– Ең алғаш өнер саласына қадам басуым мектеп қабырғасынан бастау алған болатын. Ал қызығушылығым сол кішкентайымнан атамның «белгілі әнші Қарақат Әбілдина секілді боласың» деп дем беруінен басталды. Осылайша оқушы кезімнен ауылдық клубта «Домбыра» үйірмесінде Қасым Айтпенбетов ұстазымнан тәлім алдым. Ал қазіргі уақытта «Қазанғап» атындағы Қызылорда музыкалық жоғары колледжінде білім алып жатырмын. Осында келгелі жаңа дәрежеге ауыстым десем де болады. Себебі домбыра мен жыр өнерін қатар алып жүрмін. Ол қадамым оңынан басталып, жақында ғана Грузия елінде өткен халықаралық байқауда намысты қолдан бермедім, – дейді Қарақат.
Байқауда кейіпкеріміз өз туындысындағы екі керемет шығарманы дайындаған. Бірі Жалағаш ауданының тумасы, ақын Асқар Қожахметовтің «Қош болып тұр, Қазақстан аймағым» атты термесі болса, екіншісі халық әні «Ақерке» әнін орындаған.
Одан бөлек жыршы қызымыз ХVІ республикалық студенттік пәндік Кіші олимпиадасында «Жыршылар» номинациясы бойынша ІІІ орын, Мәдениет қайраткері, жыршы-термеші Жұмабек Аққұловтың 80 жылдық мерейтойына орай еткен «Жыр ғұмыр» атты облыстык жыршы-термешілер байқауынан ІІ орын, «Текті сөздің төресін – терме» атты облыстық жыршы-термешілер байқауынан І орын иеленген.
Айта берсек, Қарақаттың жетістігі көп, оны 4 жасынан бастап-ақ өнер саласында жүруімен байланыстырады. Ал жыр өнеріне келгеніне 3 жыл болған. Бұл салада да биіктерден көрініп, ел намысын қорғап жүргенін алғашқы ұстазы Бисенбек Төлеубаевтың еңбегімен байланыстырады.
– «Адамдарға мәдениетті таяқпен болса да үйретуіміз керек, әйтпесе күйрейміз» демекші, мәдениет – елдігіміздің, егемендігіміздің белгісі. Ал оны әрдайым сақтап, болашақ ұрпаққа жеткізу – біздің міндетіміз. Мәдениеттің ішіндегі ойып тұрып орын алатыны – әрине, өнер. Біз де сол өнер мәдениетіне өз үлесін қосып жүрген жыраулармыз. Жас та болса Қарақат өнер саласында өз ізін қалдыруда. Еліміздің байрағын желбіретіп, мәдениетімізді әлемнің түкпір-түкпіріне жырлары арқылы жеткізуде. Қазір біз «Жиенбай» жыраулық мектебін қалыптастыруға бар күшімізді салудамыз. Сол мектептің басы да міне, осы Қарақаттан басталуда. Ол колледжге келген уақыттан бастап еңбекқорлығымен көзге түскен шәкіртімнің бірі. Әлі де болса болашағынан көп үміт күттіретін қыз, – дейді ұстазы Бисенбек Төлеубаев.
Соңғы уақытта аудан мәдениеті тың серпінмен дамып келеді. Ол әрине, тек мәдениет саласындағы жетістіктер мәдениет мекемелерінің жұмыстарымен, статистикалық сандық көрсеткіштерімен және белгілі есімдердің болуымен ғана өлшенбейді. Бүгінгі күні мәдениет тұлғаның рухани-эстетикалық дамуының, жалпыұлттық бірлікті қалыптастырудың және елді әлемдік қоғамдастыққа ықпалдастырудың қуатты құралы болуы тиіс. Міне, бүгінгі кейіпкеріміздің де бойынан осы қасиеттер көрініп-ақ тұр. Сондай-ақ өнер атты өлкеге қадам басқан жас мамандар белгілі қоғам қайраткері Ілияс Омаровтың «Мәдениет – халықтың ең үлкен рухани азығы. Бұл салаға кез келген жан келе бермейді, халыққа мәдени қызмет көрсететін маманның өзі мәдениет пен білімді кемел игерген адам болуы тиіс. Жеңіл ойлы адамға жұмысы оңай көрінетін бұл салаға қызығып келушілердің ұзақ уақыт тұрақтап қалуы сирек құбылыс. Осы саланың ыстығына күйіп, суығына тоңуға шыдауға әзір адамдар ғана мәдениет пен өнерді көркейтуге өз үлесін қоса алады» деген сөзін қаперден шығармағаны абзал.
Ақнұр АЛТЫНБЕК
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!