Ұсталықты бұрын бабаларымыз кие тұтыпты және бір жағынан күнкөріс көзі санапты. Осы киелі өнер қазіргі күні де өз қадірін жоғалтқан жоқ және кәсіпшілік қызметін де атқарып келеді. Жаңаталап ауылының тұрғыны Ғалым Әбжаппарұлының есімі бүгінде аймаққа таныс. Ғалым ағамыздың әкесі Әбжаппар да темірден түйін түйіп, ағашқа бедер салған әйгілі ұста және қыз-келіншектерге, сал-серілерге әшекей соғатын зергер болыпты. Ғалым ұстаның айтуынша, Әбжаппар әкемізді жас шағында Сыр еліне сонау Арқадан арнайы келіп, қолқалап алып кетеді екен. Ұста сол жақта айлап жатып, ұзатылатын қыздардың жасауына қосатын сырға, сақина, білезік, шашбау, шолпы және басқа да әшекей бұйымдарын жасайды екен. Әрине тегін істемейді, еңбекақысына Арқадан Сырға үйірлі жылқы айдап қайтатын көрінеді.
Осы Әбжаппар ұста соғыс жылдарындағы тылдағы еңбек армиясына алынады. Соғыс жүріп жатқан кезде тәртіп қатал. Еңбек армиясында болғандар таңнан кешке дейін майдан даласындағы жауынгерлер үшін тынымсыз жұмыс істейді және өз еркінен тыс, Отаны үшін, елі үшін, отбасының амандығы үшін аянбайды. Оларға күнделікті беретін ас-судың мөлшері қарынға жұғын болмайды. Арғы бетінен күн көрінетін бір жапырақ жұқа қара нан ер адамның ұлыған қарынын жұбата ма?! Әбжаппар ұстаның қасында ауылдан бір-екі адам болыпты және барлығы бір барақта жатады. Қара су мен бір жапырақ нанды қорек қылғандардың әл-дәрмендері қалмай, күн өткен сайын әлсірей береді. Әбден ашыққан Әбжаппар әкеміздің қасындағы бір кісі барақ аспаздарының қоқысқа әкеліп төгіп жатқан картоптың қабығын уыстап алып аузына енді салайын дегенде ұста оның қолынан шап беріп ұстап, «Барға да, жоққа да сабыр қылайық. Сәл шыда! Қарынымыз майланатын күн алыс емес» дейді жұбатып.
Айтқанындай, бір күні барақтың алдына жүк тиеген арба тоқтайды. Үстіндегі азық-түлік салынған қап, қораптарын қоймаға түсіріп тастап, орнынан қозғала бергенде әлгі арбаның бір дөңгелегі қиқаң етіп қисайып, сол жерде шоңқияды да қалады. Арбакеш пен әскери киімді адам арбаны екі-үш рет айналып қарап шығып, бастарын шайқайды. Сол жердегі біреуді барақтың басшылығына жүгіртеді. Сәлден соң әлгі кеткен шабарман екі-үш адамды ерітіп алып келеді. Олар сол жердің ұста-шеберлері екен. Келе сала арбаның сынған жағын тас тіреп жерден көтеріп, дереу жөндеуге кіріседі. Алайда бір-екі сағат бойы шұқылап, ештеңе бітіре алмайды. Сонда манадан сырттай бақылап тұрған ауылдағы соқа-сайманның барлығын қолдан соғып жүрген Әбжаппар әкеміз әлгілердің жанына жақындайды. Бар білетін орысшасымен «бұл арбаның сынған тетігін қалай істеу керектігін мен білемін» дейді. Амалы құрып тұрған орыстар жүзі күреңіткен дала қазағына аса сенбесе де «онда істеп көр» дейді менсінбеген әрі дүдәмал кейіпте. Тіпті «қолына мал айдайтын шыбықтан басқа ештеңе ұстамаған малшы қазақ темірдің тілін қайдан білсін» дегенді айтпай-ақ ұқтырған кекесінді күлкілер де шығады. Бірақ ұста қазақ оны елемеген болып, білегін сыбанып іске кіріседі.
Сынып кеткен доңғалақтың тегершігі екен. Арбаның сынған бөлшегін лезде босатып алып, төс секілді темірге салып түзетіп, добалбас шегемен қайта бекітіп, доңғалақты орнына келтіреді және сол жұмыстың барлығын арнайы құрал-саймансыз жасайды. Орыстар риза болып, ұста қазақты еңбек лагерінің шаруашылық базасына шебер етіп қояды. Содан соғыс аяқталғанша Әбжаппар әкеміз сол жердегі ескі техникаларды тексеріп, сынып бүлінген бөлшектерін жөндейді. Күнделікті ішіп-жемі де молаяды, киімі де бүтінделеді. Бірақ ұста ол тамақты бір өзі жемей әлгі қасындағы ашыққан жолдастарына бөліп беріп жүріп, оларды өлімнен сақтап қалады. Кейін бейбіт заман орнағанда Әбжаппар әкеміз «менің бойымдағы құдайдың берген ұсталық өнері өзімді және қаншама адамды ажалдан аман алып қалды. Ұсталық сонысымен де киелі шығар, мүмкін» деп отырады екен.
Әбжаппар әкеміз дүниеден өткен соң киелі ұста дүкеніне балалары Әбдікәрім мен Ғалым ие болды. Бүгінде Әбдікәрім ағамыз да бақилық болған. Бірақ Әбідкәрім ұста соққан кетпендер Жаңаталап, Мақпалкөл, Мәдениет, Аққыр ауылдарындағы диқандардың қолында әлі күнге дейін жүр. Бүгінде әкенің ұсталық қасиеті дарыған Ғалым Әбжаппарұлы ұсталық өнердің қыр-сырын әбден меңгерген. Әкеден мұра болып қалған ескі құрал-саймандар ауласындағы дүкеннің төрінде ілініп тұр. Әсіресе ғасырға жуық тарихы бар көріктің жасалуы ерекше. Бүйірі ісіп-кеуіп отта тұрған талай темірді пісірген бұл ұста құралын Әбдіжаппар әкеміздің өзі жасапты. Қанша жыл өтсе де бүйірі бүлінбей жақсы сақталған. Бұдан ұста мүлкінің сапасын және ұрпағының әке мұрасына ыждағаттылығын, аманатына адалдығын аңғарасың. Ғалым ұста әкеден қалған төстемірді де киелі санайды. Төстің үстіне адам отырғызбайтыны сондықтан екен.
Ғалым Әбжаппарұлы – бүгінде ауыл-аймаққа ең керек адам. Ол кісіні іздейтіндер көп. Ауылдағы тұрмыста тұтынатын мүліктердің көбі осы кісінің қолынан шыққан. Әсіресе егін шаруашылығымен айналысатын ауылдар темірдің тілін білетін ұстаға зәру. Ауыр жұмыстарға жегіліп, үнемі қозғалыста жүрген соң жаңа техниканың өзі де ескіреді. Тұла бойындағы темір тетіктері сынып, істен шығады. Ал ондай кездерде мүлдем тоқтап қалмағанымен, жұмыс қарқыны төмендейді. Мұндайда әрине жерге тастаған бір түйір дәнінен мол өнім күтіп, көктем мен жаздың әр сәтін тиімді пайдаланып қалғысы келетін шаруа қиналып қалады. Тұрып қалған техниканың бойындағы ақауды жөндеу үшін Ғалым ағамыздың көмегіне жүгінеді.
Адам сүйегінің зақымдалып, сынған жерін саусағымен сипап тауып, орнына түсіретін сынықшылар секілді ұсталар да темірдің тілін біледі, қай тұсынан иіліп, қай тұсынан морт сынатынын және қалай жалғанып, жөнделетінін үйренген. Бүгінгі мақаламыздың кейіпкері Ғалым ағамызды да «темірдің тамыршысы» деп атауға болады.
Былтырғы көктем айларынан бастап аяқ су тапшылығы сезіле бастады. Нақ егіске керек кезде Сырдың суы сирақтан келіп тартылып қалды. Бұл жағдай әсіресе егін шаруашылығымен айналысып отырған диқандарға ауыр тиді. Ғалым ағамыз да жылда бірнеше гектар алқапқа тұқым себеді. Күріш – суда тұрып пісетін дақыл. Бірақ шілдеге жетпей аяқ су арнасы құрғап қалатын сияқты. Ойлана келе Ғалым ұста сусорғыш агрегат құрастырып шығарады.
– Бұл құрылғының құрылысы қарапайым болғанымен, трактордың артына орнатып алып, кез келген жерден су тартып, егістікке апаруға өте ыңғайлы. Әсіресе коллекторлардағы босқа кетіп жатқан қашыртқы сулармен бақшалықтағы майда дақылдарды әбден қандырып суаруға жарайды, – дейді ұста.
Расында құрылғының маторы қуатты, жоғары қысыммен су айдайды және арыны да күшті. Кез келген ауыл шаруашылығы техникасына тіркеп алып жүре беретін көшпелі құрылғыны көптеп жасап, егін шаруашылығында пайдаланса, егістің өнімді болуына септігін тигізері анық. Бірақ Ғалым ағамыз алдағы уақытта бұл құрылғыны әлі де жетілдіре түсетінін айтады.
Қуат АХЕТОВ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!