Аудан әкімі Ардақ Ибраимовтың қатысуымен «Ұрпақ тәрбиесі – ұлт болашағы» атты форум өтті. Форумды аудан прокуроры Шыңғыс Есжанов жүргізді. Форумның басты мақсаты – құқықтық тәртіпті сақтау, құқық бұзушылықтың алдын алу, халықтың құқықтық сауатын арттыру, құқық қорғау органдарының қоғаммен бірлескен тиімді жұмысын нығайту мен қоғамдық қауіпсіздікті күшейтуге қажетті ортақ пікірді қалыптастыру.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жақында ғана республикалық «Ана тілі» газетіне берген сұқбатында «Жастарымыз халқымыздың болмысына жат идеялардың жетегінде кетпесе, күйзеліске түспесе, нигилизмге бой алдырмаса екен деп тілеймін. Олардың белсенді, тәртіпті, білімпаз, еңбекқор болғанын қалаймын» деп жастар арасындағы зиянды әдеттерге айрықша тоқталып өткен болатын.
Жасыратыны жоқ, қазіргі таңда жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу қоғам алдында тұрған басты міндеттердің бірі. Оның ішінде құқықтық сауаттылығын арттыру, заңсыз іс-әрекеттер жасаудан қорғау, заңға бағынушы азамат ретінде тәлім – тәрбие беру заман талабы. Елімізде құқық қорғау органдарының тиімді жұмысының нәтижесінде соңғы 5 жылда құқық бұзушылықтардың саны 30 пайызға азайды. Десе де, бұл әлі азайтуды қажет ететін маңызды көрсеткіш. Сондықтан да ауданымызда тұрақтылықты сақтау және әртүрлі бұзушылықтарды болдырмау бағытында барлық деңгейдегі құқық қорғау органдарының басшыларымен бірге ауқымды жиындар, түрлі кездесулер мен ашық қабылдаулар өткізіп келеді.
Өздеріңіз білетіндей, Мемлекет басшысы 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялады. Ендігі кезекте, техникалық және кәсіптік білім беру ең маңызды мәселеге айналары сөзсіз. Өйткені, экономиканы өркендетуде білікті мамандардың қажеттілігі артады. Ауданда қазіргі еңбек нарығына қажетті мамандықтар атласы жоспарланып, ауыл шаруашылығы, қызмет көрсету, тау – кен өндірісі, техникалық мамандық пен ІТ саласы бойынша әлеуеті зор мамандықтарға бағытталады.
– Ел Президентінің 2025 жылы 9 сыныпты бітірушілердің жұмысшы және орта буын мамандықтары бойынша білім алуына ниетті жастарды 100 пайыз тегін кәсіптік біліммен қамту тапсырмасына орай ауқымды жұмыстар ұйымдастырылуда. Жұмысшы мамандықтарға байланысты білім беру ұйымдарында онкүндік шаралар ұйымдастырылуда. Колледжге жұмысшы мамандықтарға гранттар берілуде. Осылайша, жұмысшы мамандықтарды дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маманды қалыптастыра аламыз. Жыл қорытындысымен аймағымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуында оң тенденция қалыптасып, оның ішінде білім саласына қомақты қолдау көрсетіліп отыр, – дейді аудан әкімі Ардақ Ибраимов.
Айта кетейік, 2022 жылы «Балалар жылы» аясында 200 орындық Оқушылар Үйі мен 50 орындық Өнер мектебі пайдалануға берілді. Сонымен қатар, «Ауыл ел бесігі» жобасы аясында 428,9 млн. теңге бөлініп, Бұқарбай батыр ауылындағы №33 орта мектептің күрделі жөндеу жұмыстары, облыстық бюджеттен 78,0 млн. теңге бөлініп Таң ауылындағы №118 орта мектеп аумағын абаттандыру жұмыстары жүргізілді. «Қазақстан халқына» қоры есебінен 250 млн теңге қаржы бөлініп, кент орталығында орналасқан №201 мектеп-лицейінің материалдық-техникалық базасын жаңарту және педагогтарды оқыту жұмыстары жүргізілген.
Қай қоғамда болмасын, қашанда ұрпақ тәрбиесі – өте өзекті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан қаласында өткен Ұлттық құрылтай отырысында өскелең ұрпақтың тәрбиесі – өте маңызды мәселе екенін айтып, кеңінен тоқталған болатын. Президентіміз Ұлттық құрылтайда «Ұрпақ тәрбиесіне ықпал ететін шараларға баса мән беруіміз керек. Бұл салада кемшіліктер көп екені жасырын емес. Мектептегі тәрбие жұмысы ақсап тұр. Соңғы кезде оқушылардың бір-біріне қысым, зорлық-зомбылық, әлімжеттік көрсетуі жиі болып кетті. Кейде балалардың қатыгездігі жан түршіктіреді» – деген болатын.
Расында, бұндай жағдайлар соңғы уақыттарда біздің ауданымызда да орын алуда. Бұған дейін білім саласына және тәрбиеге қатысты бірнеше рет өткен кеңейтілген мәжілістерде өзекті мәселелер талқыланып, тиісті шараларды қабылдау бойынша нақты тапсырмалар берілді. Мемлекет басшысы: «Мектеп – білімнің ғана емес, тәлім-тәрбиенің ордасы. Баланың бойына біліммен қатар адамгершілік құндылықтарды сіңіру – ұстаздың міндеті. Осыған орай балабақшадағы және мектептегі тәрбие ісіне бәріміз қоғам болып мән беруіміз керек, сондай-ақ белсене атсалысуымыз қажет» – деген болатын.
Қай заманда болмасын қоғамның қозғаушы күші – жастар. Жастардың сапалы білім алып өз ісінің маманы болуы тек жеке адамдардың ғана емес, тұтас елдің мерейі. Форум соңында оқушылардың тұщымды пікірлері тыңдалып, көкейтесті сұрақтарына жауап берілді.
Ақтоты БҮРКІТБАЙ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!